Дана жұртымызда «Туған жерге туыңды тік!» деген нақыл сөз бар. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті.
Ал туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады.
Бес арыс Тұяқтының бір баласы Досан аталығынан шыққан Нұрет абыз төрт түлік малдың ішінде қой мен ешкіні өсіруге барынша көңіл бөлген деседі.
Оның басты сыры, Айдарлы мен Жетікөлдің оңтүстік бетіндегі ескі Асанас қаласы маңындағы Ақтөбе қорғанын салдырғанда осы ешкінің қылын арқан етіп естіріп, кесек арасына қосып өргізген көрінеді. Бұл жайында біздің бала кезімізде 96 жастағы ауыл қариясы, марқұм Омар Өсербайұлы көкеміз бізге айтып берген болатын. Баламыз, көпті көрген қарияның әңгімесін қызыға тыңдаушы едік.
...Жау қаланы қоршап алып, биік дуалды құлатуға тырысады. Сонда қорған қабырғалары соған шыдас берген. Дуалды атқылағанда қабырғада қосылып өрілген ешкі қылы мен түбіті кері теуіп, оңайлықпен қабырғасы қақырамаған, сөгілмеген, мүжілмеген. Ол кездің дуалы қазіргідей бір жарым кесектен өрілген емес, қалың жұмбаз кесектен қойылған. Ол кезеңдегі адамдар көбіне жерді бір жарым метр етіп қазып, қақыра үй тұрғызатын болған. Жертөледен сәл өзгешелеу болған. Ал әулие, ғұлама, сыйлы адамдарға арнап мешіт пен мавзолей салғанда оның іргесі астына жерді екі немесе он бес метр тереңдікте қазып, қамыс салып барып өрген. «Онда жаңбыр мен қар суы үйдің астына қамыс арқылы сіңіп кететінін ертеден білген» дейтін Омар көкеміз.
Ешкі қылы – қазіргі арматура орнына пайдаланылған. Екіншіден, қой мен ешкінің түбіт жүнін кесек құйғанда арасына қосқан. Оның сыры тереңде екені байқалады. Жау қорғанды қоршап алып, садақ оғының ұшына от байлап, ішке атқылағанда жебенің үшкір ұшы дуалға қадалмай, кері кетіп жерге түсіп қала берген көрінеді. Оның құпия сыры бар. Кесекке қосылған түбіт жүні садақ оғын дарытпай кері серпіліс береді екен.
Омар қарттың айтуынша, Ақтөбе мен Көктөбе – Асанас қаласының бас қорғанысы болған көрінеді. Заманында Ақтөбе жақтан жоңғарлар, Көктөбе жақтан қалмақтар жиі шабуылдаған деседі. Сол кезеңде Асанас шаһары мен Ақтөбе мекенінде тұрғындар өте көп болған. Өйткені оның маңында қару-жарақ жасайтын, кесек күйдіретін, ыдыс-аяқ шығаратын және басқа да өнім өндіретін бас-аяғы жеті зауыт жұмыс істеген. Ол жердің «Жеті зауыт» атануы да сондықтан. Жергілікті ағайындар осы жерді жаудан қорғай отырып, тіршілік тінін жалғай түсіп, егін салып, төрт түлігін түлеткен. Осы Ақтөбе, Көктөбе бекіністері арқылы жаудың қай жақтан келе жатқанын аңдап, соған қарай қорғанысын күшейтіп, бетін қайтарып отырған деседі.
Нұрет абыз – соғыс әдіс-тәсілін жете меңгерген. Сондықтан ол Ақтөбе мен Көктөбенің биік төбесінің үстін қаңбақ шөппен жаптырып, соның арасына айна қойдырып, көзге түспес үшін жоғарыға ешкімді шығармай, төменнен бақылатып отырған деседі. Екінші жағынан айнала телегей теңіздей шалқып дария суы алып жатқан көрінеді.
Бір күні биік төбе басындағы қалың шөптен сезіктенген Жошыхан жауынгерлері от қойып жібереді. От қаулап біраз жерге дейін жанып барып сөніп қалады. Етектен әрі аспаған отқа қайран қалған Жошы сарбаз онбасын көріп келуге бұйрық етеді. Содан төбенің етегінен әрі аспай ол тез бері қайтады. Төбе етегіндегі желімдей жабысқан сары саздан өту мүмкін еместігін айтады. Шынында да, Ақтөбенің сары сазы қыш кесектен де мықты, әрі қатты. Көктемде су алып кеткенде ол жерге барған мал кері шықпай, батпаққа батып өлетіндігін жергілікті халық жақсы біледі. Негізі қорған салудың да себебі осыдан болу керек. Бабаларымыз жер мен мал жайын өте жақсы білгендігі анық.
Сол су алып, сары сазы желімдей жабысып жібермейтін төбе етегінде, қазылған жер болған. Оның ішіндегі сарбаздар тік жүргенде төбесі көрінбейді екен. Ал бұл орынның іргесіне жыңғыл мен сексеуіл салып, үстін топырақпен бастырып, арасынан адам қарайтын тесік қалдырып отырған. Себебі, қоршаған жауды сол жерден садақпен ататын болған. Міне, дала батыры Нұрет абыз осындай әскери әдіс-тәсіл арқылы жауға тойтарыс береді.
Ғылыми зерттеулерде Жошы әскері 1219 жылы Сыр бойындағы көптеген қалалармен бірге Асанас қаласын да қиратып кеткен деген пікірлер айтады. Ал саяхатшы-зерттеуші В.Каллаур Асанас қаласының орнын 1899 жылы көзімен көргенімен, оған зерттеулер жүргізбеген.
В.Каллаурдың айтуынша, Асанас қаласы Сырдың сол жақ бетіндегі Ақарық каналының төменгі жағында орналасқан. Алайда, оны Бірқазан бекетіне дейін жақындатып қояды. Негізінде Асанас қаласы Ақтөбе қорғаны болған екен оны ауылдың көнекөз қариялары жиі айтатын. Сырдариядан суырыла шығып аққан Сеңгірте өзені Қызылқұм жаққа қарай ағып, аяғы құмға сіңіп кететін болған. Бір заманда ел айналасы топан судан көрінбеген кезеңде, Сеңгірте өзені Асанас өзегі арқылы Терісөзек пен Желқазған, Қаражыңғыл өзектерімен Иіркөлге құйып, Зіңкетер үстімен дарияға қайта кері оралған дегенді де ауыл үлкендері айтып отыратынын талай естігенім бар.
Нұрет абыздың ұрпақтары – Амандық, Байтемір, Шынтемір, Төлебай, Кенжебай жаугершілік заманда ел қорғаны болып, абыз жолын жалғастырған. Ақтөбе мен Көктөбе маңын ертеректе жаудың бетінде, желдің өтінде жүріп қорғаған ер жүрек баһадүрлер ешқашан ұмытылмайды. Ұзан даланы жаудан қорғағаны олар жайында тарихи зерттеулерде көп айтылады.
Біз бала кезімізде атпен мал іздеп барып Ақтөбе қорғаны төбесіне үстіне талай шыққанымыз бар. Сондай шақта көне құмыралардың, әртүрлі ыдыстардың бөлшектерінің сынып жатқанын өз көзімізбен көруші едік. Ақтөбе қорғаны төбесінде үңгір болатын. Кейіннен ол маңға шаруашылықтар егін егіп, ескі, көне іздер бұзылып кетті.
Көне Жанкент шаһарымен тұспалдас келетін Ақтөбе қорғаны сонау Жошыхан жорығын, Бұқар, Хиуа, Қоқан, Жоңғар, Қарақалпақ жаугершілігін басынан өткерген. Сол үңгір арқылы жаудың келе жатқанын қорған ішіне жеткізіп отырған. Ауыл үлкендері марқұм Сахаба, Меңліқожа, Махмуд, Сейітмұрат, Жүсіп қожа көкелер осы жайында бізге көп деректер айтқаны есімде.