Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Тұлғалар жерленген қасиетті мекендер

Қазақ елінің ұлы рухын көтеру үшін оның тарихын білу бізге парыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт тарихы өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың бастау бұлағы» деген ұлағатты сөзі бізге бағдаршам болуы керек.
Иә, Отан тарихы өлке тарихынан бастау алады. Адамзат өркениетінің туып-қалыптасуына негіз болған Еуразия даласындағы «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінің дамуы мен өркендеуіне осында өмір сүрген сақ тайпалары және оның көсемдері Томирис, Спаргапсис, Скунха, Спитамен, одан кейінгі заманда Қаңлы мемлекеті (Кангюй), Оғыз мемлекеті, Қыпшақ хандығы, Ақ Орда мемлекеті, оның астанасы Сығанақ септесті .
Ақ Орданың хандары Шымтай, Ұрыс (Орыс), Барақ және т.б. одан кейінгі Қазақ хандығы кезеңі де осы Сыр өңірінің тарихымен байланыс­ты.
Сыр өңірінің табиғаты қандай бай болса, оның тарихы да соншалықты бай. Бүгінгі бұл мекен жерінде сонау тас дәуірінің жәдігерлері осы өлкенің өзіндік өркениеті болғанының дәлелі. Аталған өңірде Шірік–Рабат, Жанкент, Жент, Сауран, Сығанақ, Құмиян, Аққорған, Өзгент және т.б. қалалардың болуы, бұған қоса ерте феодалдық мемлекеттердің орталығы  болғаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Бүкіл әлемге белгілі данышпан, музыкант, философ Қорқыт бабаның Сыр бойында дүниеге келуі де және оның өлімі де қасиетті топырақта бекер болған жоқ. Қорқыт бабаның ұрпақтары бұл киелі мекенді: «Сыр елі –  жыр елі!» - деген атау бұйырғызды.
Сыр өңірін жоңғарлардың, құба-қал­мақтардың, Хиуа, Қоқан хандықтарының Бұқар әмірлігінің, Ресей империясының бас­қын­шылығынан қорғаған Келмембет, «Құйысқансыз» атанған Қожамберді батыр, Жалаңтөс баһадүр, «Бақсайыс» атанған Сайт Камалладдин батыр, Әйтеке би Сәлтеке батыр әрі би Мәметекұлы, Жолай батыр, Баймұрат батыр әрі би Байбөріұлы, Ер Көшек батыр, Жанқожа батыр, батыр  Уәлі би Итенұлы, Пірәлі би атты батыр-билердің, осы өңірде хандық құрған көшпелі қазақ-өзбек хандығының ханы Әбілқайырдың, Қазақ хандығының хандары Әбілқайыр, Ералы, Қайып ханның баласы Батыр хан, Сыр өңірінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында хандық құрған Арынғазы хан, ХІХ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Елікей хан,  елді имандылыққа шақырған Хорасан ата, Оқшы ата, Есабыз ата, Қарасопы әулие, Қармақшы әулие, Мүсірәлі Әзиз әулие, Қосым қожа әулие, Жапырақшы әулие, Ораз ахун, Алдашбай ахун, Айқожа ишан, Марал ишан, Қалқай ишан, Қалжан ахун, Садық ахун, Қамыс әулие, «Алтынқожа» атанған Ахметбек ишан, Жүсіп қажы Базаралыұлы сынды қайраткерлердің ғұмырлары ел тарихымен тікелей байланысты. Өйткені, олар осы Сыр өңірінің тумалары және осы қасиетті өңірде жерленген. Осындай дана, ардақты бабаларымыздың өмірі, елге жасаған игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны ақиқат.
Сыр бойынан шыққан тарихи тұлғалардың бір ерекшелігі, бұл өңірде батырлардың көп болғанында. Мысалы Сыр бойы батырлары ең алғашқы болып Ресей империясының отарлау саясатына қарсы шыққанын мақтан етеміз. Тарихқа үңілсек, 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханға келген Ресейдің елшісі, дипломат, шоқынған қазақ М.Тевкелевтің орыс­пен достық одаққа шақыруына түбегейлі қарсы болған осы Сыр өңірінің батырлары мен билері. Олар – Баймұрат батыр Байбөріұлы (1690-1759), ағайынды шекті Қожас әулиенің балалары Бәби батыр, Сырлыбай батыр және Байғара батыр. Осылай, Ресей империясы отаршылдығының жаманшылығынан жиреніп, жақсысынан үйреніп келген Сыр өңірінің ержүрек халқы басына түскен қиын заманда да өзінің ұлттық кодынан айрылмай келді.
Сыр өңірінде көне және ортағасырлық қорым-пантеондарда біраз белгілі кісілер жерленген.
Мәселең, Қармақшы ауданының Шірік-Рабат қаласындағы қорымда сақ көсемдері жерленген. Өкініштісі ол бабаларымыздың есімдерін білу қиын. Қармақшы ауданының Қорқыт баба қорымында әлемге белгілі Қорқыт баба, Қаракесек тайпасының ұранға шыққан батыры ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Ақпан батыр, табын тайпасынан шыққан Сәрке батыр,  ХІХ ғасырда өмір сүрген табын Өмірбай би, табын Байқадам батыр, ХІХ ғасырда өмір сүрген алтын батыр Уәлі би (1798-1881), алтын Байзақ би (1867-1943), алтын Топышбай сері және т.б. жерленген. Шиелі ауданындағы Оқшы Ата қорымында батыр, әулие Оқшы Ата, Ес абыз, Ғайып ата, Қыш ата, Асан қайғы, Досбол би, Бала би  сынды бабаларымыз жерленген. Жалағаш ауданындағы Үйғарақта 60 абыз әйел жерленген киелі жер болса, осы ауданда орналасқан Жент қаласында ХІ ғасырда өмір сүрген оғыздың қынық тайпасынан шыққан әйгілі Салжүк (Селжүк) қолбасшы (960-1038) жерленген. Селжүктің ұрпақтары жарты әлемді бағындырған сұлтандар болады.  Сонымен бірге Жаңақорған ауданындағы Төлегетай-Қылышты Ата қорымында билер мен батырлар жатыр. Хорасан ата қорымында әулие Хисаммиддин ата, ХVІ ғасырда өмір сүрген атақты баһадүр  қоңырат «құйысқансыз»  атанған Қожамберді батыр, ХVІІ ғасырда өмір сүрген қыпшақ Қожамсүгір батыр, қыпшақ «Көкмұрын» атанған Құдайменді батыр, ХVІІ ғасырда өмір сүрген қыпшақ «Шашты» атанған Кенжеғұл ата және т.б. жерленген.  Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қаласында Ақ Орда хандары жерленген киелі жер. Мысалы Ерзен хан, Ұрыс хан (Орыс хан), Қойыршақ хан, Барақ хан және т.б.  Жаңақорған ауданындағы  Сығанақтан 8 шақырым жерде орналасқан Көккесене қорымында қоңырат Алпамыс батырдың жұбайы Гүлбаршын сұлу, қазақ-өзбек хандығының ханы Әбілқайыр хан жерленген. Жаңақорған ауданындағы  Сауран қаласында ХVІ ғасырда өмір сүрген найман тайпасының ұранға шыққан батыры Қаптағай батыр Матай батырдың ұлы жерленген. Жаңақорған ауданындағы  көне Аққорған қалашығының маңайында әулиелер мен батырлар жерленген. Олар ХVІІ ғасырда өмір сүрген батыр, әулие Қарашайық,  ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қожа Төлек батыр, ХІХ ғасырда өмір сүрген қоңырат Көкен батыр және т.б.
Қармақшы ауданындағы Марал ишан қорымында 40 ишан, қалпелер жерленген киелі жер. Қармақшы ауданындағы Қарақ тауында атақты билер мен батырлар жерленген. Мысалы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген шөмекейден шыққан әулие Жәрімбет би Солтанұлы, ХІХ ғасырда өмір сүрген шөмекей Қожеке батыр, Қарақ батыр және т.б. Сырдария ауданындағы Қожжан қожа қорымында әулие мен батырлар жерленген қасиетті жер. Олар – Қожжан қожа, Қылыш қожа, «Көтімылтық» атанған Пірзада қожа, Бақмұхаммед қожа, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Сейіт батыр және т.б.
Қазалы ауданындағы  Қызылқұмдағы Жанқожа батыр қорымында жерленген Жанқожа батыр, жақайым шекті Қызылбас батыр, шекті «тентек Сары» атанған Сары батыр және т.б. жерленген.
Сыр өңірі өзінің әдемі ландшафтымен тарихи-мәдени мұраларының молдығымен киелі екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Қазақстан Республикасының Алғашқы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Сыр – Алаштың анасы» деп атауы осындай қасиетті өлкеге орынды баға деп білеміз.
 
    Бақытжан АХМЕТБЕК
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: