Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Жаңадария бойындағы ортағасырлық қалалар

ІХ-ХІІ ғ. жататын қала типіндегі қоныстардың үшінші тобы Жаңадария бассейнінде орналасқан. Олардың кейбірі ХІV–XV ғ. дейін өмір сүреді. 
Жаңадария бойындағы ескерткіштердің көпшілікке белгілісі — Женд қаласы. Ол Жаңадарияның оң жағалауында орналасқан. 1946 жылы бұл ескерткіш Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы тарапынан зерттеледі. Х ғ. өмір сүрген белгісіз автордың «Худуд әл-Алам» атты еңбегінде Женд оғыз қалаларының бірі ретінде сипатталады. Кейбір деректерде Женд ХІ ғ. ІІ жартысынан бастап Хорезм мемлекетінің шығысындағы шеткі бекіністердің бірі ретінде сипаттала бастайды. Женд Х-ХІ ғғ. хорезм-оғыз қарым-қатынастарының тарихында және Селжұқтар династиясының алғашқы көтерілу кезеңінде үлкен рөл атқарса, ХІІ ғ. бастап Хорезмге бағынышты аймақтың орталығы болады. Селжұқтардың Женд аймағына қоныстануы туралы деректер ХІ ғ. белгісіз автордың «Малик-наме» атты шығармасында кездеседі. Ибн әл-Асирдің хабарлауы бойынша 1065 жылы Шағры-бек Дауттің ұлы Селжұқ сұлтаны Алп Арслан Жендке жорық жасап, Женд соғыссыз беріледі. Ануштегиндер династиясынан шыққан хорезмшах Атсыздың ХІІ ғ. Жендті жаулап алуы туралы Жувейни хабарлайды. Оның айтуынша, Атсыз Жендке үлкен мән берген. Селжұқ сұлтаны Санжарға бағынышты бола тұра, ол 1137 жылы Жендті иемденіп, одан бөлініп кетеді. 1138 жылы Хазарасп түбіндегі шайқаста Атсыз Санжар сұлтаннан жеңіледі. Осылайша, ол біраз уақытқа Жендтен айырылып қалады. 1138–1152 жж. аралығында Женд аймағы қараханидтер иелігіне қарайды Жендтің әмірі болып қараханид Алп Арсланның баласы Кемал-ад-дин отырады. Атсыз Женд билеушісімен исламды қабылдамаған қыпшақтардың орталығы Сығанаққа жорық жасау үшін одақтасады. 1152 жылы Атсыз Жендті қайтадан жаулап алады да, оның билеушісі етіп өзінің үлкен ұлы Абдул-Фатх-иль-Арсланды қояды. Кейірінек, Жендті хорезмшах Текеш, одан кейін оның баласы Мәлік шах басқарады. ХІІ ғ. соңында Женд қыпшақтардың билігіне көшеді. 1193 жылы Жендтің билеушісі болып Қайыр Түке ханның жиені Алп Дерек отырады. ХІ ғ. бастап монғол шапқыншылығына дейінгі аралықта Жендтің маңызды болғаны соншалық, кейде Арал теңізін «Женд теңізі» деп те атаған. Аралдың бұлайша аталуы ортағасырлық автор Ибн-Наджиб-Бекранның «Джихан-наме» атты еңбегінде кезедеседі.
1220 жылы Жендті монғолдар жаулап алады да, онда біраз уақытқа дейін Жошының ордасы орналасады. Бұл туралы ортағасырлық автор Жувейни мен Рашид-ад-Дин хабарлайды. Женд қаласы монғолдарға соғыссыз берілген.
Монғол шапқыншылығы Сыр бойындағы қалалардың, сонын ішінде, Жендтің де қирап, тоқырауына әкелді. Бірақ ХІІІ ғ. ІІ жартысынан бастап Женд біртіндеп қалпына келтіріле бастайды. Бұған жазба деректермен қатар ХІІІ ғ. ІІІ ширегінде және XVI–XVII ғғ. Жендте соғылған тиындардың табылуы дәлел болады. ХІІІ ғ. ІІ жартысында Жендті көзімен көрген ортаазиялық ғалым Жамал Карши бір кездері өте бай болған қаланың бейшара күйге түскенін хабарлайды. Соған қарамастан Жендте қайнаған базардың бар екенін, мұнда пайда табу үшін жан-жақтан саудагерлердің әлі-де келетіндігін туралы жазады.
1958 жылы ХАЭЭ Б. А. Андрианов басқарған отряды Жендте және оның маңайында жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеулер нәтижесінде ескерткіштің жоғарғы қабатын мерзімдейтін көлемді керамикалық материалдар жинап алынды, сонымен қатар, Женд аймағының ежелгі суғару жүйесі зерттелді. 1961 жылы С.П.Толстов басқарған маршруттық отряд ескерткіште қайтадан жұмыс жасап, қаланың жоспары нақтыланды.
Женд қаласы Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115 шақырым жерде, Жаңадарияның оң жағалауында, негізгі арнадан 4 км қашықтықта орналасқан. Қаланың көлемі 40 га. Қала аумағын қазіргі биіктігі 2 м болатын қабырға және ені 4–5 м болатын ор қоршаған. Қала дұрыс емес трапеция формалы. Ол солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысқа қарай 600 м-ге, солтүстік-батысынан оңтүстік-шығысына қарай 500 м-ге созылып жатыр. Қаланың ортасында орналсқан цитадельдің көлемі 32Ч28 м. Цитадельді кең дәліз 2-ге бөледі. Әр бөлігінде 8-ден 10-ға дейін бөлмелер орналасқан. Ғимарат квадрат формалы, яғни, өлшемі 21Ч21Ч5 см шикі кірпіштерден қаланған. Цитадельдің есігі оңтүстік жағында. Оның солтүстік-шығыс бұрышында 8 бұрышты мұнара орналасқан, биіктігі 6,7 м. Мұнара пахса блоктарынан және шикі кірпіштен тұрғызылған. Мұнараның іргетас бөлігінің диаметрі 7,5 м, биіктігі 2,3 м. Мұнара қабырғасындағы биіктігі 60 см болатын пахса блоктары екі қатар өрілген шикі кірпішпен кезектесіп отырады. Жендтің керамикасы бірнеше тарихи кезеңдерге жатады. Ортағасырлық жазба деректер және археологиялық қазба нәтижелері Женд қаласының сауда және көші-қон жолдарының қиылысында орналасқан аса ірі экономикалық орталық ғана емес, Сырдарияның төменгі, ағысы мен Хорезмнің арасындағы этномәдени, саяси байланыстарда маңызды рөл атқарған қала болғандығын көрсетеді.
БЕШТАМ-ҚАЛА (Ор-қала) ескерткішін 1946 жылы ХАЭЭ ашқан. Ол Сырдарияның төменгі, ағысындағы оңтүстегі ең шеткі қала болып табылады. Ол Жаңадарияның кепкен арнасының оңтүстік жағалауында орналасқан. 1959 жылы қала мұқият зерттелген. Қаланың көлемі 390Ч300 м болатын дұрыс емес тікбұрыш формалы. Қаланы екі қабатты қабырға және үлкен ор қоршайды. Қабырға пахса блоктарынан тұрғызылған. Қабырғалар бойында көптеген мұнаралардың іздері байқалады. Сыртқы қабырға ішкіге қарағанда төменірек. Екі қабырға арасында ені 20 м-ге жуық, тереңдігі 2–3,5 м болатын ор бар. Қаланың оңтүстік және солтүстік қабырғаларында қақпалар орналасқан. Қақпалардың құрылымы өте қызық. Қаланың солтүстік қабырғасында қақпа өзенге қаратылып салынған, демек, қалаға өзен арқылы жиналмалы көпірмен кірген болуы керек. Осы қақпаға қарсы өзеннің арғы бетінде құрылыс іздері сақталған үлкен үйінді байқалады. Қаланы солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған көше екі бөлікке бөледі. Қала ортасында өлшемі 23Ч23Ч4,5 см күйдірілген кірпіштен тұрғызылған төртбұрышты ғимарат бар. Ескерткіштен алынған керамика оны ХІІ-ХІІІ ғғ. мерзімдейді. 2005 жылы Бештам-қалаға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің отандық және ресейлік ғаламдармен біріккен археологиялық экспедициясы барлау жасады. Археологиялық барлау нәтижелері ескерткіштерге барудың және кірудің қазіргі күні өте қиын екенін көрсетті. Бүгінде қала маңайы және оны қоршаған қос қабырға аралығындағы ор қалың сексеуіл тоғайына айналған. Барлау кезінде жиналған керамикалық материал қаланың XIV ғ. да өмір сүргенін көрсетті.
ҚҰМ-ҚАЛА бекінісі Жендтен 12 км жерде орналасқан. Ол — Жаңадарияның сол жағалауында орналасқан көлемі 300Ч400 м болатын төртбұрыш формалы ескерткіш. Қаланың бекініс жүйесі үлкен мұнаралары бар қабырғалардан және терең ордан тұрады. Ескерткіш бетінен жиналған материал ескерткіштің жоғарғы қабатын XII–XIV ғғ. мерзімдейді.
ҚОЖАҚАЗҒАН-1 бекінісі Жаңадария бойында орналасқан. Қала жоспары жағынан Сырлытам қала, Заңғар қала ескерткіштеріне ұқсас. Қаланың цитаделінің көлемі 120Ч120 м. Цитадель терең ормен қоршалған. Оны қоршаған қабырғаның қалдығы қазір биіктігі 4 м болатын үйінді күйінде сақталған. Қаланың сыртқы қабырғасы екі жағынан Жаңадарияға барып тіреледі. Материалдардың көпшілігі бекіністі ерте ортағасырлармен мерзімдесе, кейбір бірлі-жарым олжалар қаланың XIV–XV ғғ. өмір сүргенін көрсетті.
Жоғарыда сипатталған ескерткіштер мен мәдениеттер Сырдарияның төменгі, ағысының, яғни, ғылыми әдебиеттерде Шығыс Арал маңы, географиялық сипаты жағынан Тұран деп аталатын аймақтың адамзат дамуы мен өркениет дамуында үлкен роль атқарған, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасып, мыңдаған жылдар бойы Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір іспетті киелі мекен екендігін дәлелдейді.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: