Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Баршынкент қаласы жайлы

Көне Өзгент қаласының орнын тарихта дәл айтқан археолог-ғалым, полковник В.Каллаур болды. Ол Ішкі Өзгент және Қырғы Өзгент деп екі бөліп қарады.


Республикалық «Айқын» газетінің 2013 жылғы 7 қыркүйектегі 164-нөмірінде (8-бетте) атақты Алпамыс батырдың сүйікті әйелі Гүлбаршын сұлудың (Баршын сұлу) атындағы және сол кезеңдерде оның әкімі болған Баршынкент қаласы туралы «Баршынкент қаласы қалай табылды?» деген менің мақалам жарияланған болатын-ды.
Бұған қоса 1382 жылғы мемлекеттердің шекаралары белгіленіп, қалалары көрсетілген (сол қалалардың бірі Баршынкент те бар) «Көне карталардағы Евразияның» «Атлас Тартарииінің» (авторы А.Астайкин) көшірмесі де берілген еді. Осы карта сызбасында Баршынкент (картада Барчыглыкент деп жазылған, сол замандарда әртүрлі жазылып келгендігі белгілі – А.С.) қаласы Сырдарияның сол жағалауындағы Өзгент қаласының солтүстік жағында 15 шақырымдай жерде болғандығы «тайға таңба басқандай» ап-айқын көрініп тұр.
Ал енді менің мақаламнан кейін осы газетте («Айқын», 1 қазан 2013 жыл, №180) Жаңақорған ауданының тұрақты тұрғыны, ҚР Журналистер одағының  мүшесі Жасұзақ Аманбайұлының «Деректер тоғысындағы тарихи шындық» деген мақаласында Баршынкент қаласының орны және Алпамыс батыр мен Гүлбаршын жөнінде біршама пікір білдірген.
Енді мен Баршынкент қаласының орнын одан әрі тағы да нақтылай түсу мақсатында бірқатар деректеме келтірмекпін. Баршынкент қаласының орнын нақтылай түсу үшін, біз ең алдымен көне Өзгент қаласының орнын анықтап алғанымыз жөн. Өйткені көне Өзгент қаласын да әркім әрсаққа жүгіртіп жүр. 
Көне Өзгент қаласының орнын тарихта дәл айтқан археолог-ғалым, полковник В.Каллаур болды. Ол Ішкі Өзгент және Қырғы Өзгент деп екі бөліп қарады. Соның екіншісі ХІІІ ғасырдағы Өзгент қаласы болатын-ды. Ішкі Өзгентті дарияға жақын болғандықтан Сыр Өзгенті деп те атады. Бұл қазіргі Өзгент ауылы. Ал Қырғы Өзгент, яғни көне Өзгент қаласының орны қазіргі Өзгент ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырымдай жерде. Ал қазіргі Өзгент ауылы аудан орталығы Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 15 шақырымдай жерде болса, сонда Өзгент қаласының орны Жаңақорған кентінен батысқа қарай 25 шақырымнан аспайды. Ал карта бойынша Баршынкент қаласының орны Өзгент қаласының солтүстік жағында 15 шақырымдай жерде, яғни Жаңақорған кентінің батыс жағындағы өкпе тұсында деген сөз.
Мұны мен тәптіштеп  айтып отырғаным, Жасұзақ Аманбайұлы өзінің «Айқындағы» мақаласында (2013 жылғы 1 қазандағы) Баршынкент қаласының орнын «Ясы (Түркістан) қаласымен ортадағы Сыр өзенімен тұспа-тұстағы ежелгі Өзгенттен төмен, Сауран қаласы тұсынан жоғары» деп жаңсақ кетуінде жатыр. Олай дейтінім, Жасұзақ Өзгент ауылының батысындағы 10 шақырымдай жерде тұрған ежелгі Өзгент қаласының орнын Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жердегі Түркістан қаласының тұсына апарып қойыпты.
Сырдарияның сол жағалауында Жаңақорған кентінен ат шаптырым жерде орналасқан Өзгент ауылынан кейін оңтүстікке қарай көне Сауран қаласының тұсына дейін арада Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе ауылдары орналасқан. Сондықтан да Өзгентті Сауранның немесе Түркістанның тұсына апарып қойып жаңсақ кетуге болмайды. Мұны мен Өзгент ауылын да, көне Өзгент қаласының орнын да жаңылыстырып алмайық деген мақсатпен айтып отырмын. Бұл – бір.
Екіншіден, Баршынкент қаласының Өзгент қаласының солтүстік жағында екенін тағы да бір нақтылай түсу үшін «Атлас тартарииінен» өзге де деректемелерді келтіруді жөн  көріп отырмын.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы 1220 жылы Отырарды, Сауранды, Сығанақты басып алғаннан кейін Сырдарияның төменгі ағысындағы Жаңакент, Жент қалаларын басып алу үшін дарияның сол қанатына өтіп, алдымен Өзгентті, одан соң Баршынкентті, содан кейін Ашынасты алып, Жентке қарай кете барған. Жент, Жаңакентке дейін артын тазалап барайын деген болуы керек. Бұл жерде де Өзгенттен кейін Баршынкенттің тұрғанын көреміз. Бұл пікірді И.Кастанье «Древности Киргизской степи и Оренбургского края», В.Бартольд «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» атты еңбектерінде қуаттаған.
«Қазақ совет энциклопедиясында»: «1220-1221 жылдары Жошы, Сырдария бойындағы Отырар, Сауран, Сығанақ, Өзгент, Баршынкент, Ашынас, Жанакент қалаларын алды» дейді. («ҚСЭ», А-1974 ж 4-том, 481-бет). Бұл жерде де ретімен қарасаңыз Өзгенттен кейін Баршынкент тұр.
Үшіншіден, Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршын сұлудың Баршынкент қаласының (өзінің есіміндегі) әкімі болғандығын білеміз. Бұл жөнінде академик Әлкей Марғұлан: «Абылғазының айтуы бойынша оғыз заманында даңқты болған кісінің бірі Баршын сұлу. Кармыш байдың қызы, Мамыш бектің (Алпамыс – А.С.) жұбайы. Оғыз елін басқарған жеті қыздың бірі» дейді. (Әлкей Марғұлан. «Ежелгі жыр, аңыздар». А-1985 ж. 191-бет).
Қазақ совет энциклопедиясында:
«Көккесенеге таяу жерде Баршын сұлудың әкімшілік құрған астанасы Баршынкенттің қираған орны бар» дейді («ҚСЭ» - 1975 ж. 6-том, 11-бет).
Көккесене – Гүлбаршын сұлудың қабірінің үстіне тұрғызылған мұнаралы күмбез. Бұл Көккесене орны Жаңақорған ауданындағы Сырдарияның оң жағындағы Қожамберді ауылының іргесінде жатыр. Баршынкенттің Көккесенеге таяу болатыны екеуінің арасы шамамен 40-45 шақырымнан аса қоймайды.
Сондай-ақ «Алпамыс батыр» қиссасын Бөрі бақсы жырлаған нұсқасында Гүлбаршынның әкесі Қармыс бай Баршынкентке жақын Өзгентте тұрғандығы айтылған екен.
Төртіншіден, Шыңғыс ханның немересі Хулагу ханға қызмет еткен парсының тарихшысы және мемлекет қайраткері Жувейни 1260 жылы «Әлемді жаулап алушының тарихы» атты монғолдар тарихына арналған үш томдық кітап жазған. Сол еңбектің бірінші томында Баршынкент (Барчылыгкент) қаласын Сығанақ, Ашынас, тағы басқа да ірі қалалармен бірге атайды. (В.Бартольд. Соч., том-1, М., 1963 г.). Демек Баршынкент қаласы маңызының аса зор болғандығы.
Бесіншіден, менің «Айқын» газетіне «Баршынкент қаласы қалай табылды?» (7 қыркүйек 2013 жыл) деген мақалам шыққаннан кейін оны оқыған оқырмандар арасынан Баршынкент қаласының дарияның сол жағалауындағы Өзгент қаласының маңында екендігін бұрынғы өткен ақсақалдардың айтып отыратындығынан естігендерін, бірақ жас кездерінде оған оншалықты мән беріп құлақ қоймағандықтарын айтқан бірлі-жарым адамдар шыға бастады. Аудандағы «Жаңа ауылда» тұратын зейнеткер Мақсұтхан Бөлеков, Алматы қаласының сәулетшісі Жанат Әйтілеуов, 88 жастағы қақпаншы Әбділда Әділбеков – бірі бұдан 30-40 жыл бұрын сексеуіл алуға барғанда, бірі күріш орағына көмекке барғанда, бірі бастары қосыла қалғанда қариялардың айтқан әңгімелерінен құлағы шалып қалғандықтарын айтады. Бірақ нақты дерек болмады. Өзгент ауылының 18 шақырымдай жердегі Қылауыз ата кесенесінің шырақшысы Тұрғанбек Әсенұлы сол төңіректі жақсы біледі екен. Таяуда Жаңақорған кентінің тұрғыны Ералы Шәкенов, шырақшы Тұрғанбек Әсенұлы үшеуіміз жолға шықтық. Шырақшы бізді Төбесі ойық әулиенің батыс жағындағы биіктеу төбеге алып шықты. Төбе басынан, айналасынан қыш құмыра сынықтарын теріп алдық. Айнала орала созылған төбені қорған сілеміне ұқсаттық. Бұдан кейін шырақшы бізді Қылауыз ата кесенесінің шығыс жағындағы үлкен ат шаптырым қорғанға алып келді. Қорғанның біраз жері құлап жатыр. Іші – сыртын қалың шағыр басып кеткен. Қорған ішінде көміліп қалған құдығы бар.
Біз көрген төбе мен қорған да ежелгі Өзгент қаласының орнынан солтүстікке қарай, шамасы 15 шақырымдай. Біз Баршынкент қаласының орны, бәлкім, осы екеуінің бірі боп қалатын шығар деп жобаладық. Әрине, біз археолог емеспіз. Дегенмен көңілге медеу кіргендей болды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: