Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЭСКИЗДІК ЖОБАСЫ


1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев И.Рянгин жасаған Қызылорда қаласының эскиздік жобасын баяндап, жобалау принциптерінің қойылған талаптарға сәйкес келетіндігін атап көрсетті.
Қаланың өркендеуі қазақтың ардагер азаматтарының, мемлекет қайтаркерлерінің есімдерімен тығыз байланысты. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің председателі Елтай Ерназаров осындай ардагерлердің бірі. Ол халықтың қалың ортасынан шыққан, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам еді. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы бола жүріп ол экономика мен мәдениетті өркендетуге күш-жігер жұмсады.
Ал қазақ қыздарын еңбекке тартып, ескінің сарқыншақтарына қарсы күреске шақыруда бұл өңірде Алма Оразбаеваның еңбегі аз емес. Халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарумен қатар олардың өнерге деген талпынуы да өсті.
Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, сондай-ақ Сабыр Шәріпов, Николай Анов, Қалмақан Әбдіқадіров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларын алғаш рет оқушы қауым Қызылорда да шығып тұратын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемендік Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда») газеттерінен оқып, танысып отырды.
Тұңғыш қазақ театрының негізі де осында қалана бастады. Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жандарбекова, Елубай Өмірзақов тағы басқа өнер саңлақтары алғаш рет театр сахнасына шығып, өзерінің таланттарын осында ұштай түсті. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» пьессалары тұңғыш рет Қызылорда сахналарында қойылады.
Бұл жылдарда Қазақстан өмірінде үлкен әлеуметтік-мәдени, рухани өзгерістер болып жатты. Артта қалған республиканың мәдениеті өркендеп, өндірісі ұлғайып, сауатсыздық жойыла бастады. Қазақ қыздарына арналған өлкелік акушерлік техникум, милиция мектебі, әкімшілік-бухгалтерлік, киномеханик даярлайтын курстар жұмыс істеді.
Халық комиссарлар кеңесінің 1927 жылғы 29 сәуірдегі мәжілісінде астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды. Алматыны Қазақстанның астанасы етіп шешім қабылдауға Түрксіб теміржолы құрылысының ықпалы тигенін де айта кету керек. Қызылорданың алғашқы астана болғандығы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді. Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы – Сыр өлкесіндегі мәдениет пен өнердің ғана емес, облыс экономикасының даму тарихында елеулі орын алатын тұғырлы мекен.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: