Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Көкен батыр

Елі мен жерін қорғап, құрметті атаққа ие болғандардың бірі – Көкен батыр Назарұлы. Ол қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған атырабында 1775 жылы туып, 1863 жылы сексен сегіз жасында қайтыс болған.  


Тегі –орта жүз-Қоңырат-қараша, таңбасы-Босаға. Дана халқымыз ерлігі ел есінде сақталған лайықты азаматтарын ғана өздеріне ұран етіп алған. Көкен халқы таныған ақиық батыр, ірі тұлғалы, кең маңдайлы, жанары отты, атжақты, қараторы келген сұсты кісі болған. Оның желкесінде құлынның жалындай жалы болған. Батырдың жорық алдында суға түсетінін, жалы жығылмаса жеңіске жетіп, жалы жығылса, жолы болмайтыны айтылады. Ата көрген оқ жонар демекші, әулетіне қазаққа әйгілі батырлар көп шыққандықтан, Көкен де жастайынан батырлығымен көзге түскен. Тарихта қоқан феодалдары, ханы Әлімхан мен оның мұрагері Омархан Ұлы жүзбен  Орта жүзін оңтүстігін жаулап алғаны белгілі. Қоқандықтар Сыр бойындағы отырықшы ауылдар мен көшпелі бай ауылдарға қапыда тиісіп, үйлерін өртеп, байлығын тонап, мал-жайын айдап алып кететін болған. Жаудың қорлығына шыдамаған Көкен халқының азаттығы мен бірлігін сақтау үшін ту көтеріп, жауға қарсы шыққан. Бұған жергілікті рулар қатысып, ортақ жаумен бірге шайқасқан.
ХІХ ғасырдың ортасында Сыр бойындағы Бұхар, Қоқан хандықтарының езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа белсене араласқан тарихи тұлға. Оның осы жауынгерлік ерлігінің ең үлкен маңызы - Қоқан хандығына қарсы Қазақстанның оңтүстігінде барынша шиеленісті сипат алған 1853-1861 жылдардағы көтерілісте Түркістан төңірегіндегі ру-тайпалардың батырлары мен билерінің, рубасы ақсақалдарының ұйғарымымен Қарабас сұлтанның кіші ұлы Көшек ханның шөбересі Әликенді хан сайлауға ықпал жасауы еді. Осы кездегі өзі шау тартқанымен елдің бірлігіне ұйытқы болған Көкен батырдың бұл әрекеті «бас-басына би болған» сеператистік пиғылдан туған жоқ, берекесі қашқан елге басшы іздегендік болатын.
Көкен көшпелі қоғамда бүкіл өмірі соғыста өтіп, әскери іс ата кәсібіне айналған, мемлекеттік билікке ықпал жасайтын әскери элитаның өкілі болатын. Жетпіс жыл аттан түспеді, елі мен жерін жаттан қорғады. Алтыата руының басшысына айналған Көкен батыр Назарұлының осы кезеңдегі атқарған қызметі дәстүрлі қоғамның әлеуметтік талаптарына сай өрбіді. Соңына ерген Алтыата ұрпағы ғана емес, иісі қоңыраттың, Жаңақорған-Түркістан атырабын мекендеген барлық рулардың панасы да, ағасы да болған батырдың заманы отарлық дүлей күштің лықсып келген толқынының ығына есіп, қалқитын заман еді. Ал Көкен батыр «қырын боп келген заманның» ағысына қарсы тұра алды. Бүгінгі ұрпақтың Көкен батырды осындай өрлігі мен ерлігі үшін төбесіне көтеруінің мәнісі осы.
Көкен батыр Назарұлы туралы ең алғашқы тарихи дерек 1838 жылы қағазға түскен екен. Орынбор шекаралық комиссиясының мәліметтерінде Қызылқұмды мекендеген қоңыраттардың арасында Көкен Назаров дегеннің 200 шаңырақпен көшіп жүретіндігі, ол өз аумағында Бұхариядан шыққан сауда керуендерінің қауіпсіздігіне бақылау жасайды деген деректер кездеседі. Ендігі бір деректерде орыс шенеуніктері онымен жолығып, байланыс орнатуға мүдделі болғандығы жазылады. Сол сияқты Көкен Назаров 1840 жылы Сырдың оң жағалауында қоқандықтардың қолына түсіп, тоналған орыс сауда керуеніне қатысты келіссөз жүргізуге көмектесіп, Түркістан бегіне өз адамдарын жұмсағандығы айтылады. Орынбор облыстық мемлекеттік архивінен табылған осы аз ғана деректердің өзі Көкеннің Жаңақорған атырабында Сырдың екі жағалауына да бақылау жүргізген беделді тұлға болғандығын айғақтайды. Ал, Түркістан өлкесіне қатысты құжаттардың басым бөлігі Өзбекстан мемлекеттік Орталық архивында сақталғандығын ескерер болсақ, осы архивтен де Көкен батырдың  қызметін айғақтайтын құнды деректер кездесері сөзсіз.
Оған қатысты ел жадындағы аңызға бергісіз әңгімелер осылай дейді. Әсіресе, оның жекпе-жектегі найзагерлігі мен құралайды көзге атқан мергендігі ерекше аталады. «Көкжал Көкен батыр» атандыратындай «желкесінде жалы бар еді» деген деректер батырдың эпикалық тұлғалануының бір көрінісі еді. Ат жалын тартып мінгенінен Қоқанға қарсы күреске елді ұйыстыруда Түркістан-Жаңақорған атырабында Көкен Назарұлы дәстүрлі батырлардың соңы болса, дәстүрлі биліктің соңғы ханы болу Әликенге бұйырған сыңайлы. Заманы бір тағдырлас тұлғалар тарих алдында құрбандыққа шалынған малдың тұяқ серпігеніндей деп бағалауға болатын өз миссияларын атқарып кетті.
Тұяқ серпудің мәнісі - Көкеннің заманы «Елдің басынан бақ дәулет ұшқан заман еді». Қазақ хандығының бұрынғы күш-қуаты сарқылып, қуатты көрші мемлекеттердің саяси экономикалық ықпал аймағына айналды. Айтқаны екі болмайтын хандардың дәурені өтті, қас дұшпанымен жекпе-жек шығып, ашық шайқасатын батырлардың мәрттігі келмеске кетті. Көкеннің заманы бұқпантайлап келген жаудың аңысын аңдып, бұқпалап соғысуға мәжбүр етті. Қарағай найза, қайың садақты от шашып, оқ құсқан зеңберік пен мылтық ығыстыра берді. Дәстүрлі қоғамда батырлығын мәрттікке жалғаған қазақ батырын орыс отаршыларының шаламас солдаты жалғыз оқпен жайрататын күн туды. Көкеннің батырлығы үлкен ұрыстарда қол бастап жауға шапқан батырлық емес, соғыс өнерінің тактикасы өзгеріп, соғыс құралдары жетілген кезеңдегі оңтайын тауып, орайын келтіріп, ел мен жерді қорғаған жаңа сипатты күрестегі батырлық деп бағаласақ керек.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: