Осыдан бес жарым ғасыр бұрын Жәнібек пен Керей сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, жүректерінде азаттық пен бостандықтың жалыны жанған елін ертіп, Батыс Моғолстанның Шу мен Талас өзендері аралығындағы Қозыбасы аймағына қоныстанды. Осындай тарихи оқиғаның бастауы болған бұл шежіреге толы өңірдің, тауы мен тасы, әрбір басқан жері аңыз бен өткен кезеңдерден сыр шертеді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың "Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде көрсетілген Керей мен Әз Жәнібектің алғашқы хандық құрып, ту тіккен жері Шу бойындағы Қозыбасы. Ол шоқы Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауында орналасқан. Шу өзенінің арнасы сол кезде Қозыбасы биігіне жақын болыпты. Дәл осындай тұжырымды тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев те қолдайды.
Қозыбасы, Қозыбашы – атауына келер болсақ, тарихи түп дерек көздеріндегі Қазақ мемлекеті құрылған аумақ. Этимологиялық мағынасы қозының басындай ғана тау-төбелі жерлерді білдіреді. Жетісу өңірінде бірнеше Қозыбасы бар. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. Шу бойы мен Қозыбасы тауы – тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда ХІV-ХV ғасырларда билік еткен Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір. Бұл ерте заманнан бар жер атауы. Қазақ хандығы осы Қозыбасыда шаңырақ көтерген.
Ежелден халқымыздың ұйысып, ел болған, қазақтың сахарасы атанған қасиетті Мойынқұмның төл тарихы сонау бағзы заманнан бастау алып, адамзат баласының даму тарихымен ұштасып жатыр. Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан адам баласының тұрағы – мекені болғандығын айғақтайтын белгілерге көптеп жолығамыз. Тарихи дерек көздеріне үңілсек, Батыс Түрік қағандығының бастапқы жері Іле, Шу және Талас өңірлерін қамтыған. Яғни, Іле мен Шу өзендері аралығын Бес нүшбе елдері мекен етті. Сол мезгілге тән деректер бұл түрік елін «он оқ елі» атады. Батыс Түрік қағандығының саяси орталығы түрлі мезгілде Шу өңіріндегі Суябта, Баласағұнда және Меркіде орналасты. Бұл қалалар өз заманында қайнаған саяси өмірдің куәсі болды...
Осындай ғасырлар қойнауынан бастау алатын қазақ халқының қалыптасуы Қазақстан аумағында ежелгі замандардан бері үздіксіз жүрген этноүрдістердің заңды қорытындысы екені ғылымда дәлелденген тұжырым. Этногенез үрдісі әрбір тарихи кезеңде өзіне тән айрықша белгілермен ерекшеленеді. Сондай ерекше кезеңге XIV – XV ғасырлардағы этноүрдістер жатады. Бұл кезеңнің басты белгілерінің біріне – қазақ халқының этнос ретінде тарих төріне шығуы жатса керек.
Байырғы Қазақ даласын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан түркі-оғыз текті ұлыстар негізінде қалыптасқан ортақ тіл, дәстүр, территория, менталитеттегі байырғы супер этностың қайтадан «қазақ» деген жаңа атпен тарих сахнасына шыққан кезі. Яғни, бұрыннан әр түрлі аталып келген (сақ, ғұн, үйсін, түрік, оғыз, түркеш, қыпшақ, т.б.) этнос жаңа этнонимге ие болды. Жаңадан пайда болған «қазақ» этнониміне байланысты, олардың мемлекеті «Қазақ хандығы» деп аталды. Жаңа атауға және жаңа статусқа ие болды. Демек, XV ғасырдың 60-жылдарында-ақ, Қазақ хандығы ұлттық құрамы, аумақтық тұтастығы, мемлекеттік басқару жүйесі, сондай-ақ ішкі-сыртқы саясаты жағынан қалыптасқан мемлекет ретінде өмір сүріп тұрды. Әрине, оған қазіргі таңдағы халықаралық қатынастар жүйесіндегі «мемлекет» өлшемімен қарауға келмейтін. Оның үстіне, «мемлекет» деген ұғымның өзі тарихи мәнге ие. Оған ұдайы даму, кемелдену негізіндегі тарихи үдеріс ретінде қарау керек. Өйткені, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырда дүниежүзіндегі барлық елдер, яғни мемлекеттер біздің бүгінгі ұғымымыздағы мемлекеттік өлшемге жауап бере алмайтын. Демек, Қазақ хандығы алғаш құрылған күннен бастап, сол кездегі Еуропа мен Азияның кез-келген елімен тең тұра алатын.
Мұндағы ең басты себеп, бұған дейін де Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің тамыры тым тереңде жатқандығы еді. Қазақ даласы Орта Азияны айнала жатқан ежелгі өркениетті әлеммен ежелден қоян-қолтық байланыста дамыған аймақ. Бір ғана ерте заман кезеңін қарастырсақ, қазақ халқының этникалық тегі мен мемлекеттілігінің екі үлкен негізі болды: ол ортаазиялық және солтүстіказиялық негіз, яғни, ежелгі сақ және ғұндық негіз.
Қазақ халқының этногенезі мен ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болған географиялық мәндегі ортаазиялық және солтүстік азиялық негізге Солтүсік Қытайдағы Орталық Хуанхэ бассейні, Монғол үстіртінен бастап Каспий теңізіне, Сыр бойына дейінгі ұланғайыр дала жатады. Ал этникалық негізге осы далада өмір сүрген көне ғұндар мен сақтар кіреді. Тарихи деректер көне ғұндар мен сақтардың тегі бір екенін және олардың бір кезеңде өз алдына жеке дара мемлекет ретінде өмір сүргенін көрсетеді.
Солардың жалғасты келесі көрінісіне түрік дәуіріндегі үдерістер жатады. Түрік қағанатының тұсында оның құрамында болған халықтардың бәрі «түріктер» деп аталып кетті. Қазақты құраған тайпалар да жалпылама түрде түріктер деп аталады. Қазір де «түрік тектес», «түркітілдес» деп аталамыз. Түрік тілінің негізгі үш тілдік топтан: оғыз, қарлұқ, қыпшақ тілі топтарынан тұратыны белгілі. Қазақ тілі соның соңғысына кіреді. Өйткені Қазақстан аумағында ХІ ғасырдан бастап қыпшақ тайпаларының саяс¬и белсенділігі артады да, саяси құрылымы қалыптасады. Қыпшақ хандығы бұрынғы аумақтағы этникалық үдерістерді одан әрі тереңдетеді. Халықтық үдеріс өз мәресіне біртабан жақындайды. Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан аумағы Дешті Қыпшақ деп аталынып, барлық тайпалары жалпы атаумен «қыпшақтар», мемлекеті «Қыпшақ хандығы» деген атауға ие болады. ХІІІ ғасырдың басындағы моңғол жаулап алушылығы қыпшақтардың саяси құрылымын жойғанымен, этникалық дамуын жоя алмады, тек уақытша тежей алды. Одан кейінгі этносаяси және рухани дамулар барысы моңғол тайпаларын қыпшақтардың арасына сіңістіріп жіберді. Ақырында жау¬¬лап алғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өте келе, Дешті Қыпшақта моңғолдардан ешқандай із де қалмайды. Жаңадан қалыптасқан этноқауымдастық «қыпшақтар» немесе «өзбектер» деп атала бастады. Араб деректерінде соңғы атау жиі қолданылады. Алтын Орда оң қанат және сол қанат боп екіге бөлінгенде, «өзбек» атауы оң қанатқа қатысты, ал сол жаққа, яғни Қазақстан жағына қатысты «көшпелі өзбектер» атауы айтылады. Көшпелі өзбектердің өзі маңғыттар, шибандықтар, ордаежендіктер деп үшке бөлінген. Әбілқайыр хандығының ыдырауының бас кезінде одан алдымен маңғыттар бөлініп шығып, Ноғай ордасын құрады. Шайбандықтардың өзі екіге бөлінеді. Бірі Иадгар ханды қолдаса, басым бөлігі Әбілқайыр хан жағында болады. Ал, ордаежендік тайпалар болса Керей мен Жәнібек хандарды қолдайды. Көшпелі өзбектерден бөлініп шыққан осы топ Қазақ хандығының этникалық негізін қалайды. Қазақ хандығының қалыптасу, даму тарихын зерделеп жүрген тарихшыларымыздың бірі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев бұл туралы – «Ең алдымен Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан жеріндегі мемлекеттіліктің және саяси дамулардың заңды қорытындысы болып саналады. XV ғасырдың екінші ширегінде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Әбілқайыр хандығы болғаны белгілі. Әбілқайыр хандығының сол кездегі ішкі-сыртқы саяси жағдайы, әсіресе көршілес Моғолстан, Мәуереннахр мемлекеттерімен, Сібір хандығымен, маңғыттармен жүргізген саяси қарым-қатынастары Қазақ хандығының құрылуына қолайлы саяси алғышарттар туғызған. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға қарай жылжуына көшпелі өзбектер мен моғол билеушілері арасындағы сол тұстағы саяси жағдай тікелей әсер етеді. Қазақ хандығының негізін салушылар қалыптасқан саяси жағдайды шебер пайдаланып, Моғолстанның батысындағы Жетісу жеріне келеді. Соныменен, Қазақ хандығы XIII-XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-этникалық дамудың заңды қорытындылары нәтижесінде пайда болды. 1455 жылы Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келуі мен Қазақ хандығының құрылу үрдісі басталса, 1470-1471 жылы Жәнібек хан Дешті Қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ хандығының құрылу үдерісі аяқталады. Одан әрі қазақ хандығының күшею дәуірі басталады. Сөйтіп, XV ғасырдың 50-70 жылдары арасында Әбілхайыр хандығынан Жетісудың Шу мен Талас өзендерінің жазығына 200 мыңдай адам көшіп келді. Олардың бұл жерлерге қоныс аударуының бір себебі, Әбілқайырдың қол астында қанаушылықтың күшеюі болса, екінші бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өзінің ықпалын тигізді. Олардың халық қолдаған дербес мемлекет құру саясатының нәтижесінде Жетісудағы рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы, әрине, табиғи құбылыс», – дейді.
Хандықтың құрылуының қазақ халқы үшін маңызы өте зор. Ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің тарих төріне шығуымен Дешті Қыпшақ аумағында көптеген өзгерістер болды. Мысалы, қазақ жеріндегі бұрынғы этникалық үдерістердің бәрі бір арнаға тоғысады да, әртүрлі этнотоптардың бәрі ортақ саяси жүйеге біріктірілді. Олардың этникалық атауы – «қазақ», мемлекеті – «Қазақ хандығы» аталына бастады. Тарихшыларымыз Қазақстан тарихындағы XV ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың 30-жылдарына дейінгі кезеңді «хандық дәуір» немесе «Қазақ хандығы дәуірі» деп атады. Жалпы алғанда, қазіргі кездегі «қазақ тілі», «Қазақстан Республикасы», «қазақтар», «Қазақстан» деген терминдердің бәрінің бастауында Қазақ хандығының құрылуы жатыр. Қазақ хандығының құрылуы ХV ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегі аралығындағы қазақ халқының ұлттық сипатта қалыптасқан мемлекеті болып саналады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің – «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет. Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Тарих сабақтарын ұдайы, ұрпақтан ұрпаққа игере беру керек екеніне менің сенімім кәміл», – деп тарихи маңызы зор тұжырым жасады.
А.АБДУАЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Ж.СЕЙІТҚҰЛОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.