Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Өрнегі өзгеше Өзгент шаһары

Сыр бойының көне қалаларының бірі Өзгент қаласы жайлы тарихи деректерде Отырар, Сығанақ, Сауран секілді қалаларға қарағанда сирек кездеседі. Соған қарамастан бұл қала жөнінде біршама тарихи дерек бар. Бір өкініштісі қазіргі таңда зерттеушілер өз еңбектерінде тарихи деректерден алынған бұл қала жайлы мәліметтер келтіру барысында көбінесе қазіргі Өзбекстан мен Қырғызстанның шекарасында Ферғана даласында орналасқан көне Өзгентпен шатастырып отырады. Ферғана даласындағы Өзгент қаласының тарихы көне, тіпті біздің жыл санауымызға дейіңгі ІI-I ғасырға дейін барады. Араб тарихшылары, зерттеушілері Ибн Хаукаль, Аль Истахри, Ибн Хордадбек те осы Ферғана Өзгенті жайлы деректерді келтірген. Мұндай жаңылыс келер ұрпаққа тарихымызды зерттеу барысында қиындық тудыратыны сөзсіз.
Атақты ғалым, тарихшы Мұхамеджан Тынышпаев өзінің «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде Өзгент жайлы, «Перовск уезінде Сырдың сол жағында орналасқан Өзгент» деп нақтылап көрсеткен. Өзге де көне қалалар жайлы деректерде аз кездескенімен Өзгенттің тарихы өзінің замандас қалалардың тарихынан асып түспесе кем емес.
Қазіргі зерттеушілердің назарынан бұл қала тыс қалып жатқан себептердің бірі – елдімекендерден алшақ орналасуы. Ең жақын Машбек ауылының өзінен бұл қала орны 10 шақырымдай жерде орналасқан. Осы күнге дейін мұнда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Өзіміз бұл қала орнында кішігірім зерттеулер жүргіздік. Бір қызығы – Өзгент қаласы Сығанақ қаласы секілді екі қатар, ішкі және сыртқы бекініс қорған қабырғаларынан тұрады. Қазіргі таңда бекініс қорған қабырғалары толығымен бұзылып, тек төмпешік ретінде іздері ғана қалған. Соған қарамастан қаланың жалпы көрінісін аңғаруға болады. Сығанақта да Өзгентте де қаланың қақпасының орны шығыс бетінде көрінеді. Өзгент қаласының солтүстік – батыс жағында тағы бір қақпаның іздері аңғарылады. Қала көлемі Сығанақ қаласының көлемінен үлкенірек.
Біздің пайымдауымызша, сыртқы көлемі үлкен қала XIII-XIV ғасырларда дамып, кейін XV-XVI ғасырларда халқы азайып, қала үстінен көлемі кіші қосымша бекініс қорған соғылған, себебі кіші бекініс қорғанның қабырғаларының іргесінде қорғасыннан құйылған мылтық оқтары көп кездеседі, ал сыртқы қала орнынан мұндай оқтар сирек, мұнда XIV ғасырда соғылған теңгелер көп табылады. Өзге қалаларға қарағанда Өзгент қаласының ерекшелігі – қаланың іргесінде орналасқан Үшата кесенесіне зияратқа келушілердің осы қала үстінен көптеп мыс, немесе күміс теңгелерді табуы. Мұндай деректі осы жерге ХІХ ғасырдың аяғында келген зерттеуші И.Кастанье де келтірген.
Ресей зерттеушісі И.Кастанье өзінің «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде: «Каллаур мырзаның жазуынша, Өзгенттің (Қырғы Өзгент, яғни Алшақ Өзгент) қирандылары Өгіз Жылғасы өзенінің құрғақ арнасынан жақын жерде орналасқан, кезінде одан арықтар жүргізілген, осы күнде олардың іздері жақсы сақталған. Жан – жаққа жайылған бұрыңғы ғимараттардың іздеріне қарағанда, уақтысында бұл ішінде бекінісі бар үлкен қала болған. Қала орны үш жерінен сексеуіл басқан; ал батыс беті тегіс, жартылай шөп басқан. Орлы дөңесті бекініс төрт бұрышты, көлемі 1600 қадам; қақпасы шығыс бетінде, дөңестің биіктігі 27 қадам. Бекіністің ішінде саз ыдыстардың сынықтары шашылған және бұрыңғы ғимараттар мен көшелердің ізі көрінеді. Жаңбыр мен желдерден соң қырғыздар (қазақтар) бекіністің ішінде жердің беті су мен желдең ашылған соң мыс тиындар табады. Қожа руынан шыққан қырғыз (қазақ) Сеид-Қожа Менгли-Ходжин өткен жылы (яғни 1900 ж.) күзде мұнда 761 (1359 ж.) араб жазуы бар мыс тиын тапқан, ондағы жазу: «Альхамду-лилля-761».
Оған қоса, мұнда тағы күміс тиындар табылған. Каллаур мырзаның пайымдауынша, бұл 1219 жылы Жошы ханмен талқандалған Өзгент қаласы.»
И.Кастанье Өгіз Жылғасы өзені туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «1900 жылдың 7-ақпанында шыққан археология әуесқойлардың Түркістан үйірмесінің хаттамасының қосымшасындағы 6 бетте үйірме мүшесі В.А. Каллаурдың Сыр-Дарияның ескі арнасының, яғни Өгіз Жылғасы бойында, Перовск уездінде көне қалалар туралы қызықты хабарлама берген. Мақала авторы Сыр-Дарияның ескі арнасы кезінде Арыс өзені Сыр-Дарияға құйылатын жерден жоғарыда Тугул деген жерден бөлінген, Ешкі – Өлмес деген бекініс қорғанның қалдықтарынан Қызыл Құм арқылы әлі де сақталған құрғақ арнасы Өгіз Жылғасы деген атпен аталады. Осы арна бойында көне қорғандар мен бекіністер орналасқан: Шымкент уезінде – Ішкеле, Жарты –Төбе, Сазан, Оксус, Артық-Ата және Қауған –Ата, Перовск уезінде: Қара – Төбе, Абыз – Төбе, Келін – Төбе, Мейрам – Төбе, Ақ – Қорған, Құмиян, Алғыр – Салғыр, Қырғы – Өзгент, Қорасан – Ата, Бақсаис – Ата және т.б. А. Шазовтың хабарлауынша осы аталған кейбір қирандыларда кірпіш күйдіретін пештер сақталған, олардың ішінде күйдірілген және шығарылмаған күйінде қалған кірпіштер бар, содан ол мынадай шешімге келеді, не өзеннің арнасы өзгертілді, не өзге тайпаның тосыннан шабуылының салдарынан бекіністер қиратылған.»
Сонымен бірге И.Кастанье Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегіндегі Өзгент жайлы мәліметтерді де келтіреді.
Бір қызықтысы, бұл кітабінда И.Кастанье Өзгент қаласын бірде Жошының әскері соғыссыз алды десе, бірде қала халқы моңғолдарға қарсылық көрсетіп қырылған деп жазады. Не болса да моңғол шапқыншылығынан кейін аз уақыт ішінде қала Сығанақ қаласымен бірге қайтадан гүлденеді.
Тағы бір деректерде XV ғасырдың ортасында Сырдың бойына Әбілхайырмен ноғайлар келген, солардың бірі, атақты Едіге бидің немересі маңғыт Уаққас би 1446 жылы өзіне сыйға тартылған Сырдың сол жағалауындағы Өзгенттің билеушісі болған деп айтылады.
Кез келген ортағасырлық қалалардың шекарасы тек бекініс қорғанмен ғана шектелмейді, олардың айналасында, әсіресе осы Сыр бойындағы көне қалаларды алатын болсақ, халық егіншілікпен айналысқан. Өзгент қаласының да әкімшілік аймағы үлкен болған. Әрине, бұған байланысты тарихи деректер кездеспейді, осыған орай оның көлемі қандай болғанын біз айта алмаймыз, бірақ оның төңірегіндегі көне арықтардың іздері, кесенелердің қирандылары арқылы қаланың көлемін біле аламыз. Төлегетай мен Қылышты ата, Қорасан ата, Бақсайыс, Қылауыз және бүгінгі күнге дейін қабырғалары сақталған жалғыз кесене – Қасым ата немесе Төбесі ойық әулие кесенелері және де осы төңіректе жатқан қаншама кезінде ғимарат болған белгісіз төбелер осы Өзгенттің әкімшілік аймағына кірген.
Солтүстігінде 50-60 шақырымда орналасқан көне Сығанақ қаласы Өзгентпен тығыз байланыста болған. Бұған дәлел Өзгенттен көптеп табылған Сығанақтың теңгелері. Мүмкін, Өзгент қаласы Сығанақтың қол астындағы қаласы болған да шығар, алайда жуырда Оңтүстік Қазақстаннан табылған XIV ғасырда, нақтырақ айтсақ хиджра жыл санауымен 783 (1382) жылы Күнче ханның атынан соғылған «Өзгент соқпасы» жазуы бар күміс теңге Өзгент қаласын арнайы жеке, өзінің теңге сарайы болған маңызды қала ретінде көрсетеді.Өзгенттің өзінен де жошылықтарды таңбасы бар «Узгент соқпасы» деген жазуы бар мыс тиындар шықты. Күнче хан – тарихшыларға аты белгісіз хан әлі зерттеуді қажет етеді. Жошының қай баласының ұрпағы, оның өмір баяны, қанша жыл билік құрды – бұл бізге белгісіз, бірақ осы Өзгенттің соқпасы тарихымызда жаңа парақ бетін ашты.
Өзгент түрлі деректерде Оғызкент, Аузканд, Қырөзгент деген түрлі атпен аталады. Ертеректе бұл қала осылай талған да шығар, бірақ XIV ғасырдың теңгелерінде «Өзгент» (араб тілінде «ө» және «е» әріптері болмағандықтан «Узканд» деп оқылады) деп анық жазылған. «Уз» немесе «Өз» деген сөздің мағынасы әлі белгісіз, ал «кент» сөзі мәлім. Әрине, кейбір зерттеушілердің айтуынша қала «Оғыз» каласы немесе кенті деген мағынаны білдіреді десе, қала атауына байланысты басқа да нұсқаларды жоққа шығаруға болмайды.
Оңтүстікке қарай 30 – 40 шақырым жерде орналасқан көне Мейрамтөбемен де Өзгенттің байланысы болған. Бәлкім, Мейрамтөбе кезінде басқаша аталған да шығар, ортасында биік бекіністің қалдығы бар қала орны көлемі үлкен аумақты алып жатыр. Екі көне қаланың арасында орналасқан Молдақорған, Алғыр – Салғыр, Аққорған деп аталатын үлкен және шағын төбелер қалаларды байланыстырған. Бұл төбелер кезінде екі қала арасында жүрген жолаушылар тоқтап демалатын керуен – сарайлардың, не болмаса егіншілікпен айналысатын халықтың арнайы астық жинайтын қоймалары болуы мүмкін.
XVIII ғасырда Өзгент қаласы Сыр бойындағы өзге қалалар секілді жоңғар шапқыншылығына тап болады. «Елім ай» жыр дастанында авторы Қожаберген Толыбайсыншыұлы осы Өзгент қаласында Бөгенбай батыр бастаған қазақтармен жоңғарлар соғысып, 5 мыңға жуық қалмақ қазақтың қолынан қаза тауып, үлкен жеңіліске ұшырағанын айтып өтеді. Осында табылған көптеген қорғасын оқтар осы шайқастың дәлелі болуы мүмкін.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында да мұнда көп болмаса да халық өмір сүрген, бұған зерттеуші И.Кастаньенің мәліметтері дәлел.
Түйіндей келе, өзінің қойнауында көптеген сырларды сақтап жатқан Өзгент қаласы осы күнде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді күтуде. Бір өкініштісі, көне қала жанынан өтетін каналдар мен егіншілік алқаптары жер асты сулардың деңгейін көтеріп, қала қойнауында жатқан түрлі жәдігерлердің сақталуына қауіп төндіруде. Сондықтан, қала орнында археологиялық қазба жұмыстары тез арада жүргізілсе, бұл ортағасырлық қала жайлы көптеген қызықты мәліметтерді алуға мүмкіншілік болады.
Тарихи тағылымы мол көне Өзгент шаһарын сөз етудегі мақсат – Елбасы атап көрсеткендей, ертеден келе жатқан мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа өз қалпында жеткізумен бірге елдің бірлігін нығайта отырып, ұлттық құндылықты қайта жаңғырту. Оған қоса, жас буынның өркениет көшінде бабалар жолын берік ұстанып, тарихи танымын қалыптастыруда бұл шаһардың үлесі қомақты болары сөзсіз.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: