Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов жайлы деректі фильмінің жабық көрсетілімі өткенін және жиналған адамдардың арасында қызу айтыс болғанын "Ашаршылық құрбандары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаевтың "37-ші жылғы қуғын-сүргін тарихы қайта жазылады ма?" атты мақаласынан ("Жас Алаш" газетінің №57 саны, 22 шілде, 2014) оқып білдік.
Фильмді Қызылорда облыстық әкімдігі мен "Қазақ-фильмнің" тапсырысы бойынша режиссер Еркін Рақышев түсірген екен. Фильмнің негізгі желісі бойынша Жүргенов және тағы басқа билік басында отырған қайраткерлер ұйым құрып, Қазақстанды Кеңес Одағынан бөліп алып, тәуелсіз ел ету үшін бастарын бәйгеге тігіп күрескен көрінеді. Алайда, бұл пікірмен қатысушылардың бірқатары келіспеген. Тарихшы Бейбіт Қойшы-баев: "Ешқандай ұйым болған жоқ. Тарихты бұрмалауға болмайды. Қайраткерлерімізді ұрып-соғып, таққан жалған айыптармен мойындатып жазықсыз атқан", - деп, үзілді-кесілді айтқан. Дегенмен, Еркін Рақышев: "1937-38 жылдары атылған қайраткерлеріміз тәуелсіздік үшін күресті дейміз. Онда олар ұйымдасып күреспесе қалай күреседі? Олар ұйымдасқан. Оған фактілер жетеді",- деп, ҰҚК мен ФСБ-нің мұрағаттарында сақтаулы жатқан тергеу істерін дәлел ретінде келтірген.
Расын айтқанда, Рысқұлов, Жүргенов және басқаларының тергеу істері кезінде қайта қаралып, жазықсыз жауапқа тартылғандары анықталып, заң жүзінде толық ақталған болатын. Сондықтан да, "ұлт қайраткерлері тәуелсіздік үшін Кеңес өкіметіне қарсы күресті" деген пікір жиналғандар арасында күтпеген жерден дау-дамай туғызады. Рас, тергеу істерінде "ұлт қайраткерлері ұлтшыл-буржуазияшыл ұйымдар құрып, Кеңес өкіметіне қарсы күрес ұйымдастырды" деп, үзілді-кесілді айтылған. Алайда, іс жүзінде ондай ұйымдар болмағаны тексеру кезінде толық дәлелденді. Бұл жалған ұйымдар Қазақ-стандағы "ұлтшылдарды" жаппай жазалау үшін Кеңес өкіметіне ауадай қажет болды. Осы жайлы Қазақ ССР МҚК-нің бұрынғы төрағасы В.М.Мирошник 1937 жылғы қуғын-сүргінге байланысты сөйлеген сөзінің бірінде орын алған заңсыздық пен зорлық-зомбылықты мойындап, былай деген еді: "Архивные материалы изобилуют бездоказательными обвинениями в принадлежности к националистическим, пантюр-кистским, антисоветским, правотроцкистским, террористическим организациям, в проведении шпионской деятельности в пользу польской, финской, японской и других разведок...".
Айта кету керек, билік басында отырған ұлт қайраткерлерінің басым көпшілігі кезінде Кеңес өкіметін мойындап, өз еліне аянбай қызмет етті. Мысалы, Халық ағарту комиссары Жүргеновтің білім және өнер саласындағы атқарған еңбегі орасан зор. Осындай халқына адал еңбек еткен тұлғаларға лайықты құрмет көрсету, сөз жоқ, керек. Оқу орындарына, көшелерге мәдениет қайраткері Жүргеновтің есімі беріліп, туған жеріне ескерткіш орнатылып және деректі фильм түсірілгені өте орынды. Алайда, Рысқұлов, Жүргенов және басқа қайраткерлерді аса дәріптеп, ұлы күрескер деп танудың, меніңше, қажеті жоқ. Егер де ұйым болған, оны Мәскеуде Тұрар Рысқұлов басқарған десек, Кеңес өкіметінің отызыншы жылдары саяси желеумен Қазақстанда жүргізген жаппай репрессиясын да ақтап алуымыз керек (Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдасып, күрескен ұлт қайраткерлерін билік қалай жазаламай-ды?). Сондықтан да, бұл тарихи шындыққа сыйыспайды.
1937-1938 жылдары жала жабылып, репрессяға ұшыраған қаншама қазақтың маңдайалды азматтары жер жастанғаны айдан анық. Бұл құбылыстың әртүрлі түсінігі бар. Бірі Сталин, Ежов немесе Бериядан көрсе, енді біреулері қазақ зиялылары билік алдында бірін-бірі әшкерелеп, өз-өздерін құртты дейді. Расын айтқанда, бұл пікір де негізсіз емес. Сол себепті 37-ші жылғы қуғын-сүргін туралы шынайы тарихты қайта жазу оңай емес. Әрбір тарихи тұлғаның соңында үлкен тайпа ел тұр. Оларға шындықты қабылдау қиын. Аузыңды ашсаң болды: "Аттан!" деп шыға келеді. Демек, шындықты айту үшін әлі де біраз уақыт керек.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ