Бүгін Қазақстан Республикасы әкімшілік соттарының құрылғанына 5 жыл толуына арналған «Әкімшілік әділет – мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық сот төрағасы Әділхади Шағымбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, адвокаттар, мемлекеттік органдар қызметкерлері, ғалымдар мен құқық саласының мамандары қатысты.
Аймақ басшысы бес жыл бұрын қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа стандарттарын қалыптастырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы: «Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді», – деді.
Бұл мемлекеттік органдардың жұмыс мәдениетін өзгертіп, қабылданатын шешімдердің сапасы мен заңдылығына қойылатын талаптарды күшейтті.
Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Осы ретте өңіріміздегі сот қауымдастығы заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз еліміздегі құқық үстемдігін нығайту ісінде маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да Президентіміздің Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құру жолындағы ортақ жұмысымыз жалғаса беретініне сенімдімін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Мырзатаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті экономика және құқық институтының директоры, PhD докторы Айнұр Исаева сөз сөйледі.
Аймақта әкімшілік әділет институтының тиімділігі нақты нәтижелерімен көрініс тапты. Кейінгі бес жылда облыс соттарына 6 мыңға жуық әкімшілік талап қою арызы түсіп, 5 мыңнан астамына тиісті шешім қабылданған.
Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтерген маңызды бастамалардың бірі «е-Өтініш» бірыңғай платформасы. Аталған жүйе азаматтардың өтініштерін ашық әрі тиімді қарауға, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналды.
2021 жылдан бері өңірдің мемлекеттік органдарына 220 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа мәдениеті қалыптасып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігі арта түскенін көрсетеді.