Арал аудандық ішкі істер бөлімінің мәжіліс залында Арал аудандық прокуратурасының ведомствоаралық жедел мәжілісі болып өтті.
Арал ауданының прокуроры Б.Тоқмырзаның төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов, қала әкімі Б.Махатов және ішкі істер бөлімі қызметкерлері қатысты.
Жиынның күн тәртібінде: аудандағы қылмыстық жағдай және аудандық ішкі істер бөлімінің 2016 жылдың 10 айындағы қызметі, 2016 жылдың 10 айында аумақтық сот орындаушыларындағы әкімшілік айыппұлдардың өндірілу жағдайы және аудан көлеміндегі су айдыңдарында төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары сынды мәселелер қаралды.
Жауапты қызметкерлердің есеп беру барысында биылғы жылы қылмыс саны өткен жылғыға қарағанда 37% төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, айыппұл төңірегінде де кеңінен талқылау болып, бұл істе жіті бақылауды қажет ететіндігі баса айтылды.
Тағы бір тілге тиек етілген мәселе балықшылар бақылауы. Соңғы кездері ауа райының қолайсыздығы балықшылар қауымына қауіп төндіріп тұрғандығы ескеріліп, осы жағдайдың алдын алу үшін ішкі істер қызметкерлері тарапынан балықшылармен кездесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, бұл іске ауылдық округ басшылары да тікелей жауапты делінді. Және аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осы мәселенің жолға қойылатындығын баяндады.
Жиын соңында барлық ішкі істер қызметкерлерін қырағылық танытып, барынша белсенді жұмыс жасауға шақырды. Ел тыныштығы, тұрғындардың қауіпсіздігі солардың қолында екендігі ескертілді.