«Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» ақпараттық науқаны өткізілді
Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері «Кіші кәсіпкер әйелдер қоғамы» бірлескен қоғамы үкіметтік емес ұйымының қызметкерлерімен, «Жас Отан» жастар қанатының ерікті қатысушыларымен (волонтер) бірлесе отырып, адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күресу мақсатында «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» ақпараттық науқанын өткізді.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, акция барысында, халық жаппай жиналатын орындарда, мәдениет және демалыс парктерінде, сауда орталықтарында, теміржол және автовокзалдарда буклеттер, брошюралар, жадынамалар таратылып, флешмобтар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, перинаталдық орталықтарда, туристік фирмаларда, құрылыс объектілерінде және шаруа қожалықтарында үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен «Адам саудасына жол жоқ!», «Адам сатудан сақтаныңыз!», «Біз бірге адам саудасын тоқтатамыз!» атты тақырыптарда жиналыстар өткізіліп, азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.