Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«АҚСУАТТАН» ТЕГІН ЖЕР БЕРІЛМЕЙДІ

«АҚСУАТТАН» ТЕГІН ЖЕР БЕРІЛМЕЙДІ Ел арасында Қызылорда қаласының «Ақсуат» ауылдық округіне қарасты Махамбетов аулында жеке тұрғын-үй құрылысы үшін тегін 10 сотық жер беріліп жатыр екен» деген хабар желдей есті.
Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің хабарлауынша, ауылдық әкімшілік ғимаратының алдында 6 сәуірден бері үймелеген кезек пайда болған. Жел сөздің жетегінде кетіп, дүрліккен жұрт таң сәріден әкімшілік маңын торуылдап жүрген көрінеді. Қазіргі таңда жер телімін алуға өтініш білдіргендер саны 3500-ға жеткен.
Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебаев «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтқанындай, оған еш негіз жоқ. Тек дақпырт әңгіме.
Бұл жайсыздықты болдырмау мақсатында бірнеше мәрте жауапты мекеме мамандары тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бірақ, оған қарамастан кезекке тұрған халық саны толастамай тұр. Тіпті, Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы сынды облыстың шеткі аймақтарынан да арнайы көлік жалдап келіп жатқан адамдар бар.   Осы орайда, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділбек Ерсұлтанов, қала прокурорының орынбасары Елжан Әжібеков, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Ақарыс Нұрсейітов және өзге де жауапты мамандар аталмыш мақсатта БАҚ өкілдерімен кездесіп, жағдайдың жәй-жапсарын ашып, түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізуге шақырды.  
Ал, «В контакте» әлеуметтік желісіндегі «Тегін жер» бірлестігінде белгісіз атпен жалған ақпар таратушы іздестірілу үстінде.
– Ақсуат ауылдық әкімінің жалған ақпарат таратушыға жаза қолдану туралы арызы қаралуда. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру жұмыстары өз нәтижесін берген кезде заңға сәйкес 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы кесіледі, – дейді Елжан Әжібеков.
Сондай-ақ, сөз арасында сала мамандары осы жағдайды пайдаланып, «тегін жер алып беремін деп» халықтың қалтасын қағатын алаяқтардан да сақ болу керектігін ескертті. 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: