Ләззат Қалтаеваның кандидатурасын БҰҰ комитетіне сайлауда 157 мемлекет қолдады
Ләззат Қалтаева Қазақстанда инклюзияны дамыту және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Қазақстан өкілі Ләззат Қалтаева 2027–2030 жылдарға арналған БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды. Сайлау Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының 19-сессиясы аясында өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол 157 мемлекеттің қолдауына ие болып, барлық кандидаттардың арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстан өкілімен бірге Комитет құрамына Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия елдерінің өкілдері де сайланды.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға өмірін арнаған
Ләззат Қалтаева – Қазақстандағы инклюзия және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы беделді қоғам қайраткерлерінің бірі.
2024 жылдың қазан айынан бері ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі әрі Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрайымы қызметін атқарады. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болған.
Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігін басқарып келеді. Сонымен қатар Алматы қаласы Мүгедектер ұйымдары қауымдастығының төрайымы болып табылады.
Сондай-ақ Ләззат Қалтаева Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті – мемлекеттердің Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция талаптарын орындауын қадағалайтын және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін тәуелсіз сарапшылар органы.