Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Сөзге дес бермейтін шешен

Қараөзек дариясының бойында Айқожа Досқанұлы өтіпті. Бүгінде есімі ұмытыла бастаған «Айқожа шешен айтыпты» деген әңгімелер ел аузында жүр.
Алла оған үйлі-жайлы болуды, артында ұрпақ қалдыруды жазбаса да ол бүкіл өмірінел халқына арнаған. Астында аты бірде болса, бірде болмайтын. Болмайтын себебі халықтың мінгізген аты мен шапанын мінезін білетін ауыл пысықайлары «Айеке, мына атыңыз бен шапаныңыз бізге лайық екен» деп өтінсе, атынан түсіп, шапанын шешіп беріп жүре беретін жомарт жан болған.
Айқожа – сөзге дес бермейтін шешен. Өзіне қысым көрсеткісі келгендерге именбейтін болған. Басып жүрген жерін ойын-күлкіге бөлеген. Диуана кейіпте бүкіл ғұмырын жұпынылықпен бұл өмірден Қожанасыр секілді халық ықыласына бөленген.
Ол Қараөзек бойын жайлаған сол заманның алпауыттары Аппаз бен Мырқы, Сауранбай болыстармен тұстас замандас. Алайда оның есімі елге мәшһүр.
Туылған, өмірден өткен жылдары белгісіз. Осы кісінің айтыпты деген әңгімелері арқылы сіздерге азды-көпті білгенімді ұсынудамын.
Сауранбай болыс атына сай думанды той жасап, тойға әр рудың беделді дегендеріне арнайы жекелеп үй тіктерсе, сол үйлердің ішінде өзінің ақ боз үйіне осы маңның менмін деген беделділерімен тойды қыздыратын ақын, әнші, жыршылар бөлек түсіріліп, күтіледі. Әнші-жыршылардың салған әндері тойды қыздыра түседі. Арасында әзілдер, әңгімелер де айтылып, сөздің басы «Айқожа айтыпты» деген небір қуақы сөздер Айқожаны жақтырмайтындарға шаншудай қадалады. Көп ішінен «осы диуананы бір ауыз өлеңмен масқара етер бір ақын бар екен» деп қымызға қызған ақын жігіттер Садақбай ақынға мақтауын жеткізе назар аударады. Көпшіліктің сөзіне желпіне Садақбай «мен байқайын» деп келіскендей сыңай танытады. Осы сәтті күткендей үй маңына Айқожа да сәлем бере келеді. Айқожаның келгенін іштегілер де естіп, «Енді не болар екен» дегендей, әркім өз топшылауын өзінше ойласа, Садақбай Айқожамен бетпе бет жүздесіп айтуға жүрегі дауаламай, «Айқожа айтқан сөздің қайдан шыққанын білмей қалсын. Мені ірге жаққа көрпемен жауып қойыңыздар» депті. Айқожа дауысын естіген Сауранбай да сыртқа шығып, Айқожаға қарай беттейді. Айқожаның астында өзі арық, ері, жүгені, ноқтасы жоқ, ер орнына ескі көрпеше салып, үзеңгілігіне жалаң аяғын тіреп тойға құтты болсын айта келгенде, бір көзінің қылиы бар болыстың қызметшісі алдынан қарсы шығып, Айқожаның осы сиқын мазақ ете:
– Айеке, аяғыңды абайлап тіресең етті. Қыл арқан табаныңды тіліп кетер, – дейді өзінше кемсіткен кескінмен аттан түсуге жәрдемдесе беріп. Үйден шығып келе жатқан болысқа:
– Сауранбай-ау, мына елден бұрын секірген қояның кім еді? – дегенде, болыс та:
– Айеке, өзіңіздің жиеніңіз ғой, – деп қолтықтай алып үйге кіргізеді. Есіктен іргеде жатқан Садақбай ақын:
Атың сенің – Айқожа,
Әкеңнің аты – Досқана.
Қатының жоқ, балаң жоқ,
Өмірің өтті-ау, бос қана, – дегенде, Айқожа дауыс шыққан жаққа бұрылып:
Алланың ісіне не шара,
Бұны айтқан қай бейшара, – деп жабулы көрпені көтеріп:
– Е…е, Сауранбайдың жабулаған қара тазысы ма десем, Садақбай ақын сен бе едің? – деп бұдан да сүрінбей өтсе керек.
Қараөзек бойын жайлаған ағайынды алпауыт Аппаздың інісі Мырқы қажылықтан оралып, жаз жайлауын қырда өткізсе, ағасы Аппаз Сырда қалады. Мезгілсіз ажал Мырқыны алып, Сырдағы ағасы Аппазға естіртуге төрт-бес кісі жіберілді. Хабаршылар Аппаздың қаһарынан сескеніп, Мырқының өлімін естірте алмай кешуілдеп жатып алған екен. Аппаз бір жайсыз хабарды жүрегі сезіп, бірақ мына келгендерден оны ести алмай іш-құса болып отырғанына бір-екі күн болған. Осы ауылдың үстімен Ақмешітке қарай кетіп бара жатқан Айқожа шешен ауыл ішіндегі күбір-сыбырдан Мырқының өлімін келгендердің естірте алмай жатқанын естіп, Аппаздың үйіне кіріп келіп, тізерлей отырып, екі қолын жоғары көтере:
Е! Аппаз! Көтер басыңды,
Ділдә жапырақ үзіліп жерге түсті.
Қырдағыны Сыр, Сырдағыны Қыр көре алмай,
Бұл дүниеден Мырқыдай мырза көшті.
Алла иманын берсін, әумин, – деп бетін сипап үйден шыға бергенде, басын төмен салып отырған Аппаз:
– Аһ, – деп құлай кеткен екен.
Аппаз есін жия аңтарылған ағайын-туыс көңіл айтуға кіре бастайды. Аппаз да есін жинай:
– Айқожа қайда, табыңдар, – деп бұйырады. Бұл кезде Айқожа да қазіргі «Талсуат» елді мекеніне жақындап қалса керек. Шабармандар қуып жеткеннен кейін Айқожа бабаның алдына келеді. Сонда Аппаз болыс:
– Ей, Айқожа! Сен болмағанда мына отырғандар, – деп иегімен келген хабаршыларды нұсқай, – Мырқының артынан мені де жібере жаздады ғой, – деп ризалығын білдіріп, астына ат, үстіне шапан жауып жібереді.
Бірде Айқожа шешен еліне көрші қоныстанған Қосылбай деген байдың ауылына келсе, кездескен кісілер: «Бай сен түгіл анау-мынауды да қабылдамайды» десе керек. Тәуекел деп байдың отауына келсе, есік алдынан бәйбіше жолығып, диуана кейіптегі кісіні менсінбей:
– Әрмен жүр, үй иесі жоқ үйде, – деп жолатпапты. Әріректе орналасқан бай жалшыларының бірінші үйіне түсіп, байдың үйінде екенін біледі.
Сонда Айқожа:
Үйіне келіп едім Қосылбайдың,
Келін датқа қызы Тұрсынбайдың.
Үйінде бар адамды жоқ деп айтқан,
Негізі оңбаушы еді осындайдың, – деп жазып жібереді. Артынша көп ұзамай өзін үйіне кіргізбеген тәкәппар бәйбіше кешірім сұрай келе үйіне алып барады. Айқожаға: «Ағатай, кешірім өтінемін» деп:
– Әйелдің бір мінезі иттік деген,
Қосылбай да:
– Айеке, келініңізден бір қателік болған екен, – деп сый-құрмет көрестіпті.
Сәске кезі болса керек. Қалжан ахун үйінің есігі шығысқа қарай ашылып тігілген. Үй қазіргі ахун мешітінің маңы болса керек. Үйде төрт-бес «менмін» деген ауқаттылар орталай «ахунға» деп арнайы құндыз ішік әкеліп, шәй ішіп отырған кезі екен.
Есіктен Тереңөзек бағытынан келе жатқандар анық көрініп тұратын. Осы үйді туралап бір жаяудың келе жатқанын төрдегі ахун көз жетер жерге келгенде, оның Айқожа екенін танып, орнынан тұрып, келе жатқан кісіге қарсы жүріп, құшақтаса амандасады. Үйге қолтықтай кіргізіп, келген кісіні өзінің оң жағына орналастырып, бұрынғы қонақтарын ұмытқандай бар ықылас пейілмен әңгімелесе бастайды. Үлкен сый әкеліп, құрметке бөленіп отырғандар ыңғайсыздық таныта отырғанымен сыр бермей ақырына дейін тосуға мәжбүр болады.
Қонақтар шәйден кейін болбырай піскен ет жеп отырғанда, Айқожа үйдің ішіне көз жүгіртеді. Тамақ желініп, бата қайырылған соң қонақтар жүруге ыңғайын таныта бергенде, Айқожа Қалжан ахунға қарап, төрде керегеде ілулі тұрған құндыз ішікті нұсқай:
– Қалжанжан, мына бір киім тәуір екен, – дегейді. Ахун да жылдам орнынан тұрып:
– Ұнатсаңыз, сізге бұйырсын, – деп ішікті ағасының иығына жапқан екен.
Айқожа ішікке қызыға қарап тұрып:
– Ау, мұның байғазысы болмай ма екен, мұны қалай киемін, – дегенде:
– Ішігіңіз құтты болсын, Аллауакбар, – деп бетін сипапты.
Айқожа үстіндегі ескі шапанын шешпестен жаңа киген ішікпен келген бағытымен кері теміржолды бойлай Тереңөзекке бет алып, жүріп кетеді. Бағанадан бері тағатсыздана отырып, қонақтар диуана құрлы қадірі болмағанына, оның үстіне бәрінің жабылып әкелген қымбат киім сол диуанаға бұйырғанына ызалана ахунға:
– Сізге құрмет көрсетіп, сыйымызды әкелген едік. Сізге келген диуанаға сонша ықылас танытып, тіпті бізді ұмытып, сыйымызды менсінбегендей сол диуанаға сыйлауыңызды түсінбедік – дегенде, Қалжан ахун:
– Бауырлар, ішікті маған деп алып келсеңіздер, рахмет. Ішік енді менікі. Оны киемін бе, жоқ әлде біреуге сыйлаймын ба, ол менің шаруам емес пе? Ертең Алла тағаладан хабар келіп, о дүниелі болғанда ақырет қылкөпірдің бір жағында Құл Қожа Ахметпен бірге осы кісі тұрады. Сол кезде маған көз қиығын салар ма деп, сіздерден гөрі келген кісінің жағдайын жасауымның мәнісі осы еді. Айыпқа бұйырмаңыздар, – деп келген меймандарын өкпе-реніштерін жаздырса керек.
«Айқожаның Қалжан ахун үйінен құндыз ішік киіп келе жатыр» деген хабар Тереңөзектегі билікке енді араласа бастаған жас, әрі оның бойдақ кезі Ешмұратқа да жетеді. Құндыз ішікті ағасынан қалай да алып қалудың жолын ойлап, алдынан қарсы шығып, сәлем бере:
– Аға, біздің үйдегі өзіңіздің жеңгеңіз «қайным соқпай кетті», – деп қоймайды. – Жеңгеңізге соғып шәйін ішпейсіз бе, – деп қолқалай үйіне алып келеді.
Өзінің үйінде соярға малы болса да ағасы Әбдірейдің бір семіз қойын өзінің жанындағы жігітті жұмсап сойғызып, етті қазанға салдыра жүріп шешесінің қойған шәйін ішіп ағасы Әбдірейіммен әңгіме-дүкен құра береді. Әне-міне дегенше ет те пісіп, тамақ та желінеді. Сорпа ішіп отырғанда Әбдірей ағасы:
– Ешмұрат-ау, бүгін бір сорпа ішіп, терлеген күн болды-ау, – деп өз қойының еті екенін білмей інісіне ризалығын білдіріп жатады. Келген кісілер тарқауға айналғанда Ешмұрат би шешесіне:
– Апа, өткенде қайныма бір шапан алып қойдым, келсе кигізем деп жүр едіңіз, қайныңыз келді, кигізбейсіз бе? – деп шешесіне бұрылады. Сол кезде анасы сандықты ашып, жұқа жібек шапанды алып береді.
– Айқожа аға, құтты болсын шапаныңыз, – деп жұқа шапанды ағасының үстіне жабады.
Сонда Айқожа жұқа шапанды қапсырып:
– Әй, бәтшағар, күптей болып келіп ем, сыптай етіп шығардың-ау, – деген екен.

Жәнібек МАХАМБЕТ,
өлкетанушы
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: