Жиырмасыншы ғасыр қарсаңында Перовск қаласының тарихи географиясы, тарихи топонимикасы назар аударуға тұрарлық. Бұл кезеңде, яғни, 1890-1900 жылдар аралығында өңірімізге 46 рет экспедиция ұйымдастырылған.
Қала тарихын түгендеуде ерекше із қалдырған генерал Василий Каллаур 1898 жылы Перовск уезінің бастығы қызметіне тағайындалған. Қызметіне келген уақыттан бастап осы өңірдегі ежелгі қоныстарды аралап зерттеу жүргізуді алдына мақсат етіп қойған.
Ал бұған дейін 1891 жылдан Перовск уезін басқарған полковник Георгий Загряжский жергілікті тұрғындардың ерекшелігін жазып отыруға ден қойған. Ол Орта Азия ғалымдар қоғамына Сыр өңірі қазақтарының этнографиясынан хабарлама жасап отырған. Бұл екі автор да аталмыш жазбаларды Сыр бойында әскери қызметте жүріп, қағаз бетіне түсірген. Ел басқару ісін жергілікті қазақтардың тарихи-этнографиясын зерттеу ісімен ұштастырған.
Г.Загряжскийдің алға қойған мақсатының бірі – жергілікті қазақтардың ерекшелігін зерттеу. Оның «Очерки Перовского уезда» атты мақаласында Перовск уезі қазақтарының Сырдария өзенінің суының тасуын суармалы егіншілікке тиімді пайдалану жолдарын көрсеткен. Сондай-ақ уездің оңтүстік шығысында Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлы қамысты жерлерде қоныстанған орта жүз қазақтарының көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарын, олардың шаруашылықты жүргізу ерекшеліктерін қамтыған.