Жүз елу жылдан астам тарихы бар облыстық аурухана Қазақстандағы ежелгі емдеу мекемелерінің бірі. Қызылорда облыстық медициналық орталық (бұрынғы облыстық аурухана) Сыр өңiрi халқына жоғарғы деңгейдегi мамандандырылған медициналық көмек көрсететiн бiрден-бiр iрi емдеу мекемесi болып табылады. Аурухана тарихы 1853 жылдан басталады: уезд орталығы Перовск (Ақмешiт, Қызылорда) қаласының 5 мыңға жуық тұрғындары арнайы медициналық көмектi әскери Лазареттен алған болатын. Қорғанның ішінде әскери Лазарет орналасқан
Осы тарихи кезеңдер аралығында аурухана аты бiрнеше рет өзгердi:
1858 ж - Медициналық Лазарет
1906 ж - Учаскелiк емхана
1910 ж - Уездiк қалалық аурухана
1919 ж - Ауданаралық аурухана
1925 ж - Өлкелiк ұлттық клиникалық аурухана
1929 ж - Аймақтық аурухана
1931 ж - Қалалық аурухана
1938 ж - Облыстық аурухана
2000 ж - Облыстық медициналық орталық
Аурухана 1925 – 1998 жылдар аралығында 3 рет жаңа типте салынған ғимараттарға көшiрiлген (1927, 1967, 1998 жж). Бүгiнгi орталықтың ғимараты ТМД елдерiндегi теңдесi жоқ кешен болып табылады. Аурухана қаланың оңтүстiк-батысында, қала орталығынан 8 км жерде орналасқан. ҚР Министрлер кабинетінің 1992-жылы 25 наурызында қабылдаған №280 «Арал өңірінде тұратын тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан мемлекеті Болгария мемлекетімен келісім-шарт (договор) жасалынып, ғимараттың құрылысын «Қазақ – Болгар Құрылыс» тресі салды. Көп салалы кеніштің Қызылорда қаласында салынуына зор ықпал еткен ССРО Халық депутаттары: Н.Әуелбеков – облыстық компартия комитетінің бірінші хатшысы, Т.Маханов – облыстық аурухананың бас дәрігері. Мұндай аурухананы салу ол кездері тек ССРО Үкіметінің құзырында болатын. Аурухана құрылысының салыну мезгілі еліміздің қиын кезеңіне тап келді. Соған қарамастан облысты басқарған әкімдер: С.Шауқаманов, Б,Сапарбаев, С.Нұрғисаевтар кешен құрылысының аяқталуына және оны тиісті құрал- жабдықтармен жабдықтауға қажетті қаражаттар бөлінуіне көп еңбек сіңірді.
Облыстық медицина орталығы 1998 жылы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Орталықтың құрамында Финляндияда жасалған "Уникон” жылу қазандығы, қуаты 480 квт. Дизельдi агрегат, секундына 7 литр су беретiн тереңдiк су құбыры, сағатына 440м2 оттегi өндiретiн "АКДС-70м” маркалы станция, 230 нөмiрлi АТС және т.б. бар. Облыстық медициналық орталық уақыт талабына орай қазiргi кезеңгi жоғарғы технологиялық Ресей, Швеция, Франция, Жапония т.б. елдерiнде жасалған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлген. Оның үстiне 2004 жылдың ақпан айында жапон гранты бойынша 3,8 млн АҚШ доллары тұратын 124 түрлi аппараттар алынды. 1938 жылдан бастап бұл емдеу мекемесі облыстық аурухана болып қайта құрылды.
Сол жылдардан бастап облыстық аурухананы м.ғ.д. А.С.Ыдырысов, м.ғ.д. Ш.Н.Абдуллаев, м.ғ.к. Т.М.Маханов, м.ғ.д. Д.А.Даулетбаев, А.С.Шүленбаев, 2008 жылдан м.ғ.д. Н.Б.Табынбаев басқарады.
Әр кезеңдерде әсіресе аурухананы А.С.Ыдрысов, Ш.Н.Абдуллаев, Т.М.Маханов басқарған уақыттарда аурухананың өсуіне, өркендеуіне, емдеу шараларының жақсаруына, ұлттық мамандардың көптеп тартылуына зор еңбек сіңірді. Облыстық аурухананың дәрігерлері А.С.Ыдрысов, Ш.Н.Абдуллаев, Чун-Сюн Фушанович, Д.А.Черкасова, М.Н.Ким, Е.Омаров, Т.Маханов, В.Х.Пак, С.З.Донина, В.Исаев, М.Н.Яньшин, М.Г.Егорова, К.Я.Волкова, т.б. аурухананың өркендеп-өсуіне зор ықпал етті. Ерен еңбектері бағаланып, олар ҚазССР еңбек сіңірген дәрігері деген құрметті атаққа ие болды. Бұл сол кезеңдегі қызмет еткен дәрігерлердің аса біліктілігін халыққа көрсеткен еңбектерінің жемісі.