1917 жылдың екінші жартысында қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем ауырлап кетті.
Перовск уезінде Е.Қасымов басшылық еткен уездік ұлттық комитет пен Х.Ибраһимов басқарған қазақ депутаттарының кеңесі арасындағы өзара қатынас талас-тартысқа айналып, ауыз бірлік таппады. Бұл екі арадағы өзара кикілжің Қазан революциясынан кейінгі уақытта да жалғаса берді. Осындай жағдайда жаңа орыс билік мекемесі – жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесі өкілдері Ақмешіттен Ташкентке дейінгі аралықтағы Жөлек, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және басқа жерлердегі халықты ашықтан-ашық талап, зорлық-зомбылықтарын жүргізді.
Алайда большевиктер ұйымдастырған төңкерістен кейін елде мүлдем түсініксіз аласапыран саяси ахуал қалыптасады. Осыған байланысты А.Байтұрсынов сол кезге мынадай сипаттама береді:
«Қазақтарға ақпан революциясы қандай түсінікті болса, қазан революциясы оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Олар ағашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. Қазақ халқымен таныс адамдар үшін қазақтардың бұл революцияларға деген мұндай қатынасы әбден табиғи және түсінікті болатын. Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алуындағы себебі, біріншіден, бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруына, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді.