Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Арал асар және Кердері кесенесі 

Арал асар қалашығы және Кердері кесенесі (ХІІІ-ХІҮ ғ.ғ)  – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 65 шақырымда орналасқан. 
Археологиялық зерттеулер теңіз табанында ортағасырлық мәдениет пен өркениеттің ошағы болғанын дәлелдеді. Оған теңіз табанынан 2001-2004 жылдары табылған кесене мен қала орнының анықталуы себеп болды. Арал табанында керуен жолдарының да іздері қалған. Кейіннен теңіз суының қайта толуына байланысты жойылып кеткен. Арал асар қалашығы мен Кердері кесенелері шамамен ХІІІ-ХІV ғасырлардың ескерткіштері. Табылған заттай деректер бұл қалашықта егін, мал шаруашылығымен айналысқандығын көрсетеді. Үлкен-үлкен тас диірмендер, тұрмыстық шырағдандар, мал сүйектері мен қыш қаландыларының шашылған бөліктері және мыс теңгелердің табылуы соны көрсетеді. Сонымен қатар, теңіз табанынан кесененің табылуы да осы аймақтағы жерлеу құрылысының ерекшеліктерін көрсетті. Ескерткіштерден табылған керамикалық бұйымдар оларды Алтын Орда дәуірімен мерзімдеуге мүмкіндік берді.
Тарихи-ғылыми деректерде Арал теңізінің көлемі бірде үлкейіп, бірде кішірейіп отырғаны байқалады. Жалпы, Арал деген атаудың өзі теніздің о баста шағын көлдерден құралғанын, олардың ара-арасында елді мекендердің көп болғанын байқатады. Сонау жылдары іргелі қазба жұмыстарын жүргізген С.Толстов экспедициясы Аралдың оңтүстік-батыс жағында Алан қала, Шайтан қала секілді аралдардың болғандығын жазған еді. Бұл сор – Барсакелместің маңындағы аралдар. Осындағы Алан қалада біз сөз етіп отырған жәдігерлерден табылған жалпақ тастар көптеп кездеседі. Оны С.Толстов ежелгі аландар мәдениетінің калдығы деп білген. Орыс деректері бойынша, Арал өңірі ескерткіштері жайлы алғашқы мәлімет XVII-XVIII ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Арал өңірі мен Оңтүстік Қазақстан аймағында археологиялық ескерткіштердің зерттеле бастауына келсек, 1867 жылы Ресей Археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша осы өңірде шығыстанушы П.И.Лерх өз жұмысын бастады. 
ХХ ғасырдың басындағы тарихи материалдарға сүйене отырып, тарихшы мамандар қазіргі Арал теңізі табанындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге «Кердері» және «Арал асар» деген шартты атау берді. Бұл аталған нысандар Барсакелмес аралынан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан. 
Кердері кесенесі бұрыштарымен әлемнің төрт бұрышына бағытталған және жоспары жағынан жалпы өлшемі 12х9 м тікбұрышты пішінге ие. Кесененің іргетасы шамбал тас тақтасынан құйылған, олардың орталық өлшемдері 20х30х15 см-ден 100х50х25 см-ге дейін өзгеріп тұрады және 1,2 м биіктікке жетеді. Ол ені 2,2 м үш қатармен құйылған.  Жалпы кесененің порталды қабырғалары сары және қоңыр түсті күйдірілген кірпіштен орнатылған. Өлшемдерінің, сәулет ерекшеліктері мен құрылыс материалдарының жиынтығына байланысты бұл құрылыс ХІІІ-ХІҮ ғғ. осы аймаққа тән қасбетті кеңселер түріне жатады. Аталған қалашық туралы ауызша, жазбаша деректер өте аз. 
Арал теңізі табанына жүргізілген археологиялық жұмыстардың мақсаты – теңіз табанынан табылған жәдігерлерді археологиялық, тарихи, этнографиялық және географиялық тұрғыдан жаңаша зерделеу болып табылады. 2017 жылы облыстық бюджет есебінен қазба жұмыстары жүргізілді. 
Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне енген.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: