Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

АЙДАҺАРЛЫ-ҚҰДАЙБЕРЛІ ҮҢГІРІ

Қазақ халқының табиғат құбылыстарына қатысты ерекше сенімдерінің бірі үңгірлермен байланысты. Бұл тас дәуіріндегі алғашқы адам қоныстары болғандықтан ба, жоқ әлде үңгірлердің қазіргі адам сезіне бермейтін тылсым қасиеттері ме, әйтеуір, олардың көпшілігі Әулие атанады. Көп жылдар этнографиялық зерттеулер кезінде Баянауладағы «Қоңыр әулие», Балқаштың Сарыарқа жағындағы «Бектау ата», т.б. үңгірлерде болған кезімде қазақтың ескі дәстүрмен үңгірлерге түнеуге келіп жүргенін көрдім. Әсіресе, Құдай тағаладан бала тілеген немесе денсаулығына байланысты келген әйел адамдар көп болады.

АЙДАҺАРЛЫ-ҚҰДАЙБЕРЛІ ҮҢГІРІ

Баянаула жерінің көне тарихынан сыр шертетін аяулы ескерткіші – «Қоңыр әулие» немесе «Әулие тас» үңгірі Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Ертеден бері адамзат баласының анасы – Байананың құт мекені осы жер деп есептеледі. Аңыздың бір нұсқасында Қоңыр деген әулие осы маңда жер бетін топан су басқан заманда өмір сүрген-мыс делінеді: «Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық кылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, отбасын құрмайтын үш ағайынды: Қоңыр, Қыран, Құлан дегендер Нұқ пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суда қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып, су қайтқанда, оларды осы Баянаула тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі Жамбақы жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегені туралы аңыздар бар. Қоңыр әулие әркімнің сұраған тілегін беріп, Қыран әулие әркімнің жоғын тауып беріп, келе жатқан жауды күншілік жерден көріп, адам болып хабар беріп, сағым болып жоғалып кетеді екен. Іздегенге оңай таптырмапты. Құлан әулие кейде құлан, кейде адам бейнесінде көрініп, халық малының амандығына, өсіп-өнуіне жәрдем жасайды екен».
Бұл аңыз әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін ғажап мазмұнымен қызықтырады. Нұқ пайғамбардың топан суға қатысты әңгімесі басы Таурат болып барлық ескі шежіреде белгілі, бірақ Нұқпен бірге сол ғаламат топан судан құтылған үш әулие туралы аңыз тек қазақта ғана бар. Олай болса, Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Осындай аңыздар біздің қазақ тарихының ең көне, ең тұңғиық, мөлдір бастауларына нұсқайды. Бұл – адамзаттың балалық шағы.
Әулиетас киелі үңгірі туралы белгілі өлкетанушы Н.Коншин XIX ғасырдың соңында «Керекуден Қарқаралыға дейін» аталатын жол жазбасында тамсана жазады:
"На Аулие-тас ездят молиться больные и просто бедные киргизы, а главным образом бездетные женщины. Приезжают обыкновенно под вечер и ночь проводят или в пещере, или где-нибудь вблизи ее. Богатые колят барана и мясо его варят, разложив костер у входа в пещеру. Мясо варится непременно в воде из казана в пещере, оттуда же берут воду для омовения, пьют ее и особенно поливают ею больные части тела. Вода эта по мнению киргиз имеет целебные свойства. Как мне потом рассказывал один баянаульский старик – Чагыбай Тасыбаев, молящие делают еще свечи из чия, обвернув его ватой или тряпками, пропитанным жиром от заколотого барана; эти свечи (шырак) жгутся в пещере, причем показывают вид, что умываются огнем и потирают им больное место на теле. Чем больше сжигаются свечи, тем лучше. По тем снам, какие снятся во время спанья около пещеры, можно судить исполнится или нет просимое. Бедные, в знак жертвы, вешают повсюду лос­кутки, а богатые как я сказал, колят барана и кладут на казан в пещере деньги. Эти деньги, по словам того же Чагыбая, бедняки имеют право взять себе, но при этом непременно надо обратиться к святому духу пещеры со словами «таксыр, не сердись, позволь мне взять эти деньги».
Глубокой, немагометанской стариной вьет, конечно, от всех описанных обрядов. Татары не почитают пещеры и если когда и ездят к ней, то из простого любопытства, как и русские. Несмотря на расспросы многих из киргиз, я не мог хорошо выяснить, кому молятся они в Аулие-тас. От некоторых я слышал рассказ о святом, который жил в пещере – на высоком потолке ея и теперь витает, будто бы его душа, а по словам других, там есть даже опочивальня святого…»
Біз сөз еткелі отырған Айдаһарлы-Құдайберлі үңгірі Баянауладағы Қоңыр әулиеге ұқсамайды, әңгімесі тіпті бөлек. Ең алдымен бұл үңгірдің Жақсы Көң аталатын Сарыарқаның кішкене өзенінің биік, жарлауыт жағасында екенін айтқан жөн. Жақсы Көң мен Жаман Көң қосылып бұл өзен Көң аталады және Сарыарқаның тағы бір белгілі өзені Құланөтпеске құяды. Ұзындығы 300 шақырымдай болатын Құланөтпестің аты мыңжылдықтармен астасып, сонау Алаша хан, Дабу соқыр, Домбауыл мерген заманына барады. Құланөтпес өз кезегінде Қорғалжын көліне ене бере Нұра өзенімен қосылады.
Егер сіз Астанадан Айдаһарлы үңгірін іздеп жолға шықсаңыз, алдымен Қорғалжынға соғасыз, одан Талдысай ауылына баратын жолды сұрап анықтап алуыңыз керек. Ертеде Талдысайдан әрі Шөптікөл аталатын кішкене ауыл бар болатын. Жан-жағы толған ескерткіш. Сізге, әсіресе, Талдысай мен Шөптікөл арасында бірнеше шақырымға созылып, қатар-қатар жатқан көне түркі дәуірінің сынтастары әсер етпей қоймайды. Шөптікөлден әрі Жақсы Көңнің бойын өрлей жүрсеңіз, өзеннің сол қабырғасында, төбенің баурайында Айдаһарлы үңгірі кездеседі. Жергілікті қариялар ықылым заманда Айдаһар бұл өңірдің иесі де, киесі де болған екен-мыс дейді. Осы қамқорлығы үшін Құдайберлі аталатын бай жылына Айдаһарға деп бірер жылқыны сыбағаға алып келеді екен. Айдаһар мен Құдайберлінің достығы көп жылдарға созылады. Жылдардан жыл, айлардан ай өтеді, бір жылы Құдайберлі уақытында Айдаһарға сыбағасын жеткізбейді-мыс. Жақсы Көңнің жағасында, биік төбенің басында Айдаһар досын көп тосып қалады. Қарны ашып, досына ашулы жатқан кезінде Құдайберлі байдың баласы аң қуып жүріп Айдаһардың алдына келіп қалады. Айдаһар оның досының баласы екенін таныса да, ашуын баса алмай ат-матымен жұтып қояды-мыс. Күндерден күн өткенде Құдайберлі баласын іздеп жолға шығады. Бір пәле келсе осыдан келді ғой деп, Жақсы Көң бойындағы үңгірге жақындаса, Айдаһар төбенің басында жатыр екен, Құдайберліні көре сала үңгірге ұмтылады. Құдайберлі үңгірге бар екпінімен шауып келіп, айдаһардың құйрығы үңгірге жаңа еніп бара жатыр екен, қылышымен шауып жіберді дейді. Содан бір мезгілде Айдаһар үңгірдің ішінен «Сен Құдайберлі балаңды ұмытпассың, мен құйрығымды ұмытпаспын, осыменен қош-сау бол» деп дауыстап, енді қайтып жер бетіне шықпады дейді».
Қазақтың аңыз-әңгімесі осы. Жергілікті жер танитын қариялар Құдайберлінің бұл өмірде болғанының дәлелі ретінде биік бір жотаны көрсетеді. Бұл – Құдайберлі аталатын жота. Сол жотаның басына шықсаңыз, ерте бір заманның қорымын көресіз. Соңғы екі-үш ғасырдың ескерткіші емес екені тастан үйілген обалардан, әр жерде шошайып тұрған құлпытастардан-ақ білінеді.
1816 жылы қазақ даласындағы кен орындарын іздеп шыққан И.Шангин басқарған экспедиция осы жерде болған екен. Жолбасшылық қылған қазақтар оларға да біраз әңгімені айтқан болуы керек: «…р.Якши-кун орошает весьма узкую долину, граничащую с обеих сторон горами известкового камня…В одной из таковых гор, скалой над левым берегом возвышающейся, показали нам проводники киргизцы (қазақтар-Ж.А.) пещеру, в которой, по мнению их всего народа, обитает чрезмерной величины змей. Ему выползающему каждое утро к устью ее для отдохновения, предшествует блистательное пещеры сей освещение, от сонм адских духов происходящее. Во время сие свист, слышимый в дальном расстоянии от оной, приводит в оцепенелость все чувства, и многих дерзких, покушавшихся любопытством слышать оный, лишил вечно слуха, а яркое освещение – зрения.
Разнообразие свиста сего приписывают они разнообразию голосов адских духов, извещающих Владыку своего о всем на земле творящемся, последующий за сим глухой грохот-повелениям, им отдаваемым, распространяющуюся мало по малу затем тень-удалению принявших приказания» (с.134).
Экспедицияның әскери және шаруашылық жағын басқарған Ф.Набоков өз жазбаларында И.Шангин сипаттамасында жоқ бірсыпыра деректі қосады: «Он же Бийбул сказывал, что в виду лагеря…в прежние времена жил большой змей, который будто бы поедал иногда и скота, и что по временам казахи видели в жилище его свет, чрезвычайно сияющий. Приняв сие известие за сказку, послал прапорщика…осмотреть сие место, который пройдя около версты пешком с 12 казаками, нашел пещеру, в которую ходил с двумя казаками с зажженными свечами. По сделанному им измерению оказалось, пещера сия длиною на 10 сажен (бір сажын-2 м 134 см-Ж.А.), ширины различной, в некоторых местах так тесна, что с трудом можно было проходить только ползком, но в других столь обширна, что несколько человек помещались и ходить свободно могли. Но ни змея, ни же какого другого призрака к подтверждению существования оного он не нашел» дейді.
И.Шангин Айдаһарлы үңгірінде шығатын дауысты оның екі ауызы болуымен байланыстырады. Жел соққан кезде екі жақтан үрлеп неше түрлі дыбыс шығады. Ал, енді үңгірдің ішінен сәуле шығып, қабырғалары жарқырап тұратынын экспедиция мүшелері дәйекті түсіндіре алмаған. Біздің ойымызша, ысқырған дауыстың шығуына, үңгір ішінде жарық сәуленің ойна­уына үңгірдің төбесіндегі «түндік» аталатын тесіктің әсері бар. Өкінішке қарай, қазіргі күні Айдаһарлы үңгірі аталатын атақты ескерткіштің аты бар, заты жоқ. Біздің бала кезімізде әкелеріміз «Қорғалжын-Теңіз жағында Айдаһарлы аталатын қасиетті үңгір бар екен. Оның ішіне кірсеңіз шымылдық кездеседі, оның ар жағында алтын-күміс қазына бар екен» деп өздерінің бала кездерінде естіген әңгімелерін ертегі қылып айтып отырушы еді. Қазір көрсеңіз, үңгірдің іші қопарылып құлаған, кіреберісінде екі-үш метр ғана жүре аласыз, ал арғы жағына өту мүмкін емес. Жергілікті адамдар Совет заманында геологтар үңгірдің ішін динамитпен жарып, түбіне баратын жолды әдейі бекітіп тастады дейді. Олар Айдаһарлы үңгірінен неге осыншама қорықты екен?
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: