Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Жүз жыл сақталған бесік

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде тұратын Амановтар әулетінде көненің көзіндей болған жәдігер – бесктің жасалғанына ғасырдан астам уақыт өткен.
асырдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа ұлағат сыйлап келе жатқан бесіктің қалай жасалғаны жөнінде әулеттің үлкені Ахметжан Аманов тереңірек айтып берді. Киелі дүние ол кісінің атасының өз қолымен жасалған. Содан бері ғасырдан астам уақыт өтті, ғибрат сыйлаған құндылық төрт ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Ахметжан ағамыздың атасы Әлбатыр кезінде сал-серлігімен, ұсталығымен Арал теңізі аймағындағы ағайынға кеңінен танымал болған. Құдай қосқан қосағы - Сәнім он үш құрсақ көтергенмен нәресте тұрақтай қойған жоқ екен. Бірінен кейін бірі шетінеп, бұл шаңырақта сәбидің үнін есту біразға дейін мұңға айналғанға ұқсайды. Осындай күндердің бірінде Әлбатыр Аманов өзінің қолымен бесік жасаған. Бұдан кейін шаңырақта бала тұрақтап, екі сәби ұрпағын жалғастырған.
«Үлкендерден атамыздың темірден түйін түйген ұста болғанын естіп өстік. Оған қоса ағаштан да ою ойған шеберлігін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Бесікті жасаған сәтте ол кісі «осы бесікте тербететін бала бере гөр» деп тілеген екен. Тілеуі қабыл болған. Содан кейін менің әкем Ибадулла, кейіннен інісі дүние есігін ашқан. Осылайша әулетте ұрпақ жалғасты. Әжеміз киелі бесікті ешкім бермей, кейіннен ол ұрпақтан ұрпаққа аманатқа айналды», - деді Ахметжан.
Алғашқыда әкесі тербелген бесікке беріде Ахметжан ағаның өзі де бөленген. Бауырлары да киелі дүниенің қасиетін сезініп өсті. Одан бергі кезеңде балалары да осы бесікте жатып ана әлдиімен ер жетті. Бүгінгі күні онда Ахметжан ағаның немерелері тербеліп келеді.
Үй иесінің айтуынша, беріде тұңғышы дүниеге келгенде оған арнайылап бесік жасатқан көрінеді. Дегенмен ол бесікті анасы сол отбасындағы қыз балаға беріп, оның орнына ғасыр сақталған осы құндылықты тапсырған. Содан бері киелі дүние Ахметжан Амановтың шаңырағында құнды жәдігер есебінде сақталып келеді.
«Ғасырдан астам уақыт сақталған дүние ғой. Сондықтан оған аздап өңдеу жүргіздік. Алда да дүниеге келген барлық ұрпағымыз осы бесікте тербеліп өседі деп ойлаймын», - дейді ол кісі.
Кезінде белгілі ұста Әлбатыр Амановтың қолынан шыққан бұл дүние осылайша ұрпағына ұлағат сыйлайтын жәдігерге айналды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: