Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

1907 ЖЫЛЫ ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ӨЗ ТАЛАПТАРЫН ҚОЙДЫ


1907 жылы 28 мамырда Перовск депосында барлық жұмыс тоқтатылып, жұмысшылар депо бастығына өз талаптарын қойды. Себепсіз жұмыстан қуылған жолдастарын өз орнына қайтаруды сұрады.
Оған қоса жұмыс жалақысын қайта қарауды ұсынды. Өйткені жаңа бастық келгеннен кейін жалпы еңбек ақысы 30 пайызға төмендеп кеткен еді.
Перовск жұмысшыларының ереуілін басу үшін депо басшыларының өтініші бойынша Жосалыдан жедел түрде жандарм әскерлері шақыртылды. Олар 29 мамыр күні таңертең депо алаңында болды. Жандармдар жұмысқа келгендерді қақпа алдында қарсы алып, олардың ішінен 17 адамды қамады. Осы оқиғалардың барлығы қала халқының саяси тұрғыда өскенінің көрсеткіші болатын.
Орынбор-Ташкент темір жолының ірі станцияларының бірі Перовск Орта Азия мен Ресейді қосатын сауда жолының бойында жататын еді. Сонымен қатар қаланың географиялық-экономикалық жағдайы өзгеше әрі мұнда қазақ халқының саны басым болды. Ыстық климат, су жетіспеушілігі, ауыр тұрмыс жағдайы мұнда жоғарғы білікті мамандардың келуіне кедергі келтірді. Сондықтан кесімді жұмысшылардың орнын толтыру жергілікті халық есебінен жүргізілді. Бұл қаланың кәсіби теміржолшылары пайда болуына ықпал еткен.
Қазақстанның оңтүстік аудандарының экономикалық және саяси өмірінде ең маңызды рөл атқарған Перовск Сырдария облысының орталығы ғана болып қойған жоқ. Сонымен қатар Түркістан генерал-губернаторлығының билік органдары орналасқан саяси орталық қызметін атқарды. Қаланың рөлі темір жол салынған соң бірден өсті. Екі жолдың тоғысында орналасқан Перовск Ресейдің тауарларын Түркістанға таситын транзиттік пунктке айналды.
Орынбор-Ташкент темір жолы қазақ шаруаларының өмірінде елеулі рөл атқарады. Осы темір жолдың құрылысымен мыңдаған кедей қазақ шаруалары жұмыс істеп, жан сақтады. Біртіндеп көшпелі өмірден отырықшы өмірге өте бастады. Қала халқының саны күрт өсті. Темір жолға жақын орналасқан халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін өзгертті.
ХХ ғасырдың басында Перовск атанған Қызылорда қаласында станция, вокзал, вагон жөндеу шеберхенасы, азық-түлік, жүк қоймалары, Сырдан су айдайтын мұнара, темір жолшыларға арналған тұрғын үйлер бой көтерді. Сондай-ақ, бірінші кезете салынған паравоз депосы болды. Депода о баста төрт секциялы 16 тұрақ және әрбір паравозға арнаулы орын, айнымалы қондырғы болған. 1904 жылы қазандық салынған. 1906 жылы Перовск депосында небәрі 159 жұмысшы еңбек етті.
Сол кезде салынған вокзал қазіргі кезге дейін сақталған. Еңселі ғимарат бірнеше күрделі жөндеуден өткенімен, негізгі құрылымын жоғалтқан жоқ. Бүгінде алаштың анасы атанған қалаға келген жолаушылар вокзал ғимаратын көргенде тағылымды тарих табалдырығынан аттағандай әсерге бөленері анық.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: