Халық ардақтаған тұлғалар есімі тарих төрінде талай ондаған жылдар жабулы күйінде қалып келді. Солардың бірі Тұрғанбай датқа (1794-1850) туралы Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Сыр бойында аңыз да, әңгіме де жетерлік. Қарамағындағы халқына істеген өрелі істері талай ақындардың жыр, дастанына айналған. Қоқан хандығы тарапынан тонаушылықтың, зорлық-зомбылықтың, әділетсіздіктің шектен шығуы оны Шілік соғысын (шамамен 1850 жылдары) ұйымдастыруға мәжбүрледі. Жергілікті халықтың ашу-ызасын арқалаған Тұрғанбай датқа бастап Қоқан ханының бегі отырған Түркістанға шабуыл жасаған еді. Бірақ зеңбірекпен қаруланған қоқандықтардан жеңіліс табады. Мұның аяғы адамзат тарихында кездесе бермейтін, құлақ естіп, көз көрмеген қанды қырғынға ұласады. Тұрғанбай датқаның үстіне қайнап тұрған қазаннан ыстық су құйып, 14 әскер басы дарға тартылып, 40 би істік қадағаға отырғызылып, азаптап өлтіріледі.
Тұрғанбайдың жігіт шағында Сарысу бойындағы бір шапқыншылық кезіндегі аласапыранда әйелі Малбике өзінің үш жасар баласы мен Басығара дейтін бес жасар қайын інісін ауылдан алып шығып, жаудан тасалап қалады. Жау кеткеннен кейін екеуін бірдей алып жүре алмаған ол өз баласын тастап, қайнысын алып, ел қарасын табады. Адамдармен қайтып келгенде баласын таба алмай, кері қайтады. Баланы Арқаны беттеген жолаушылар алып кетіп, тағдыр тәлкегімен сонда өседі. Сөйтіп, ол Кенесары ханның ұлт азаттық соғысы батырларының бірі атанып, кейін балаларымен бірге Жетісуға жер аударылып, айдауда жүріп, 1914 жылы 93 жасында қайтыс болады. Ал Тұрғанбай датқаның немересі, 1863 жылы Сарыарқада дүниеге келген Иманжүсіп Құтпанұлы сегіз қырлы бір сырлы талант иесі, композитор, әнші, батыр, қайсар күрескер, дара тұлға болып өседі. Оның атағы ат жалын тартып, ерге отырған кезінен аймағына тарап, басынан сөз асырмайтын намысшыл ер, жауырыны жерге тимеген палуан, өзі сері, өзі әнші, өзі сазгер, өзі ақын, не керек, «сегіз қырлы, бір сырлы» талантымен, ерекше қайраттылығымен есімі елге ерте мәлім болады. Даңқы кейін Сыр бойына да жетеді. Нартай Бекежановтың туған ағасы Мәнсұр ақынның «Иманжүсіпке хатында» оның ата-бабасының тарихын баяндай отырып: «Ақ балдақ алмасымның сынығысың, Шынардай көлеңкелі шыбығысың. Бәйгі аттай жұрттан озған заманында, Арда емген арғымақтың құлынысың..,» – деп дәріптелген. Патшалық Ресейдің заманында еркіндікті, бостандықты аңсаған күрескерлердің асыл мұратын орыс және қазақ байлары түсіне алмай қудаласа, кешегі кеңестік кезеңде ұлтын шынайы сүйгендігі үшін ұлтшыл аталып, атылғаны, асылғаны белгілі. Иманжүсіп те осындай әлеуметтік әділетсіздіктің құрбаны болғандарды қасына жиып, ұлықтармен ертелі-кеш тартысып, «төрт стражник, переуетшік және ауылнайды қойдан оңай бақыртып», олардың есесін қайтарып жүреді. Ауылдың асқақтағандарын жағадан алып, жұрт көзінше сабаған да болатын. Содан: «Тумай жатып өш болды маған болыс, Аударылды сол үшін талай қоныс. Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен, Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс», – деуі жайдан-жай емес еді. Қанша мықты болғанымен, сұм заманның құрығынан құтыла алмаған Иманжүсіптің: «Дәурен сүрдім бір кезде құстай ұшып, Тоты құстай сайраған сайға түсіп. Тел өскен ормандағы айдаһар ем, Аяндадым жаяулап жолға түсіп», – деп торығуы да заңды. Алайда ертелі-кеш ұлықтармен тартысып, маңдайынан шұбыртып тер ағызып, менменсіген талайдың көңілін басып, әділеттік үшін күресін бір сәт толастатпайды. Мұндай әділетсіздік пен озбырлыққа қарсы күрес орыс ұлықтары мен бай-болыстарға ұнамайды. Оны «ұры, басбұзар бұзақы» деп тиісті жерлерге арызданып, артына шала салып түседі. Ол бірнеше рет қамауға да түседі. «Еске түссе, қайтейін, Ерейментау, Көзімнен ақты парлап жастарым-ай» деп Өскемен уезіне 5 жылға жер аударылып, мерзімі біткен соң Сарыарқаға оралады. Осыдан кейін Сыр бойындағы ағайындардың ұсынысымен Шиелі өңіріне 1850 жылдарғы Шілік қырғынынан көшіп келген туыстардың ортасына келіп, 13 жыл отырады. Бірақ қазақты ақтар да, қызылдар да қырған Азамат соғысында күшейіп алған кеңес үкіметі тағы да зобалаңды бастап еді. Ел ішіндегі кедейді байға теңеудің орнына кеңес өкіметі байды кедейге теңестіру шараларына батыл кірісіп кетеді. Атышулы Кәмпескенің кесірі датқаның тұқымы, байдың баласы Иманжүсіпке тимей кетуі мүмкін демес еді. Үстінен арыз түсіп, Шиелідегі абақтыға да жабылады. Бірақ өтіріктің өресі бір тұтам дегендей, арызда көрсетілгендер расталмай тұтқыннан босап шығады. Алайда істің мұнымен бітпейтінін жақсы ұғынған Иманжүсіп жасы ұлғайған шағында Арқаға көшеді. Бірақ онда тұрақтай алмай, 1930 жылы Әулие ата уезінің аймағында көшіп жүргенде арнайы іздеп шыққан ОГПУ жасағы тұтқынға алып, 1929-1930 жылдары Мойынқұм даласында болған шаруалар көтерілісіне қатысты деген айып тағылып, 1931 жылдың 2 наурызында ату жазасына бұйырылады. Сөйтіп, туған халқының еркіндігіне саналы өмірін сарп еткен Иманжүсіп 68 жасында дүние салады. Қасиетті өнер мен алып күштің иесі Иманжүсіптің туған еліне, жеріне деген махаббаты – оның өлеңдерінің алтын тіні. Бұл, әсіресе, елден жырақта, айдауда жүргенде ерекше сезіледі. Сол себепті оның «Қош, аман бол, Сарыарқа, өскен жерім, Кір жуып, кіндігімді кескен жерім» деуін де, «Бүркіт салып басына шығар ма едім, Бір көрінші көзіме, Ерейментау» деп аңсауын да толық түсінуге болады. «Қатар-қатар салынған тастарың-ай, Мұнарланып көрінген бастарың-ай. Еске түссең, қайтейін, Ерейментау, Тия алмадым көзімнің жастарын-ай». немесе «Қайран ел, оқта-текте еске түссең Жасымды тия алмаймын екі көзден» – деген өлең жолдарынан қайсар тұлға бір қарағанда жасық көрінетін сияқты. Шындығына келгенде, әсте олай емес. Бұл оның еліне, жеріне деген шексіз махаббаты, саналы сүйіспеншілігі болатын. Иманжүсіп асқақ, бірақ астамшыл емес. Қашаннан талант өз ауқымын, өз биігін біледі, ұғынады, алайда оны мақтаныш етпейді. Оның: «Толғатып тоқсан қатын ұл тапса да, Бірі де Иманжүсіп бола алмайды», – деуі мақтану емес, өзін-өзі шынайы тануы, танытуы. Мұндай жолдар Абайда да бар. «Қазақта қара сөзге дес бермедім» дейді. Абайдың болмысын білгендер мұнысын артық санамайды. Иманжүсіп, Әбіш Кекілбаевтың тілімен айтқанда, «өзінің бітім табиғаты бойынша – нағыз дала көкжалы» болатын. Оған дәлел қазағымыздың арқалы ақыны, Сыр елінің атақты перзенті Әбділда Тәжібаевтың «Қажымұқан мен Иманжүсіп» деген естелігінен бір мысал келтіре кетейік. Арқаның Қоянды базарында бір кесір шалға Қажымұқанның тілі тиеді. Ол қамшы сілтемек болғанда Қажымұқан оны аттың үстінен жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жібереді. Шал мұның барлығын базардағы Иманжүсіпке айтып шағынады. Содан ол Қажымұқан қымыз ішіп отырған үйдің сыртына келіп, оны сыртқа шақырады. Иманжүсіптің ашулы түрін байқап, Қажекең қолын қусырып, басын төмен салып, айыпқа мойын ұсынады. «Әкеңдей кісіге неге азар бересің?», – деп Иманжүсіп еңкейген інісін қамшымен тартып жібереді. Қажымұқанның көзі қарауытып барып, жығылмай әрең қалады. Әңгімеге елтіп отырған Әбекең: «Ойпырым-ай, аямағаны ма?», – деп қалады. Сонда Қажекең: «Бұл аяғаны ғой, әйтпесе екі бөлер еді» деген екен. Шіркін, ұлылардың істері де ұлы ғой, екі алыптың бір-біріне деген сыйластығын айтсайшы! Қазағымның кешегі берекесін байытқан, бүгін азая бастаған осы дәстүрлер қайта айналып келер ме еді? Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсетін осындай қасиетті істер екеніне ешкім күмәндана қоймас. Бүгін еліміз ұлттық тарихымызға ерекше бет бұрып жатқанда кешегі патшалық Ресей, кеңес өкіметі кезіндегі жабылып қалған, тіпті аттарын атауға да болмайтын ұлтымыздың азаттығы мен еркіндігі үшін күрескен, оның рухани құндылықтарын байыта түсуге өлшеусіз үлес қосқан ардақтыларымызды ерекше қастерлеп, айрықша қадірлеп жатыр. Бұл рухани құндылықтарымыз бен асыл мұраттарымызға қызмет етіп, қазіргі аса қажет болып отырған тәуелсіз санамыздың қалыптасуына, ұлттық рухымыздың артуына игі ықпал етері сөзсіз. Өйткені ұлттық рухсыз, ұлттық намыссыз тәуелсіз елдің тұғыры берік болуы мүмкін емес, ондайды әзір адамзат тарихы көре қойған жоқ.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор.