Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Үбжар Толыбеков кім болған?

Айтыс – қазақ халқының мәдениетінде үлкен орын алатын өнер. Айтыс әсіресе оңтүстік өңірінде, оның ішінде қаймағы бұзылмай Сыр бойында жалғасын тауып келеді. Осы жырмен көне сөздерді бүгінгі оқырманға жеткізуде Тереңөзек топырағында туып, өмір сүрген Толыбектің Үбжарының қосқан үлесі орасан зор болған. Елдегі ағайын-туған, жекжат көне сөздерді қа­дірлейтін азаматтар болмаса, Үбекеңнің есімін көпшілік біле бермейді екен.


Үбжар Толыбеков кім болған? Толыбек – орта шаруа, Ошақтының Байлысына жататын Қоныс, Еңсебайдан тараған ұрпақтардың бірі. Ол қазіргі Тереңөзек поселкесінде 1878 жылы туылып, 1946 жылы қайтыс болған.
Біз Есімке ағаймен әңгімелесіп отырмыз. Ол кісі өзі жас болса да Үбекең басынан кешкен оқиғаларды айта отырып, есінде қалған бір әңгімесін бастап кетті.
«Үбекең үйінде шам сөнбейтін, қазіргі поселкедегі Н.Байділдаевтың үйінің ма­ңында үйі болды. Үнемі билер, сөз зер­герлері түсіп, аттанып жататын. Өзім­нің көргендерім Ешмұрат би, Ысқақ Бәйжиенов, Тұрмағамбет, Жорықбай жы­раулар. Түніменен ән мен жыр, көсем сөз­дердің небірі айтылып жататын.
Бір күні мені Үбекең шақырып алып: «Теміржолдан Алматыға 2 билет алып кел, Асекең тапсырған» деді. Бұл 1936 жылы болатын. Билетті алып, үйге кірсем, мен танымайтын екі кісі төрде әңгіме шертіп отыр. Менің келгенімді байқамай қалды. Мен еріксіз жөткіріндім, сонда басын көтерген Үбжар: «Ә, балам, билетті әкелдің бе? Тұреке, жол болсын» деп жатты. Түйе­жүн шекпенді кісі атына сыртынан қа­нық үлкен ғұлама ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов болып шықты. Алматыға бара жатқан беті екен. Жақсы адамның шарапаты маған тиіп, Тұрекеңмен осылай дидарласып едім» деп әңгімесін аяқтады Есімке ағай.
Үбекең – он саусағынан өнер тамған шебер жырау. Өзі де өлең шығарып, домбыра тартқан. Домбыраны өзі жасайды екен. Үбжар аққұбаның әдемісі, орта бойлы, қара қасты, толықшалау, өте таза жүретін сыпа, үнемі аппақ киім киіп жүретін көрінеді. Үбекең біраз жұмыстың басын қайырған, заң қызметкері, дүкенші, хат тасушы болып жүріп, «Қара кітабын» бір елі қа­сынан тастамапты. Сыр бойындағы ақын-жыраулардың жырларын әртүр­лі мақаммен тербетіп, Сыр сазын, Сыр­дарияның мәртебесін осылайша биік­тете түскен қазіргі кезең тілімен айтсақ, үлкен зерттеуші, ғалым адам еді. Қор­жын алып, қыдырып жүріп те жыр айтады екен. Осындай өлшеусіз еңбегі нәтижесінде Үбжардың «Қара кітабы» деген атпен кітабында 40 жыл бойы ел ішінен тірнектеп жинаған 20 мың жол өлеңін досы Әлішер Тоқмағамбетов 1943 жылдың 12 қарашасында Қа­зақ­стан академиясының қолжазба қо­ры­на тапсырған.
Үбекең ақсақалмен жас та болса 1-2 жыл бірге болып, қолына су құйып, қошемет жасаған Бәкір Өтепов Үбжар жөнінде сұрағанымда: «О, Үбекең сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Нар кісі болатын. Ол кісінің атқарған жүгін нар ғана көтереді, сондықтан «Нар кісі» деп отырмын. Соғыстан кейінгі жылы сәлем бере барғанымда ол өзінің соғыс жылдарында «О, балам, маған хат тасушылық өте ауыр болды, қара қағаз келген күні аяғым жүрмей, қазалы үйге бара алмай талай қиналған кезім болды ғой» деп қинала әңгімелеп еді» деп естелік айтқан болатын.
Асекеңнің 1965 жылы шыққан «Тырналар, сұлу тырналар» атты кітабында Үбжар жөнінде:
... Үйінде марқұм Үбжардың,
Өрелі өлең үндесіп,
Жиылып сыры жылдардың,
Жатушы ед ақын тілдесіп.
Қос Жүсіп, жырау Орынбай,
Сол кездің алтын қорындай,
Қалдырған асыл ән-жырын.
Солардың басын қосатын
Кісі еді, Үбжар қымбатты.
Толқынын жырдың тосатын,
Архиві Сырдың сияқты, – деп үлкен баға бере жазды. Асекеңнің бұл өлеңі Үбжар жыршыға берген әділ баға еді. А.Тоқмағамбетовтың мақтауына ілін­ген Үбжардың қабірі Ошақтылардың «Сары» деген бейітіне қойылған екен. Қазір төрт құлағы құлап қалған. Ел үшін еңбек етіп, маңдай терін төккен Ү.Толыбековке жасалар құрмет пен қыз­мет те алдағы күннің жұмысы.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: