Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Болмысы бөлек Биаға

Атасы мен бабасының көзін көрген абыз аналар мен аталардың қатары сирегендіктен болар, ресми орындарда ғана болмаса қазір «Бидас» деп айтатындар көп емес.
Замандастары мен тұстастары, қанаттастары «Биекең» десе, кейінгілер «Биаға» дегенді ұнатамыз. Асқаралы асу аталатын 70 жастық кезеңге дейін халық арасына өзінің кім екенін таныта білген бұл кісі «Биекең», «Биаға» деген сөздерге марқайып, осы құрметті өз өмірінің байлығы санайтынын сыңайынан танытып-ақ тұрады.
Қашан көрсең де бойына артық қырым ет жинамайтын, баптағы жүйріктей сұңғақ қалпы. Жанары да үнемі от шашқан өткір емес, ойлы қалыптан өзгермейтіндей. Абай атамыздың жүйрік ат сипатындағы мына бір өлең жолдары: «Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» сөздерін Биағамның бет-бейнесіне көшіре салсаң дөп келетіндей. Қимылы шалт та, шапшаң. Кісіге жұғымды. Әңгімешіл. Әйтсе де әңгімеде, сырласуда талғампаз. Көңілді. Күлкілі қызық жайттарға жақын жүргенді ұнатады. Өкпесін ешкімге айтпайды. Мақтанға жоқ. Тұрағы – халқы, өмірсерік досы – домбырасы. Жиған байлығы – шәкірт. Атақ-даңқы – Бидас жырау. Атадан қалған мұра – жыршылық.
Өзім білетін, танитын 30 жылдан астам уақыттан бері Биағамның сұсты сәтін, қабақ түйісін, күрсінісін, дауыс көтергенін көрмеппін де, естімеппін. Сабырлы, жайлы мінезіне қараторы жүзі үйлесім тауып ағалық қамқор жүрегі «мен мұндалап» тұрады.
Жасандылық табиғатына жат Биағаның шаш қою үлгісі де ерекше. Шашты өсірмей, қысқа қырқып, жазық маңдайға бір тал шаш түсірмей шалқалай қайырып тастайды. Костюм-шалбар, аяқ киіміне қандай күйде де шаң жұқпас, сірә?! Сахнаға шығарда ұлттық киімді халқының көңілі үшін киетіндей.
Құйған құрыштай қатып жүретін Биағаның болмысын өзгертетін бір-ақ ғажайып бар. Ол – жыр құдіреті. Манадан бері тізбелеп айтып отырған бет-бейне үстінен бір сәтте сыпырылып түскен пенделік қабықтай жерде қалып, Жыр – пырақ жеті қақ көкке көтеріп алып бара жатқан Биағамды көру бір басқа әңгіме.
Өмірдерегі туралы Биағадан білгім келгендерді әңгімелесу барысында суыртпақтап сұрағанда, өз өмірі ішіндегі басқалар туралы рахаттана баяндап, өзіне келгенде сараң жауап алып отырдым.
Дегенмен өмірдің аты өмір емес пе?!
Ресми құжат туу туралы куәлігінде Бидас Рүстембеков 1951 жылдың 23 қаңтарында Қармақшы ауданының бұрынғы Ақбел ауылы, қазіргі Ақжар жерінде даңғайыр Сыр сүлейлері деген атақтың айтулы тұлғасы Жиенбай жыраудың бел баласы Рүстембек жыраудың отбасында дүниеге келген төртінші перзент еді. Өз анасы, ұлы аналары жағынан да тектіліктен құр алақан болмаған. Анасы Әнәпия Ақкөбек Кете Байғұлы деген атақты батырдың қарындасы болса, ұлы анасы Ұлжан Ұлтай Кетенің қызы. Ұлжан жас кезінде көрікті, ақылды, атқа шауып, көкпар тартқан қыз екен.
Жиенбайдың екінші әйелі болып келген Ұлжанға құда түсіп оны өз еріне алып беретін Балшаш Керейт Даңмұрынның апасы боп келеді. Жиенбай жыраудың бәйбішесі Балшаш өте сыпайы, бибатыма адам болғандықтан, өзі бала көтермегендіктен, Жиенбайды ұрпақты етуді ойлаған. Сол мақсатын Ұлжан қызды Жиенбайға қосу арқылы жүзеге асырған.
Ұлжан – батыл, бірсөзді, ақылды әйел болған. Жиенбайдың жыраулығы жер жарып тұрған заманның уағында, жыр сүйген халық, жомарт бай, қолы ашық би-болыстар жыраудың алдына үйір-үйір мал салып жіберсе де Жиенбай бай атанбапты. Әйтсе де жерге қараған кедей де болмаған. Мұны сырттай бақылап жүрген Жиенбайдың ел арасындағы абырой-атағын күндеушілер жыраудың жүдеулеу жоқ кезін пайдаланып, оның сағын сындырмақшы болады. «Орайы келді ғой» деп, сыртта Жиенбай жыраудың жалғыз қара жорғасынан басқа малы жоғын көріп, үйге сау етіп түсе қалады. Жиенбай жырау орнынан қозғала алмай, келгендерді әңгімеге айналдырып әрі отырады, бері отырады. Болмаған соң, келгендер кететін сыңай танытқанда, Жиенбай не айтарын білмей, сасқалақтай бастаған шақта үйге Ұлжан кіріп келіп:
- Уау, қонақтар қолдарыңызды жуыңыздар, қонақасы дайын, - деп буы
бұрқыраған табақ-табақ етті үйге кіргіздіріпті.
Сонда Жиенбай тұрып:
- Бұл қонақасының малы қайдан келді? – десе, Ұлжан:
- Қонақасы бере алмады деп Жиенбайды мына тұстастарының алдында тірі
өлтіргенше, қара жорғаны өлтіргенді дұрыс көрдім, халық аман болса, қара жорғаның орнына тағы бір жорға байланар.
Бұл сөзді естігендер ертеңіне Жиенбай жыраудың есігінің алдына еселей әкеп ат байлап кеткен екен деген сөз ел есінде әлі жүр.
«Алып анадан» демекші осылайша аналары ақылды да, алып Биағаның емген уызының дәмі де, нәрі де бөлек болғанға ұқсайды.
Төрт жасынан үлкендерден естігенін қағып алып айтатын қасиетке ие қара бала атанған ол:
«Ірімшігі тәтті ғой,
Әттең жұмыс қатты ғой,
Арба айдаудан қорқамын,
Жүруге аттың маңынан,
Жүрегім де айниды,
Бұрқыраған шаңынан», - деп қақылдайтын көрінеді.
Бұл сол кездегі он жылдықты бітірген жұмысқа қыры жоқ жалқауларға арналған мысқыл өлең болса керек.
Орта мектептің 1-5 класын Жалағаш, Сырдария ауданының «Октябрь» аталатын елді-мекендерінде оқыса, орта мектепті 1967 жылы бұрынғы Ленин совхозында (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) бітіріп, Қызылорда қаласындағы Гидротехникумға (қазіргі политехникум) оқуға түседі. 1970 жылы аталған оқу орнын бітіріп, Шардараға өз мамандығы бойынша жіберіледі.
1970-71 жылдары Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, ағасымен, жеңгесімен (Көшеней мен Жұпар) қатар педагогикалық қызметпен айналысады.
1972-78 жылдары Ақжар ауылындағы жоғары кернеулі подстанцияда кезекші энергетик (диспечер) болады. 1979-82 жылдары ауылдағы мәдениет үйінің 6 категориялы директор қызметін атқарады.
1982-2001 жылдары Жосалы кентіне қоныс аударып, кәсіптік техникалық училищеде электротехникадан сабақ береді.
1983 жылдан бастап ауданның жарықтандыру жүйесінде учаскелік мастер қызметкері болып өз кәсіби мамандығы бойынша жұмыс жасайды.Осыншама жұмыстармен қатар қосымша қызмет түрінде, алғаш қоғамдық, кейін ақылы негізде 1989 жылдан бастап аудандық білім бөліміне қарасты әуез мектебі жанынан дәстүрлі жыр бойынша жыраулық үйірме класын ашып, шәкірттер тәрбиелеуді бастаған.
Бұл қызмет күні бүгінге дейін өз желісін үзген жоқ.
Бұл дәстүрлі өнер жолында шығармашылық өнер ұжымдарымен іс-тәжірибе алмаса отырып Биаға 2007 жылы аудан әкімі Қаюпов Биғали Әбдікерұлының келісімімен Омар Шораяқұлы атындағы №30 және Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектептер базасында Алматы қаласындағы дәулескер күйші Абдулхамит Райымбаев басқаратын, жырау қыз Ұлжан Байбосынова жетекшілік ететін, «Ага-хан» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен жұмыс жасайтын «Көкіл» мектеп-колледжінің филиалын ашты. 32 шәкірт тартылған бұл өнер мектебіне Биаға ұстаздық етті.
Ал, қазір К.Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйі» директоры орынбасары қызметінде.
Биағам 60 жылдық ғұмырнамасы ішінде балалық шағын сағынышпен қимастық сезіммен еске алатыны көп. Оның ішінде әкесі, анасы, бауырлары әсіресе Көшеней туралы ақтарыла сыр ашады, сағынышын басқысы келетін сияқты.
Әкесі Рүстембекті бар баласы «кәке» деп атайды екен. Ал баланың ең үлкені Ыдықты кішілері «бапа» деп үйренген.
«Кәкем», - дейді Биаға: «кешкі ас-суымызды ішіп болған соң Көшеней екеумізді өзіне қарама-қарсы отырғызып қойып домбыра тартқызып ән салдыратын. Ән дегендегім, термелер, өсиет, ақыл, нақыл сөздерді мақамға салып айтып үйрену ғой. Алты жасымнан домбыра тартып, жыр-терме орындадым».
Мен:
- Сонда, кәкеңіз жыр-термені ұлдарына ғана үйретуді мақсат еткен бе?
деймін. Биаға:
- Жоға! Біздің алдымыздағы Ыдық бапам да, Ерші тәтем де домбыра тартып,
жырлаған. Кезінде Алматы қаласына дейін барып «Мақтау қағаздарын» әкелген. Бірақ қалай тұрмыс құрды, қойып кетті. Жолдастары қалалық болғандықтан шығар, - деп жауапты келте қайырды. «Кәкем екеумізді шаруаға жұмсайды. Бір күні Көшаға екеумізді жарманың (каналдың) жағасында жайылып жүрген аттарына жұмсады. «Екеуің ана аттарды үйге алып келіңдер, мынау – жүген, ауыздығын кигізіп мініңдер, бірақ шаппаңдар, тоқ атпен шабуға болмайды, обал болады», - деп ескертті. Көшеней ноқта-жүгенді алып алып мені соңына ертті. Сол кезде Көшеней 10 жасар, мен 5-6 жас шамасындамын. Көшаға алдыма түсіп алып, үйден шыға бере өлеңді аңқытып айқайлап айтып келеді. Мен талтаңдап соңынан қалмай ерсем деп ынтығып келем. Анад-санда артына қарап: «Жүр-ей, жүр, жүр, бассаңшы аяғыңды», - деп әкіреңдейді.Жарманың жиегіндегі атқа да жеттік. Атты ұстап алып, оны ойлау жерге қойып өзіміз биікке шығып үстіне тырмысып міндік. Көшаға атты суы тартылған терең жарманың ішіне түсіріп алып, ал кеп шапсын, ал кеп шапсын. Жануарды қара терге түсірді. Атқа шауып құмары тарқаған уақытта үйге қайттық. Ат қара терге түскен. Мұны көрген кәкем Көшағама қарап:
- Әй, шырағым, келе болмассың, - деп кейістік танытты. Қазір ойлап
отырсам, бала кезінен-ақ бұлқынған бұла күш бойына сыймай жүреді екен ғой...
Әңгіме арнасын бұрып әкеп Биағаның өзіне тіреп:
- Кәкеңізден алғаш үйренген өсиет-термеңіз есіңізде ме? – деймін.
- Оһо, есімде болғанда қандай, ол сөздер ұмытыла ма, сірә?! Мұны ылғи да орындап отырамын, шәкірттерім де үйренуде. Осы алғаш кәкемнен үйренген жырларымды ұсынамын. Ол – «Асылы тексіз ақымақты, текті деп болмас құр мақтап» деп аталады.
Ия, сонау бабасы Дүзбенбеттен желі тартатын жыраулық дәстүр мектебі Жиенбай жырау арқылы Рүстембекке, Рүстембек жыраудан балалары Көшеней мен Бидасқа жеткен киелі де, қасиетті жыр Сыр өңіріндегі өнерпаз елдің даңқын төрткүл дүние төріне паш етті.
Биаға мектеп қабырғасында жүргенде де, кәсіби білім беретін оқу орнында оқып жүргенде де, кәсіби мамандығы бойынша қызмет етіп жүргенде де атадан-балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі жырды елге таратудан, насихаттаудан, оның халықтық сипатындағы мәртебесін көтеруден бір сәт те алыс кетіп, қол үзген емес.
Кеңестік кезең талабына сай ұлы көсем Ленинді жырлау, «Алтын орақ», «Малшылар слеті» т.б. науқанды істің басында жыршылық өнерімен қызмет көрсетсе, 1972 жылы Алматы қаласында өткен жыр алыбы Жамбылдың – 125 жылдық мерейтойында Ғылым акадамиясындағы үлкен өнер шеберлері арқылы берілген концертте өнер көрсетті. Бұл кезде небәрі 21 жастағы Биағаның жырдағы аяқ алысына М.Дүйсенов, Ә.Тәжібаев, М.Байділдаев, Р.Бердібаев сынды фольклортанушы ғалымдар үлкен сүйсіністі үмітпен қарап еді.
Әттең, Биағама білдірілген сенім тілекті қапыда келген ағасы Көшенейдің қазасы үзгендей еді.Қапыдағы қазадан есеңгіреген отбасында қолына домбыра ұстап, жыр жырлау Биаға болмысына жат дүниедей, ақ домбыра тас мүсінге айналған ескерткіштей үнсіз қалды.
Арада ұзақ жылдар сусып өтіп, ел-халық жауһарлы жырын жоғалтып ала жаздаған өліара шақта дәстүрлі жыраулық өнер жанашырлары, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайраткер ақсақалдары мен азаматтары Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, М.Байділдаев, Ү.Аяпов, Ақат Жаңаев, аудан азаматтары Нәметшаев Қасқыр, Сүлейменов Болатбек, Егізбаев Нығымет, Салықов Нұртілеу Рүстембек жыраудың қара шаңырағының отын сөндірмей отырған Әнапия ана алдынан өтіп, Биағаның ата мүлкі қасиетті қара домбырасын қолына қайта алуын өтінген күндер еді ол.
«Көшенейдің күміс көмейінен төгілген жақұт жырлардың шынымен жоғалуға айналғаны ма?! Бидас! Басыңды көтеріп, еңсеңді тікте! Киелі өнер қонған елдің бағына туған ұл едіңдер ғой. Қолыңа домбыраңды ұстап, халқыңды жырыңмен жарылқа. Ел-халық жырға сусады ғой», - деген сыңайлы хаттар Биағаға үстін-үстін келіп толастар болмады.
Халық жырауын, Биаға да халық алдын сағынып-ақ қалған екен. Домбырасын қолына ұстап, халқына өнерімен қайта қауышқан уақыт өткен ғасырдың 70 жылдарының соңы еді.
1978 жылы Москва қаласында дәстүрлі музыкадан бүкілодақтық фольклорлық байқау болып, әр одақтас республикадан бір адамнан шақырылады. Қазақстаннан осы байқауға Бидас Рүстембеков жіберіледі. Америка, Англия, Жапония сияқты дамыған елдердің өнертанушылары ішінде Жапониядан келген Эсико Футоми – фольклортанушы, зерттеуші,өнертанушы, профессор осы жиынға ерекше баға береді. Әр өнерпазға 15 минут қана шақтап берілген Москва сахнасына Биаға немқұрайлы шығып, қазақтар арасында жырлағандай қанаттанып кете қоймайды. Ішкі ойы – «осы көккөздер нені түсінеді дейсің, мені кеше жабайы, оқымаған, надан, баран деп жүргендер. Осы ойларынан алыстай қоймаған шығар» деген дүдамалда отырады.
Ж-о-қ! Биаға домбыраны қаққан сәттен-ақ жан-жақтан түсіруші топтар сахнаға қарай жармасып, 850 адам жиналған залдағы әрбір тыңдаушы жырға бұйып, бастарын шайқап, ықыластана назар аударады.
Биаға бірінші жырын орындап болып, орнынан тұрып көкрермендерге ілтипат жасағанда, залдағы қошемет басылмайды. Мына қошеметке қанаттанған Биаға екінші жырды әруақтана орындайды. 15 минуттық жыр орындау уақытының біткендігін хабарлаған жүргізушіні тыңдамай залдағы тыңдарман көпшілік Биағаның сахнаға қайта шығуын өтінеді. Сахнаға қайта шыққан Биаға осы сәтті Жиенбай жыраудың төкпе термесімен бастап, Рүстембек жыраудың шалқымасына көше отырып тағы 45 минут уақыт жыр жырлап, соңын Тасберген жыраудың «Маңырамасымен» бітіреді.
Байқаудың қорытындысында Б.Рүстембеков /Қазақстан/ 1 орынды иеленіп, Алматыда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері М.Байділдаев, О.Нұрмағамбетова, М.Дүйсеновтер күтіп алып, қуанышпен құттықтау жасайды.
1980 жылы Ленинград қаласында «Ленинградская весна» - бүкілодақтық фольклорлық фестивальға Қазақстаннан Биаға жырау Алмас Алматовпен барады. Латвия, Литва, Эстония, Тува, Хакас, Якутия, Азия елдерінен келген өнер шеберлері бір-бірін тыңдап ұлттық өнердегі ерекшеліктері мен ұқсастықтарын көреді. Қазақ халқының жыраулық өнеріне жақын, туыс келетіні – Якут, Тува әсіресе түркімендер, қырғыздар, қарақалпақтар екен. Бұлар да біз сияқты көмеймен созып салатын мақамды дамытушылар. Осы сапарда Биаға тувалық ақсақал кісінің бір-ақ ауыз сөз айтып, 7-8 минуттай дыбысты белгілі бір мақам сазбен созып айтқанын көріп біледі.
1992 жылы Балқы Базардың – 150 жылдығына орай, Қармақшы ауданының жыраулық өнер экспедициясы бір ай бойына Өзбекстанның Бұқара облысының «Кенимых», «Тамды», «Үш құдық» аудандарымен осы аудандардың елді-мекендерін аралап, Сыр сүлейлерінің жырлары мен мақам саздарын паш етеді. Осы кезде 41 жастағы Биағаның ол кезде алдында Қали Шыңғысов, Шамшат Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Орақ Дәнекеров сияқты аға-апаларының басы бүтін, толы кезі екен. Экпедицияны аудандық атқару комитетінің төрағасы Н.Салықов бастап барады.
Бұхара облысының аталған аудандарын аралағанда Ш.Төлепованы құшақ жая қарсы алады.Себебі мұнан қырық жыл бұрын 1952 жылы 22 жасында Н.Бекежановтың өнер бригадасы құрамында келіп, жыр жырлаған жас қыз, енді бурыл шашты 62 жастағы өнер тарланы Шамшат болып келгеніне қуаныпты сол ел...
Осыны естіген Биаға:
- Онда 40 жылдан соң, сол ізбен біз де оралады екенбіз ғой! – дейді қуақылана. Қ.Шыңғысов Биағаға бажырая қарап:
- Онда, бізден сәлем айтарсың, бұл елге, аллаһу акбар, - деп бетін сипағанда жұрт Қали ағайдың табан астында тауып айтқан жауабына шат-шадыман боп ду күліпті. Биаға осы бір Қали Шыңғысовтың айтқан сөзін есіне ала отырып, ол кісімен үзеңгі қағыстырып талай бірге жүргенін, бірге күлгенін рахаттана әңгімелеуге кірісті. Бірде Алматыға жол түсіп, тағы да сыр сүлейлері өнеріне байланысты республикалық шараға қатысу үшін «Алатау» қонақ үйіне орналастық – деп жалғады сөзін Биаға – қасымда Қалекең. Өзі сондай қызық еді-ау. Аяқ астынан сөз тауып кететін ұста кісі еді ғой. Ауа жұту үшін екеуі қонақ үйден шықса «Спорт лото» деген киоскіге көздері түседі. Келсе «Спринт» ойыны бар екен. Спорт лотоның бағасы – 50 тиын. Шартында сатып алған күйде ашып, ұтысың болса табанда алатын екен.
Қали ағай Биағаға:
- Екеуміз 100 теңгеге екі билет алайық. Қайсысымыз ұтсақ та қылдай бөлейік – дегенді ұсыныс етеді. Биаға «мақұл» деп көне кетеді. Билет алынады. Биағаға ештеңе шықпайды. Қали ағай 25 теңге ұтады да, үн-түнсіз қалтасына салып қояды. Биаға уәде бойынша бөлетін шығар деп күте-күте таң атады. Ертеңіне екеуі серуендеп жаңағы спорт лотоға тағы келеді. Қали ағай:
- Бидас, тағы ойнайық, - деген сәтте, іле Биаға да:
- Қалеке, кешегідей қылдай бөлеміз ғой, - деп салады. Сонда Қали ағай:
- Ай, Бидас, қарағым-ай, білмеуші ме ең, біз деген мына қожа, төрелер алсақ та, беруге жоқпыз ғой. Берді дегенше ауырамыз, аурудың артында не күтіп тұрғанын қайдан білесің? Қасыңдағы жалғыз менен ауылдан жырақта жүріп, айырылып қалсаң, сен байғұстың күнің не болады? – деп ойлағандықтан ол немені қылдай бөле алмай жүрмін ғой – деп тағы да сөз тауып кетпесі бар ма? – деп Биаға сілесі қата күледі кеп, күледі кеп. Биағаның Қали ағасын жазғыру үшін емес, жанындай жақсы көргенін жеткізіп отырғанын аңғару қиын емес еді.
Биаға үйіне жайраңдай кіріп келе жататын Қали ағасын тағы да еске алып: «Мынау біздің Ырыстай ма, саған Бидас-ау келе берсем ұрыспай ма?» - деуші еді қайран Қалекең» - деп айтқан сөздерін бірінен соң, бірін айтады.
Биаға жырау Жаппармен, Қуандықпен, Орақпен, Алшынбекпен, Алмаспен, ақын Сәнтөремен, Шәкизадамен, айтыскер ақын Серікпен бірге жүрген сәттерінен шертер сырын аңғартып, бастай бере-ақ мен де өз мақсатыма жету үшін:
- Биаға, осы ұмытпасам сіз Астананың ашылу салтанатына орай «Астана» медалімен марапатталдыңыз ғой, - деп әңгімені өзіне қарай аударуға тырысамын.
- Ия, 1997 жылы облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қолынан ауданымыздан төрт азамат осы награданы алдық, Астананың ашылу салтанатына барып қатыстық. Елбасының сол кездегі стратегиялық басым бағыттағы көздеген нысаны Қазақстан астанасын көркейтіп, әлем назарын аударатын қалаға айналдыру екенін, ол кезде аңғара қойғаным жоқ. Кешегі Астана Саммиті төрткүл дүниені төріне сыйдырған Астана қаласының айбынын 55 мемлекетке үлгі етті емес пе?! Астананың көрікті келбетіне сай, қазақ елінің қонақжайлық дәстүрі, бейбітшілікті, достықты, татулықты, тыныштықты, ынтымақ, бірлікті сақтай білген демократиялы ел екенін танытты. Енді міне, Қазақстан халықының қолдауына ие болған Елбасының құзіретін 2020 жылға дейін ұзарту туралы Шығыс Қазақстан университеті ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасы құптарлық – деп тағы да әңгімені мемлекетімізде болып жатқан ұлы өзгерістерге бұрды.
БИАҒА
Бұл кісінің Сыр өңіріндегі «Сыр елі – жыр елі» деп таныған жердің дәстүрлі жыраулық өнерін дамытып, кейінгіге қалдыру үшін төккен терінің еңбегіне орай 2007-2008 жылдары облыс әкімінің степендиясы тағайындалды.
2009 жылы Қармақшы ауданының – 80 жылдық мерей тойына арналған естелік медалі табыс етілді.
Қазақстан Президентінің басым бағыттағы маңызы мыңжылдық боп саналатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 жылы Алматы қаласында, 2005 жылы Астана қаласында Сыр сүлейлері ізімен өткізілген «Жыр керуені» фестивалінің лауреаты.
Қорқыт заманынан бері жырланып келе жатқан әдеби құнды жәдігер жырлар – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Оғызнама» және «Көроғлы».
«Көроғлы» жырын Биаға әкесі Рүстембек, Рүстембек өз әкесі Жиенбайдан, ал Жиенбай жырау бұл жырды түркімендерден әкелген деседі ескі әпсана.
Бабадан қалған бай қазынаның бірі осы болса керек.
Биаға «Көроғлыны» бастағанда өзі де, тыңдармандары да жырұйық мекенге көшіп, жыр жұмағына бөленіп, ақ пен қараның, алыс пен жақынның, биік пен аласаның, кеңдік пен кемдіктің, жарты мен бүтіннің арасындағы әділ төрешіге айналып бара жатқанын сезбес күй кешері анық.
Ендеше, адамның өзін-өзі тануы деген ғылымның кілті де жырау сөзі мен мақам сазында жатса керек. Осы ғылымның тереңіне бойлау – Биағаның өмірлік ұстанымы.
Талай зерттеуші фольклористер, мәдениет пен өнертанушылар, әдебиетшілер «Тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы, қас жыраулардан қалған көз» деп баға берген Биағаны қаншалықты, қандай деңгейде ұлықтасақ та лайықты.

Талайлы Досымова, ақын
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: