Жалаңаш ата кесенесі жергілікті тұрғындар соққан үлкен күмбезді кесене. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Жалаңаш ата көріпкел әулие болған, ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген делінген. Жазушы Дүкенбай Досжан «Жібек жолы» романында Жалаңаш ата көріпкел, әулие әрі жауырыншы болған. (Дешті Қыпшақта Жалаңаш әулие, Арыстан баб, Жылаған ата, Баба Түкті Шашты Әзиз деген аталармен қатар аталады.)
Отырар ханы Иланшы Қыдыр ханның бірден-бір сенімді тыңшысы болған. Жау ішіне көрінбей барып, жау жағының жағдайларын хабарлап отырған.
Ал, екінші бір аңыз-әңгімеде Кейден мешітінің имамы Әділбекұлы Мәмбетілі қожаның айтуы бойынша, Жалаңаш кейде кез-келгенге көрінбейді екен. Жеті төбенің жанындағы айдын көлде бір топ қыз бала суға шомылып жатқанда, Жалаңаш әулие де олармен бірге суға түседі. Бірақ қыздарға көрінбейді. Ер адамдарға көрінеді. Оны көрген ер адамдар Жалаңаш әулиені ұстап алып, ұрып азаптайды. Өлтірдік деп суға тастайды, жылап отырған әулеинің жанына бір ауыл ақсақалы келіп неге жылап отырғанын сұрайды. Сол сәтте әулие:
-Мына Бағлан деген елдің жігіттері мені өлтіріп, мұз астына жіберді. Соларды қарғап отырмын. Қыздарында жұмысым жоқ, қыздары өсіп-өнсін, еркектері күзге жетпесін, күзге жетсе жүзге жетпесін. Қырық жылдан кейін көк өгіз тауып, қошқар тауып қойса мүскін райымнан қайтармын,-деген екен. Шамасы қырық жылдан кейін мешітке келген Мәдіұлы Имен есімді имам жігіт елді жинап, Жалаңаш әулиеге жасаған өткен бабалардың орынсыз әрекетіне сай көк тананы алып, әулие басына барып зиярат етіп қайтуға ниет етеді.
Жалаңаш ата кесенесі қалың тораңғы өскен көлдің жағасында, теміржолдан бір шақырымдай жерде орналасқан. Кесененің артында қатты қираған және жермен жексен болған үлкен қорым бар. Ескерткіш 2002 жылы тұрғызылған жаңа кесенемен алмастырылған. Жаңа кесене-күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, шеңберлі күмбезі мырышталған металдан жасалған. Ескерткіштің сырты жұлдыз пішінді, сырылып тасталған кесененің кіреберіс бөлігінің үстіне салынған онша биік емес шығыңқы қасбеттен тұрады. Қираған кесене шаршылы болып келген негізі екі сатылы күмбезбен көмкерілген. Оңтүстік-батыс қабырғасының ортасына кесененің түкпіріне апаратын кіреберіс ойығы бар дәліз-дромос жалғанған. Негізгі аумақтың төрт бұрышы жауырыншалармен безендірілген. Осы бұрыштардың іргетасы үлкен тастардан қаланған. Күмбездің төменгі кертпеші бұрыштары доғаланып келген шаршы пішінді, ал жоғарғы кертпеші-дөңгелек. Онда төбелік ойық пен төрт жағында орналасқан шаршы пішінді саңлаулар бар. Кіреберісі ұзындығы екі метрлік дәліз түрінде қаланған қам кесекті екі қабырғадан тұрады. Жабындысы сырғауылды болып келген оның кіреберісі есікпен жабылған. Кіреберістің сол жағында ақ мата байланған бақан орнатылған. Күмбез сыланбаған. Камераның шаршылы негізінен күмбез шеңберіне өту камера негізінің бұрыштарындағы қортық аркалы тромпондар арқылы жүзеге асырылған. Камера қабырғаларының орта тұсында параболлалы кескіндегі аркалармен көмкерілген кең қуыстар бар. Камераның төменгі бөлігі күмбездің негізіне дейін сыланған. Камераның ортасында қам кесектерден қаланған қабір үсті ескерткіші тұрған. Ақ матамен жабылған оның солтүстік бөлігінің үстінде қошқардың бас сүйегі болған. Кіреберістің сол жағындағы қуыста тағы біреуі орналасқан, бірақ шағындау болып келген бұл қуыс жерлеумен байланысты. Ол-қабір үсті ескерткішінің жоғарғы бөлігіне қарсы орналасқан.