Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қызылорда мұражайындағы сауыттың сыры

Бағзыда Батысқа жұртына шалбар киюді үйреткен көшпенділер өркениеті жаһанды бас игізді. Барша әлем рухы азат көшпенділердің мәдени һәм рухани құндылықтарын танып қана қойған жоқ, жауынгерлік-қаһанмандық дәстүрін де көріп, үрейлері ұшты. 
Расында, бабаларымыздың жауынгерлік өнеріне теңесер халық болмағаны ақиқат. Олардың әскери ісінің деңгейі жоғары, қару-жарақтары сапалы әрі өзгелердікінен артылықшылығы мол еді. Атадан балаға мирас болған қару-саймандар заман озған сайын түрленіп, жетілуіне қазақ даласындағы ру-тайпалар үлес қосып отырды. Бірақ, негізгі сипаттары сақталынып қалды. Әсіресе, бабаларымыз қорғаныс жарақтарына қатты мән берген. Сөйтіп, қазақтар сауыттың бірнеше түрін жасаған. Атап айтқанда, көбе сауыт, шығыршықты сауыт (кіреуке сауыт, зере сауыт, бек сауыт), тақталы сауыт (береңгілі сауыт), жалаңқат сауыт, қаттама сауыт. 
Қазіргі уақытта Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында кіреуке сауыттың үш түрі бар. Бұл сауыттардың жасалу ерекшелігі дөңгелек металл шығыршықтардан өрілген. Дәлірек айтсақ, кіреуке – ерте замандағы соғысқа киетін сауыт, оның басқа сауыттардан айырмасы кеудесінде, арқасында, білек үстінде темірден немесе көзеден істелген шарайнасы болған. Батырлар жырында: 
Бадана көзді кіреуке, 
Мұны саған береді,
Баса келіп кисейші («Ер Тарғын»).
Үстімдегі ақ сауыт,
Ақ кіреуке бек сауыт («Ер Қосай»), - делінеді.
Белгілі зерттеуші Қалиолла Ахметжанның жазуынша, тамаша техникалық және қорғаныс қасиетіне байланысты кіреуке Шығыс жауынгерлерінің ең көп қолданған сауыт түрі болған. Кіреуке шығыршықтары болат сымнан кесіліп алынып, дөңгелене иіліп, ұштары шегемен немесе пісіріп дәнекерлеу арқылы бекітілді. Шығыршықтарының ішкі диаметрі «көз» деп аталған. Сонымен қатар қазақтар шығыршық көздерінің көлеміне сәйкес торғай көз, шөже көз және бадана көз деп аталатын үш түрін айырған екен. 
Мұражайдағы бірінші сауыттың шығыршықтары темірден тұтас шабылып алынған. Өрімінде тек бір түрі ғана қолданылып өрілген. Кіреукелерінің диаметрі 0,7-0,9 см. Кіреуке көздерінің өлшеміне байланысты сауыт торғай көз кіреукелерден жасалған екен. Сауыттың ұзындығы 75-80 см аралығында, ені жеңдерімен бірге алғанда 100-105 см, бел тұсында 65-70 см, Етегіне жырым салынбаған. Сауыттың салмағы 8-9 кг. Сауыттың жағасы болмағандықтан кіреуке сауыттың ең көп кездесетін түріне жатады. Сауыт музей қорына 1968 жылы өткізілген. Ғылыми зерттеу барысында сауыттың пайдаланған мерзімі ХҮІІІ ғасыр деп көрсетілген.
Екінші сауыттың шығыршықтары темірден тұтас шабылып алынған. Бұл сауыттың да өрімінде шығыршықтардың бір түрі ғана қолданылған. Сауыттың ұзындығы – 80 см. Кеуде тұсымен жеңін қоса есептегенде 110 см. Кіреукелерінің диаметрі 0,8-0,9 см. Артынан және алдынан 15-20 см жырымдары бар. Сауыттың салмағы – 7-8 кг. Бұл сауыттың да жағасы жоқ. Бұл сауыт та музей қорына 1968 жылы қабылданған. Арнайы зерттеулерден кейін сауыт ХҮІІІ ғасырмен мерзімделген.
Үшінші сауыт қазіргі уақытта жасалған. Сауыттың авторы Қызылорда қаласының тұрғыны қолөнер шебері – Б.Жақыпов. Сауыт музей қорына 2005 жылы өткізілген. Сауыттың ұзындығы – 75-80 см. Кеуде тұсын жеңімен қоса есептегенде 105 см. Кіреуке шығыршықтарының диаметрі 1,2-1,3 см. Кіреуке көзінің өлшеміне байланысты бадана көз кіреуке деп атайды. Мұндай кіреукенің берік болғандығы жөнінде ауыз әдебиетінде: "Таямай атса оқ өтпес, Шуақ шықса, күн өтпес. Жағасы алтын, жеңі жез, Бадана көзді ақ сауыт, Бекітіп соққан Ер Дәулет” ("Қобыланды батыр”) деп жырға қосқан. Кейбір деректерде сауыттың бұл түрі кейін орыстарға ауысып, олар мұны түркі тіліндегі өз атауымен "бадана” немесе "байдана” деп атаған. Сауыттың төменгі жағының оң және сол жағында 15-20 см жырымдары бар. Салмағы 12-15 кг.
Кіреукені тоқығанда шеберлер сауыттың беріктігін ғана емес, әсемдігін де ескеріп отырған. «Сондықтан әшекей ретінде кіреуке өрімінде түсті металдан жасалған шығыршықтар да пайдаланылды. Ауыз әдебиетінде жағалары алтын шығыршықтан өрілген, жеңдері жез шығыршықтардан өрілген кіреуке сауыттар айтылады. Бірақ мұндай кіреуке сауыттар сирек кездеседі», – дейді музейдің бөлім меңгерушісі Асхат Сайлау.
Оның айтуынша, қазақтар кіреуке сауытты ХІХ ғасырға дейін қолданған. Қазіргі уақытта кіреуке сауыттар жеке адамдардың коллекцияларында кездеседі. Ал, белгілі қазақ батырларының сауыттары киелі дүние ретінде саналып ұрпақтарының қолында сақтаулы.
Тарихтың ізі жатқан мұражайдағы кіреуке сауыт – ата-бабаларымыздың жауынгер, батыр, жау жүрек болғанын көрсетеді. Яғни, осынау ұланғайыр даланы көз тігуші сұғанақтардан қорғап қалу үнемі аттың жалында, түйенің қамында жүрген бабаларымызға оңай түспегенін көреміз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: