Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Атадан қалған аманат

Кезінде көңілі жақын болып, бір өнердің ізінде болған атақты Ешнияз салдың баласы Жүсіп (Кете Жүсіп) өзінің ағайыны Аманның қызы Болғанды Тасбергенге қосып, бөлек үй етіп шығарады. Кейін Тасбергеннен туған Нұрмаханға өзінің Рсалды атты қызын айттырып қосады. Бұл сол кездегі Жүсіптің өнерпаз Тасбергенге деген ықыласы болғанын көрсетеді. «Тасбергеннің өз алдына түтін түтетіп, үй болуына Кете Жүсіптің қамқорлығы көп еді» –дейді ел ақсақалдары.


Біз әңгіме етіп отырған Нұрмахан жыраудың өмір жолы осылай басталды. Сырбаз, сымбатты, сал Нұрмаханның бұл бақыты ұзаққа бармады. Жолдасы Рсалды қайтыс болып, одан Ділда атты жалғыз қыз қалды. Оның да өмірі қысқа болып, ақыры Нұрмахан жырау жалғыз қалды. Оның үстіне Кеңес Одағы орнап, ұжымшар көбейіп, тірлік үшін сол шаруашылықта еңбек етуге тура келеді. Жыраулықтан басқа мамандығы жоқ Нұрмахан мал бағып, егін егіп, арба айдап күн кешеді. Бұрын жыраулар елдің жылы ықыласына бөленіп, еткен қызметіне ақы, пұл алып күн көрген. Сондықтан жырауға қара жұмыс өте ауыр тиеді. Сонда да жыраулық кәсібін тастамай, домбырасы қасында болады. Кейін Ақбала атты келіншек алып одан Қалдыгүл, Сәндігүл, Күләндам және Қалабай дүниеге келеді. Осылайша қарапайым отбасы ретінде өмір сүреді.
Нұрмахан жырау жөнінде Әлиақбар ақынның:
«Нұрмахан, Берман, Әнуар,
Құйқылжыған әні бар.
Ойын күлкі, ән мен күй,
Бәрі өзінен табылар...», – деген өлең жолдары бар.
Нұрмахан жыраудың жыр қорында Кете Жүсіптің, Ешнияз салдың, Омар, Тұрмағамбеттің терме-толғаулары, дастандары, әндері көп. Халық арнайы шақырып, отбасына, жиын-тойға шақырып, жырларын, әндерін тыңдап бір сейіліп қалатын. Біз әңгіме етіп отырған Нұрмахан жыраудың бір ерекше шығармасы өз әкесі Тасбергеннен үйреніп алған Сыр бойына белгілі Сайыпназар Өтенұлының «Мұхамед-Ханафия» атты ұзақ дастаны еді. Кеңес Одағының кезінде тыйым салынған жасырын, шақырып діни дастанды тыңдайтындар сол кездің өзінде көп болған. Сол «Мұхамед-Ханафияны» алғаш рет Нұрекеңнің 85 жасында 1983 жылы тыңдадым.
Сол шығарманы Сыр сүлейлерінің таза мақамымен, әкесі Тасбергеннің маңырамасымен орындағанын көріп, естіп қатты таңғалдым. «Бізге жеткен 2 сағаттық ғана үнтаспасы бар. Енді сол таспадағы дауысты, мақам үлгілерін кейінгі жастарға жеткізу – біздің міндетімізу. Енді сол Нұрмахан жыраудың өмірбаянына келсек. Ол Қармақшы өңірінде Бұқатышқан, Ақтайлақ жайлауында 1898 жылы туып, 1984 жылы қайтыс болды. Бейіті қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы Шымырбай аталығының (Текейдің баласы) қорымында. Оның жыраулық өнерін баласы Қалабай аз да болса үйреніп, ойын-тойларда ел алдында жыраулық өнерді дәріптеді.
Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
өнер зерттеушісі
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: