Ұлттық ат спорты түрлерінен Қызылорда облысы командасының 90 проценті Жаңақорған жігіттерінен құралған. Теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және көкпардан біздің жігіттер жарап тұр. Талай аламанда облыстың намысын лайықты қорғап келеді. Әсіресе, көкпардан Сыр құрамасының толық құрамын құрайтын жаңақорғандық шабандоздарды ерекше айта кету керек. Республика көлемінде үздік үштіктен түспейтін біздің көкпаршылар туралы талай айтылды, жазылды. Осы көкпаршылардың бағын жандыратын астындағы атына байланысты. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей сынға түскен шабандоз да, жылқы да бір-біріне сай болуы маңызды.
– Өзім 5 жасымнан бастап қолыма қамшы алдым, атқа міндім. 8 сыныптан бастап жаппай көкпар додасына түсе бастадым. Алдыңғы аға буынға қарап өстім, Әсет, Шука, Сейітқазы сынды көкпаршылардан тәлім алып, тәжірибесін үйреніп, ізінен ердім. 1992-2006 жыл аралығында көкпардың қыр-сырына әбден қанықтым. 2006-2013 жылы облыс намысын қорғадым. Жарақат алып, үлкен спорттан тыс қалдым, Үлкен додаға түспесем де ат баптауды қолға алып, шәкірт тәрбиелей бастадым. Қазір бес тұлпарды көкпарға дайындау үстіндемін, оның біреуі – ұлымдікі. Ол да әке жолын жалғап, тақымын мықтап, ат спортының қыр-сырын меңгеруде. Ұлым Дәулет бастаған ауданның жастар командасы республикада үнемі үштікте жүреді, – деп әңгімесін өзінен бастады.
Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысса, командалық тартыста құрама үшін сынға түседі. Атты баптайтындарды «атбегі» дейді. Ол – жылқының сыртқы тұрпаты, ішкі құрылысы, мінез-құлқынан бастап, көңіл-күйін, психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі таңдағы тілмен айтсақ, интеллектуалды маман.
– Жылқы үшін көкпар ойыны өте ауыр спорттың түрі. Бабы келіспеген аттар екінің бірінде ауыр жарақат алып, қайта көкпарға жарамай қалуы мүмкін. Сондықтан додаға дайындар алдында оларды іріктеп аламыз. Оны екі жыл бағамыз, «қысқы шілде» және «жазғы шілде» де жілік майын толтырамыз. Сосын барып «суыту» жұмысына кірісеміз. Суыту сөзі «ысылу» деген мағынаны білдіреді, яғни екі жыл бойы семірген атты еттен арылтып, көкпарға жарату үшін дайындайды. Былайша айтқанда, жануар да адам секілді, ол да үлкен спортқа үлкен дайындықпен келуі тиіс, – деді ол.
Мәселен, күзгі көкпар аламанына атты қалай дайындайды, соған тоқталайық. Жаз бойы күніне бірнеше рет жемделген жылқы күзге жақын жемнен шығады. Осы уақытта бидайды бір мезгіл беріп, қалған кезде арпа мен сұлыны араластырып береді. Суытарда сұлының тек өзін ғана берген абзал. Арпа мен сұлы бидайға қарағанда жеңіл болғандықтан, қорытылуы тез. Жақсы семірген аттың іш майын жиыру үшін алма, сәбіз сынды көкөністерді жиі берген дұрыс. Арқасын тұз сумен жууды қадағалап, мінбес бұрын 10-15 күндей құрғақтай таң асыру керек, яғни үстіне мінбей жетектеп жүру керек.
– «Таң асыру» деген – атты кешкі жемнен соң ауыздықтап қаңтарып қоюды айтады. Ат таңға дейін жем-шөп жемей тұруы тиіс. Таңасырылған ат ептеп еттен түсіп, іші тартыла бастағанда ауыздықтап, ойнақтатпай суға байлау керек. Суық су аттың етін қатайтады, ішіндегі ыстығын алып, тұяғын жұмсартады. Одан кейін тұяғын жону, реттеу, табанындағы қолаңсасын алады. Атты алғашқы күндері жай жүріспен, ентіктірмей, құлақ түбінен тер шығартпай қайтарып отырған жөн. Содан кейін адымын бірте-бірте алшаңдатып, үзбей отыз-қырық күн мінген соң басын қоя беруге болады. Күтімде тұрып қалмай, үзбей мінілген ат екі айға жуық ішінде суытылып бітеді, – деді ат баптаушы.
Әли ТЕМІРБЕК