Әдетте, тарихи ескерткіштер мен ежелгі қалалардың орны елді мекеннен әрі кетсе он шақты шақырым қашықтықта орналасады. Сырдария ауданы аумағында орналасқан осындай тарихи орындар өткеннен сыр шертеді.
Кіші асар қалашығы Шаған ауылының солтүстік-батысына қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Ол мемлекет қорғауындағы археологиялық ескерткіштер қатарында. Қалашықтың оңтүстігінде қақпа болғанға ұқсайды, бақылау орны қызметін атқарған қорғанның диаметрі 30 метр шамасында.
Өткен заманда жаудың шабуылы көп болғандықтан Сырдария өзенінің жағалауындағы аудандарда мұндай биік үйінділер көптеп кездеседі. Ережеге сәйкес оның үстіне ағаштарды жинап алау жаққан. Бұл өз кезегінде жақтастарға жау жақтан қауіптің келе жатқандығын ескертсе, екінші жағынан алдын ала әскерді дайындауға мүмкіндік берген.
Үлкен асар Кіші асардан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Олардың арасында тура жолдың жоқтығынан оған жету үшін айналма жолмен жүру керек. Үлкен асардың қорғаны Кіші асардан биігірек. Оның айналасында ор болған, бекіністе әскер отырған. Екі қалашықтың арасында басқа елді мекендер орналасқан. Кіші және Үлкен асар жоңғар шапқыншылығын, 1220-1221 жылдары Шыңғыс хан мен қоқандықтардың шабуылын басынан өткізуі де мүмкін. Сондықтан бұл ескерткіштер тарихи құпияларды сақтағандықтан түгелдей зерттеуді қажет етеді.
Күмісқорған басқаша Күміс асар деп аталады. Ол Шаған мен Ақжарманың шекарасында орналасқан. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автодәлізінің жағалауында. Күмісқорған сол маңайдағы барлық асардың орталығы болған. Археологтардың зерттеуінше Күмісқорған 1818 жылы салынған қоқандықтардың қонысы болған. Этнограф-ғалым Т.Дайрабайдың "Сыр перзенттері" атты кітабында қалашық төртбұрыш түрінде салынған деп жазылған. Оның диаметрі отыз бес те отыз бес. Ал биіктігі үш метрден бес метрге дейін. Айналасында күзет мұнаралары, ал ішкі жағында атыс қаруымен жасақталған әскер орналасқан. Күмісқорған Ақмешіт пен Қуаңдария аралығындағы қазақ ауылдарын бақылау үшін салынған.
Қалашық қорғанын Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырдың әскері шабуылмен алуға тырысқанымен оны ала алмаған. Қорған 1852 жылы тамыз айында орыс әскерінің полковникі Иван Бларамберг бастаған әскерге қазақтардың көмегімен қирағаны тарихтан белгілі. Бұл жайында Сыр топырағының батырларын зерттеген полковниктің және Бақытжан Ахметбектің еңбектерінде мәлімет берілген.Бұл жазбаларда қорғанның солтүстік бөлігінде саздан жасалған рабат туралы да айтылады. Бүгінгі күнге терең орды айнала өтетін қорған қабырғасының бес метрі ғана сақталған.