Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Көші-қон саясаты: өңірлік даму мен демографиялық тұрақтылықтың  кепілі

Қоғамның тыныс-тіршілігі мен өңірдің келешегіне тікелей ықпал ететін көші-қон мәселесі бүгінде ерекше назарды қажет етеді. Осы маңызды тақырып аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен 3 маусым күні «Облыстағы көші-қон жағдайы және оны жетілдіру бағыттары» тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Басқосу мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам өкілдерінің ашық пікір алмасуына мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

Бұл жиынға арнайы шақыртумен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің аумақтық бөлімшелері, облыстық көші-қон қызметінің мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының өкілдері, сондай-ақ Қызылорда облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі қызметкерлері қатысты.
Өңірдегі көші-қон үдерістерінің қазіргі ахуалы жан-жақты сараланып, халықтың қоныс аударуына әсер етіп отырған әлеуметтік-экономикалық факторлар кеңінен талқыланды. Әсіресе жастардың өзге өңірлерге қоныс аударуы, еңбек көші-қонының ерекшеліктері, ішкі және сыртқы миграциялық қозғалыстардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы жөнінде маңызды пікірлер ортаға салынды.
Жауапты мекеме өкілдері көші-қон мәселесінің тек статистикалық көрсеткіштермен шектелмейтінін, оның өңірдің демографиялық әлеуетіне, еңбек ресурстарының қалыптасуына және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Осыған байланысты, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастарды өңірде ұстап қалуға бағытталған тиімді тетіктерді жетілдіру қажеттігі сөз болды.
Дөңгелек үстел барысында көші-қон саясатын заман талабына сай жаңғырту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, азаматтардың өмір сүруге қолайлы жағдайларын қалыптастыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар жауапты сала мамандары тұрғындар тарапынан көтерілген сауалдарға жауап беріп, көші-қон саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.
Жиын қорытындысында қатысушылар өңірдегі көші-қон үдерістерін тиімді басқару, демографиялық өсімді сақтау және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ айтылған ұсыныстар мен көтерілген бастамалар алдағы уақытта көші-қон саясатын жетілдіруге және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге өз үлесін қосатынына сенім білдірілді.
Көші-қон мәселесі – елдің болашағы мен өңірдің өркендеуіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан бұл саладағы жүйелі жұмыстарды жетілдіру, қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді диалогты дамыту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.

Жақсыгүл Оразалиева,
 Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 
Қызылорда облыстық филиалаының баспасөз хатшысы 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: