Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Тілеулес ишан

Сырдарияның төменгі ағысында небір білікті діни ғұламалар өткен. Олар жұртшылықты имандылыққа шақырып, ағартушылықпен айналысқан. Әсіресе, жастарды ізгілік пен имандылыққа шақыруда ахундар мен ишандардың ролі зор. 
Кешегі қызыл империяның дәуірлей бастаған шағында қызыл көз атеистер келіп, қылышын сермеп, діңкілдеп тұрған кезде де ұстаған жолдарынан қайтпаған. Солардың бірі – Тілеулес ишан Нұрсейітұлы еді. Сондай сәтте ол: «Алсаң бас міне!» деп, шапанын желбегей жамылып, қасқайып тұра берген. Әйтсе де бұл кісіге «Дін – апиын» деп айқайлағандар тиісе алмаған. Тиіссе де оқ дарымаған. Сондай бір оқ қағары болған деседі. Абақтыға қамаса есікке салған құлпы ашылып қала берген. Бұл ғұлама сонда да шығып жүре беруді ойына алмапты. Неге?! Өйткені, ол өз ісінін әділдігіне бек сенген.
Тілеулес ишан Арал өңірдегі Жақайым руынан екен. Онын ішінде Баби деген тармағынан. Жастай Хорезмде оқиды. Алғыр да әдепті бала көзге тез ілінеді. Оның ұстазы есімі Орта Азияға мәлім Зәкіржан қажы еді. Сол кісі көпке енді-енді таныс бола бастаған жас ишанды туған жеріне құрметпен шығарып салған. Тілеулес ишан елге келісімен өзі білім алған ордасы мен ұстазының сенімін ақтауға бойындағы жігер-қабілетін жұмсайды.
Сол себепті болар өзі қатарлы оқығандардың ортасынан суырылып ілгері шыға бастайды. Қызылдар билік құрып бұрынғының бәрін қиратып, жойып жатқанда Тілеулес ишан «Ақжонадан» (қазіргі Бекбауыл стансасына 20-25 шақырым шамасындағы Сыр өзенінін жағасы) үлкен мешіт салуға тәуекел жасайды. Ол үшін арнайы жұмысшы комиссиясы құрылған. Мұның құрамына елге беделді Дәрмен, Тәжібай, Жаржан есімді кісілер енген.
Осылардың ұйымдастыруымен қаржы жиналған, жер-жерден мамандар шықырылған. Мәселен, ағаш ұсталығын Құламан, ал кесек өруді Әбілбай деген шеберлер басқарған. Мешіт пен мұнараға өрілген кесектің көлемі бірдей болған. Мұнараның төбесіне көтерілгенде Қазалы қаласының «Ояз бауы» мен «Сайлыбай ағашы» ап-анық көрініп тұрған деседі. Азаншы Жанықұлы Шашақтың азанғы дауысы мешіттен 20-30 шақырымдай жерде орналасқан осы күнгі Бекарыстан би ауылына айна-қатесіз естілген көрінеді.
Әрине, бұл мешіттің құрлысына қарсылық білдірген діндарлар да аз болмаған. Олар ел арасына «Тілеулес ишан бұл мешітті орыстарға арнап салуда» деп желдірткен. Бірақ мұндай қаңқу сөздерге ол кісі құлақ аспаған. Бүкіл Сыр шектісі болып салған мешіт үйі 1925 жылы пайдалануға беріледі. Осы жылы-ақ өжіреде жатып 150 бала дәріс алады. Көбісі жетімдер, жалаң аяқ кедейлердің балдары. Мешітке жиналған мал-мүлікті Тілеулес ишан солардың қажетіне жұмсаған. Өзі бір күні тоқ, бір күні аш отырса да, сауарға сиыры болмаса да осылай істеген. Демек, жас ұрпақтың көзін ашуға, инабатты азаматтар тәрбиелеу үшін өз жанын пиде еткен.
Қазір мешіттің орнын (жалпы алаңын) ешкім де дәлме-дәл айтып бере алмайды. Десе де көзі көргендердің айтуына қарағанда, қазіргі сегіз жылдық мектептін шамасындай болған-ау деуге келеді.
Арал қаласында соғыс және еңбек ардагері, айтулы механизатор болған Жұбанбай Сауытбайұлы есімді ақсақал тұрды. Аса ескірімді, өз ортасына сыйлы. Сол кісі былай деген еді:
– Мешіт біткен жылы бес жаста едім. Әкем қолымнан жетелеп сонда алып барды. Әуелі көзге түскені еденге жайылған алаша, киіз, кілем, көрпешелер болды. Бұрын-сонды мұндай молшылықты кездестірмегесін бе, аяғымды қорқа-қорқа әрең бастым. Бөлме дегеніңіз баршылық. Біреуін шатырхат берілетін бөлме дегені есімде. Оның мәнісін кейін білдім. Оқу бітіргендерге куәлік, диплом осы арадан таратылады.
– Мешіт қашан жабылды?
– Өмірі ұзаққа бармады. 1928 жылы бүкіл елде тәркілеу басталды. Сол жылы-ақ конфескіленді. Сол жылы бір соққанымда мешіттің бар мүлкін, көрпе-төсегін саудаға салған екен. Бірақ сатып алушыны көрмедім. Ишанның назарынан қорқып ешкім де жоламады.
– Ал ишанның өзін қудалады ма?
– Ее, түрмеге жапты ғой. Әйтсе де қайтып келе берді. Тілеулес ишан өз ажалынан 1933 жылы дүние салды.
Тілеулес ишан өз басына ешнәрсе жаратпаған. Келген малды, дүниені кедей балдарын оқытуға жұмсады. Сірә, осындай сақилығы атамызды желеп-желпісе керек. 1931 жылы қазақ елін аштық жайлады. Тілеулес ишан салдырған мешіт жеті жылдық мектеп-интернатқа айналды. Мен осы мектепте 1932-1938 жылдар аралығында оқыдым.
Арал мен Қазалыдан жиналған аш-жалаңаш балалар бәріміз бірге сол баяғы өжіреде жаттық. Біздің Кенжалы Бекмамбетов деген ағамыз бар-ды. Сол кісі осында директор болды. Ишанның мешітінде 1953 жылға дейін бала оқыды. Сөйтіп, мешіт ғимараты кеңес өкіметіне де қызмет етті.
– Одан кейін не болды?
– Сол 1953 жылы Сырдария өзені арнасынан асып, үлкен су тасқыны болды. Мешіт те, оның мұнарасы да құлады. Ауыл іргесіндегі бейіттер де су астында қалды. Өз әкемнің сүйегі де солай болды.
Осы араға келгенде Жұбанбай ақсақал қамығып отырып қалды. Әңгімені мұнан әрі созуды ыңғайсыз көрдім. Тілеулес ишанның бес баласының бірі – Әлімжан молда да осы қалада өмір сүрді. Әкесі арап әліппесін оған жасырын үйреткен. Соның арқасында ол елдегі білікті діндарлардың сапында жүрді.
Әлекең майдангер де, еңбеккер де болған. Смоленск түбінде жарақат алып 1944 жылы елге оралған. Екінші топтағы соғыс мүгедегі еді. Әр адамның өзіндік бір танымы, сенімі болады ғой. Тілеулес ишандар өзі ұстанған ақ жолына – құлай берілгендер. Арманы біреу ғана – адал да ізетті ұрпақ өсіру.
Азаттықтың самалымен тыныстап, егемендік алғалы да ширек ғасырдан асты. Осы уақыт ішінде дін өкілдерін, ахундар мен ишандардыдың елге деген ықыласын дәріптеу, кейінгілерге жеткізу жағы кемшіндеу.
Тілеулес ишанның мешітінен бұрын сол «Ақжона» маңында Қосмамбет ишанның мешіті де болған деседі. Бірақ оның орны да тып-типыл. Қоршап қастерлеуге ұмтылған ұл-қыздары сол араны таппай әлек. Енді бір үрейлі нәрсе—жастардың әртүрлі діндердің жетегінде кетуі. Бұл мәселеге айрықша назар аударылуы қажет-ақ.
Шәкірат ДӘРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Арал қаласы
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: