Жалпы қазаққа тән өнер қатары баршылық. Дегенмен, ұлт өнерінің бояуын қанық қылып тұратын элементтер болады. Ол, әр өңірге тән ерекшеліктер десек қателеспейтін шығармыз. Бұл өңірлік ерекшеліктердің барлығы ұлттың ортақ мәдениетіне қызмет етеді. Сырдарияның бойын мекен еткен халықтардың да, бағзы заманнан өзіне тән өнері, әдебиеті мен мәдениеті болған. Осындай ерекше өнердің бір жанры –жыраулық өнер. Көмейден шығатын құмығыңқы үннің тыңдаушының жүрегін тербеп, тылсым әлемге жетелейтін құдіреті басым. Бұл туралы талай-талай зерттеушілер жазды, ғылыми ойларына тамыздық қылды. Кешегі, кеңестік дәуірде жарқырап көріне алмаған ұлт өнері өкілдері көптеген қиындықтарға душар болды. Талайы жазықсыздан жазықсыз итжеккенге айдалып, бүрге мен қандаласы қаптаған түрмеге қамалып, өнерге, өлеңге әуес қылған жаратқанға қапаланды. Ащы болса да шындық осы. Сол кездегі одақтас елдердің барлығына бір мезгілде келген жылымық, аздап болса да, 1953 жылы аз ұлттардың ұлттық тамырына қан жүгіртті. И.В. Сталиннің дүниеден өтуі тарихта «Жылымық» деген атпен таңбаланды. Содан кейін барып, әр ұлт өзінің ұлттық өнеріне, тағдырдың тәлкегіне түскен тас бауыр тарихына, дәстүрі мен салтына аздап болса да, мойын бұра бастады. Жыраулық өнерде осы тұста ашық қолдау көрмесе де, ел арасындағы кәтекі жыршылардың өнерлерін тамашалау, оларды сәл де болса құрметтеу белең ала бастайды. Осындай әрі-сәрі күйде тұрған ұлттық өнерге жаңа көзқарас, жаңа бағыт қалыптастыру керек болатын. Бұрынғы жырауларымыздың барлығы алдыңғы сүргіннен қаймығып, тіпті өнерді мүлде тастап, шаруашылықтың басқа салаларына ауысып, күнкөрістің қамына кіріскендеріне де көп болған. Міне, осы кезде таң алдындағы шолпан жұлдыздай жарқырап, ата өнерге байланған қаншама өлі мен тірінің аманатын арқалап Көшеней Рүстембеков шығып еді. Ұлы бабасы Дүзбенбеттен бермен қарай үзілмеген жыр-мұраның жалғасы, атасы Жиенбай жыраудың сарқыты, әкесі Рүстембек жыраудың үміті болып, айналасы 4-5 жылдың көлемінде түбі бір түркі жұртына танылып үлгерген саңлақ жыршы 1946 жылы 22 тамызда, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Жырдың селі, жыраулардың алыбы атанған Балқы Базардың: «Екі енені тел емген, күпшек санды күреңмін. Төсімнен тартса жетпейтін, жуандықтан айылы» дегеніндей, Көшенейдің балалық шағы мен оқушы кездері Жалағаш ауданында өткен. Рүстембек әкеміз соғыстан оралғанда, отбасы Жалағаш ауданындағы қазіргі Мырзабай ахун ауылы маңында отырған екен. Рүстембек жыраудың үлкен қызы Ыдық апамыздың (1934-2020) айтуынша: «1945 жылы Әкеміздің майданнан келгенін естігенімізге де, бір айға жуық уақыт өтті. Аудан орталығы Жалағаш қыстағынан түсіп, ай бойы үйге келмегенін әр саққа жүгіртіп жатқандарда бар. Бір күні бәйбіше шешем жүр деп, ерітіп алды. Кейін білдім, аудан орталығына, әкеме бара жатыр екенбіз. Көктемгершілік абыржының уағы, дариядан сең жүріп жатыр. Қайыққа отырып, шешемнің мықтылығына куә болдым. Қолындағы ұзын таяғымен ұлкен-ұлкен сеңдерді ысырып отьырып, арғы жағаға да шықтық. Жалағаш қыстағына барып, әкемді сұрастырып, жырлап отырған үйін біліп, сол жерге бардық. Барсақ үй толған адам, ортада әкем жырлап отыр екен. Бізді көріп, қуанғаннан жүзі жайнап, жырды сағынған халықтың жібермей жатқанын алға тартып, ертең өзіде үйге жүргелі отырғанын айтып жатыр. Сол жерде бізде бір күн аялдап, ертеңіне әкем үшеуміз үйге қайттық. Үйге барған соң көрші-көлемді шақырып, құдай жолына садақа беріп, бір аптадай үйде болып, қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы ағайындарға сәлем беріп әрі жағдайларын байқап келуге жолға шықты. Сол сапарынан оралғанда жүк артатын түйе, мініс ат, көмек берер адамдарымен келіп, бізді көшіріп ағайынның ортасына алып кетті. Келесі 1946 жылдың 22 тамызы күні, ағайынның ортасында Көшеней дүниеге келді. Көшеней Керейт аталығының бір тармағының атауы. Бұл әкемнің нағашы жұртына, асыраған шешесі Даңмұрын шайыр Кенжебекұлының апасы Балшаш анамызға деген құрметі екенін кейінірек біліп жатырмыз»-деп,есінде қалған естеліктерден шертер еді.
Жыраулықтың жығылғалы тұрған тұрған туын тіктеп, тұғырын мықтап, жыр туралы сол кездегі саяси цензураның тоңын жібіткен саңлақтың ғұмыр жолы қысқалау болды. Небәрі 27 жасында 1973 жылғы 7-наурыз күні Мәскеу қаласында жырға ғашық, тарихқа құмар, елге жақын, түркінің аспанында жырдың жасынындай ойнаған оғланның демі таусылып, қаудың жалынындай қысқа ғұмыры кендірдей күрмелді. Артында қалған жыр сүйер қауым, қара орман ағайын, адал жары мен бауыр еті балалары, бір туған бауырлары жаратқанның әмірінің бәрінен жоғары, бәрінен басым екенін үнсіз мойындап, Алланың ісіне ылажсыз көнді. Одан бері де қаншама көктем, қаншама сарша тамыз өтті. Киелі жырды қастер тұтқан тұлғаның өзінсіз қанша атаулы мерекелері өтті. Артында қалған өнерге жанашыр, жырды құрмет тұтатын елі барда, көзі бар кездің өзінде «Күміс көмей Көшеней» деп, атап кеткен жампоз жырауын ел сірә ұмытар ма?
Бүгінгі мерей той иесінің иманы саламат, тұрағы жәннәт болсын! Қасиеті мен киесі ізінде қалған ұрпаққа дарып, ұлы өнерді мұрат тұтқан жалынды жастарды әруағымен жебей берсін!
Берік Саймағанбетов,
жыршы