Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында жұмысшы және солдат ұйымдары, әсіресе, бұл ұйым Перовск уезінде басқа қоғамдық саяси ұйымдар ішіндегі ұйымдық жағынан ең жақсы топтасқан ұйым болды. «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы №8 санындағы «Ақмешіттегі жанжал» атты тақырыппен берілген хабарда былай делінеді:
«Сырдария облыс Кеңесінің 31-ші тамыздағы мәжілісінде Ақмешіт уез комитетінің төменгі мағлұмнамасын оқыды. 28 тамызда күндізгі сағат 5 шамасында Ақмешіт қаласындағы базарда тәртіпсіздік шықты. Онда жергілікті халықтан екі кісі өліп қалды. Екі қазақ, бір шаһар солдаты жаралы болыпты.
...Жанжалдың шығуына мына жағдай себеп болған. Базарда жүрген бір қазақтың қолындағы былғарыға бірнеше солдат саудаласады. Солдаттар олай-бұлай сөйлесіп тұрғаннан кейін, зорлық қылып қазақтың былғарысын тартып әкетеді. Сонан соң қазақ айқай салса, онан-мұнан бес-алты адам келіп қалады. Сөйтіп, қазақтар мен солдаттар арасында төбелес көтеріліп кетеді. Сол уақытта топтың арасындағы біреуі караульный команданың казармасына барып, қазақтар бүлік шығарып жатыр деп хабар берген. Мұны ести салып, команда мылтық, патрон алып келіп жинаған топқа қарап оқ ата бастаған...
Шаһар солдаттарының ішінде Жетісу орыстары көп еді. Һәм Ақмешіт уезінің поселкелерінде бірталай орыстар бар еді. Әсіресе, солар қазақтарға тым өшігіп кетіп, жанжалдың ұлғайуына үлкен себеп болды...онан соң солдаттардың мұнан бұрын да қазақтарға зорлық қылып, күш көрсетіп жүргендіктері анық екен. Мысалы, қауын сатып жүрген қазақтардың қолындағы қауынын ақша бермей солдаттар талай-талай тартып алып кетті. Әйтеуір халық өте қорқынышты: «Солдат күн көрсететін емес» деп зар-зар жылайды».