Барлық өмірі мен өнегелі тірлігі алты Алаштың баласына мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил Баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата деп аталады. ІХ ғасырда Иран мен Тұран бағытында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға ислам дінін тарату мақсатында Әбдірахим Баб, Ысқақ Баб және Әбдіжалил Баб бастаған топ жіберіледі. Бұл кездері Ысқақ Баб пен Әбдіжалил Бабтың әкесі Әбдірахман Баб Шам шаһарының патшасы болған. Ол қайтыс болған соң орнына үлкен ұлы Ысқақ Баб таққа отырып, патшалық құрды. Ал Әбдірахманның інісі Әбдірахим Баб Бағдаттың (қазіргі Ирак), Әбдіжалил Баб Иеменнің патшасы болатын.
Әбдіжалил Баб ондаған мың қолмен Исфахан, Тебрих, Мазандаран, Балх шаһарларын басып алып, Иранның Хорасан қамалын қоршайды. Үш күн, үш түн шабуылмен бұрын ешкім ала алмай жүрген 32 қақпалы Қорасан қамалын Әбдіжалил Баб басып алады.
Әбдіжалил Баб иемденген жерлеріндегі халықты ислам дініне кіргізіп, мешіт-медреселер салдырып, арабша сауатын ашып, мәдениетінің өсуіне де ықпалын тигізіп отырған. Қорасан өлкесіне де осындай игілікті тірліктер жасап отырған. Осылайша, Қорасан Ата атанады. Ол ірі қолбасшы, әрі жолбарыс жүректі батыр болған.
Қорасаннан қалың қолмен аттанған Әбдіжалил Баб Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм өңіріндегі «Тотықұс» аралына (қазіргі Жаңақорған ауданының аумағында) келіп табан тірейді, осы жерді тұрақты мекен етеді. Мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, емшілік істермен де айналысады.
Ислам діні мен мәдениетін Орта Азия мен Сыр бойында уағыздаудың көш басында тұрған Қорасан Атаның қадір-қасиеті арада уақыт өткен сайын биіктеп келеді. Оның ұлылығына бас иген Қорасан атаның (Әбдіжалил Бабтың) туған ағасы Ысқақ Бабтың 7-ші ұрпағы Қожа Ахмет Иассауи 63 жасқа келіп, қылуетке (жер асты мекені) түскенге дейін әр жылы Ораза, Құрбан айт намаздарында осы Қорасан ата басына келіп Құранын бағыштап, Меккедегі Қағба тілләның осындағы көшірмесіне жүзін беріп намазын оқып қайтады екен.
Аңыз әңгімелерде Қорасан ата бамдат намазын оқып тұрғанда бүкіл тұла бойы қорғасындай еріп тұратын болған екен. Ислам дінін уағыздаумен қатар жүйке, қояншық, шешек ауруларын емдеп жазатын болыпты. Қорасан ата өзі өлсе де рухы өлмей, мазар басына түнеп, перзент сұраған ерлі-зайыптыларға Алланың құдіретімен ұл сұраса ұл, қыз сұраса қыз берген. Бұл жөнінде қазақ халқының эпостық жырларының бірі Қобланды батыр жырында Қорасан атаның киесі туралы айтылады.
Тағы бір деректерге сүйенер болсақ сол заманда бауыры Ысқақ бабпен бірге, 150 мың әскермен дін жолындағы жорыққа аттанады. Шам қаласынан Бағдатқа, Исфаханға, одан Мазандеран, Серахс, Балх, Бұхара, Шахрисябзь, Самарқан, Өзгент және Ош шаһарларына ислам дінін орнатады. Ферғанаға жеткен кезде үш бағытқа бөлінеді: бірі Қашқар мен Жаркентке, 2-сі Сырдарияның сол жағасымен Жетікентке және Отырарға, ал 3-сі Сырдарияның оң жағасымен Шаш (Ташкент) және Исфиджап (Сайрам) шаһарларына қарай аттанады.
Әбдіжәлил баб Ходжендті (Сырдың Өзгенті немесе Қырғыз Өзгент) қоршау кезінде қаза болады. Мұны естіген бауыры Ысқақ баб әскерімен келеді де Ходжентті алып, Өтеміс ханды өлтіреді. Тұрғындарына мұсылмандықты қабылдатады. Аңыз бойынша оның лақап аты Қорасан екен. Қорасан аталуына себеп болған жәйт: шешек шыққан жанның үстінен аттаса — ауру көп ұзамай сауығып кететін көрінеді. Қорасан ата (Әбдіжәлил баб) мен оның ұлы Хұсайын баба (Хұсайын Ғази) зираттары қазіргі Жаңақорған ауданының жерінде орналасқан.
Қорасан атаның қасиетіне тәнті болған халық кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштап, Алладан тілек тілейді.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді
қорғау мекемесінің ғылыми қызметкері