1937 жылы корейлердің Қиыр шығыстан Қазақстанға жер аударылып келуіне байланысты Қызылордаға корей институты келіп орналасты. Қазақ үкіметінің қаулысымен бұл оқу орны Қызылорда педагогикалық институты болып қайта ұйымдастырылып, 1937 жылдың қазан айынан жұмысқа кірісті.
Қасіретті 1938-39 жылдарда қала тіршілігі осындай жолдардан өтіп жатты. Запыран уақыттың уыты жазықсыз жандардың көзінен қанды жас ағызды. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 4196 адам жазықсыз жазаланған, 300 адам ату жазасына кесілген. Ал мұражайдағы дерекке қарасақ, жазықсыз жазаланғандардың ұзын саны 4224 адамды көрсетеді. Олардың ішінде 2043-і қазақтар екен.
1939 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет Қызылорда қаласының жер көлемі 78 мың шаршы метр екендігін айтады. Қала халқына екі автобус қызмет етіп, 16 мың адамды тасымалдаған. Сондай-ақ, 41 адамға арналған бір қонақ үй, 82 адамға арналған бір монша қызмет көрсеткен. Сол жылы шаһардағы тұрғындар саны 47 мың адам болды.
Соғыс жылдары алдында құрылған Қызылорда облысының әлеуметтік-саяси өмірі осылайша жалғасып жатты. Одан кейінгі сын сағат фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысына ұласып кетті.