Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Музейдегі орыс қылышының тарихы


Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залында орналасқан орыс қылышы келушілердің ерекше назарын аударады. Өткен ғасырдың басында құдіреті асқан Ресей империясы қаруының өзіндік қызықты тарихы бар.
ХІХ ғасырдың басында бүкіл Еуропаны бағындырып, «Қасиетті Римнің» императоры титулын алған Франция билеушісі Наполеон Бонапарттың жеңімпаз армиясын күйреткен Ресей империясы соғыстан титықтап шыққаны тарихта белгілі. Соғыстан кейін жарты ғасырға жуық Еуропаның жандармы атанған Ресей империясында қарулы күштердің әлеуетін жетілдіру мақсатында арнайы реформалар жүзеге асырыла бастайды.1815 жылы император І Александрдың жарлығымен Орынбор губерниясы, Златоуст қаласында қару-жарақ фабрикасының іргесі қаланады. Фабрика белгілі неміс металлургы Эверсман фон Август Фридрихтың жетекшілігімен салынып, Еуропаның орталық қалалары, сондай-ақ Тула, Олонец қалаларынан 100-ден астам арнайы мамандар шақырылады. Алғашқы 3 жыл бойы дайындық жұмыстары жүргізіліп, 1821 жылы қару-жарақтар шығарыла бастайды.
1829 жылдан бастап Златоуст гравюралары бірнеше халықаралық көрмелерден жүлделі орындарға ие болады. 1851 жылы Лондонда қола медаль, 1867 жылы Париж қаласында екі күміс медальдар, 1897 жылы Брюссельде алтын медальмен марапатталады.
1835 жылдан Златоуст қару-жарақ фабрикасы Ресей империясында суық қару шығаратын бірден-бір кәсіпорын саналды. І Жаһандық соғыста орыс армиясын 600 мың қылыш, қанжар және атты әскерге арналған сүңгілермен, ІІ Жаһандық соғыста Кеңес Одағы қарулы күштерін 583 мың қылыш, немістер «Шварцмессер» атаған 1 миллионға жуық қанжармен қамтамасыз етті. Одан кейін 1945 жылы 25 маусымда Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында шеруге шыққан әскерилер Златоусттың суық қарулары сәндік ретінде пайдаланды.
Аталған фабрикадан шыққан орыс қылышы қазіргі таңда музей қорындағы өте құнды экспонаттардың бірі болып табылады. Себебі, мұндай гравюраланған қылыштар өте сирек кездеседі. Қылыш музей қорына 1968 жылы өткізілген (Түгендеу нөмірі КЗМ КП 112/1). Жүзі болат темірден (сталь), сәл иіліңкі жасалып, жүзінен сабына дейін дола салынған. Қылыш бір жүзді (однолезвийный), ұзындығы – 890 мм, жүзінің ұзындығы – 745 мм, ені - 30 мм, салмағы – 750-800 гр. Қылыштың жүзі мен сабының түйіскен жеріне Ресей императоры ІІ Николайдың монограммасы (вензель), екінші жағына империяның екі басты самұрық бейнелі гербі оймаланып, сабы (рукоятка) арнайы гравюраланған металмен қапталып, жоғары жағына барыстың мүсіні орнатылған. Тарихи деректерге сүйенсек орыс императоры ІІ Николайдың арнайы жарлығымен Златоуст фабрикасынан 1909 жылы шығарылған қылыш, казак атты әскері офицерлеріне арнайы сый ретінде берілген.
Қазіргі уақытта Златоуст фабрикасы қару-жарақтарды кәдесый ретінде шығаратын кәсіпорынға айналған.

Г.Әубәкір,
Ақмешіт филиалының экскурсоводы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: