Бесарық өзенінің жағасында тұрғындар «Қостөбе» атап кеткен екі төбе бар. Оның тарихын ешкім дөп басып айта алмайды. Әйткенмен, мұнда жергілікті халық Шыңғыс ханның жорығы кезінде қоныстанған деседі. Жуырда осы төбе құпиясының күрмеуі шешіліп, ақиқаты ашылғандай болды. Төбе мұқият мән бергенге бөріктің пішініне ұқсас. Абызтөбе, Қаратөбеден айырмашылығы көлемі мен пішіні жағынан Ордакентке келеді. Осы өңірде балалық шағын өткізген ел ағасы Үмбет Абибуллаев: «Бала кезімде осы төбенің жанында талай қозы-лақ бағатынмын. Сол кезде күміс тиын тауып алып, анама бергенмін. Сол тиынның бір жақ бетінде шошақ бөрікті бір адамның бейнесі болған еді» деп еске алды. Тұрғындар өзеннің сол жағалауындағы төбені қорым еткелі қашан. Өткенде кісі жерлеуге ұя қазғанда көне дуалдың орны табылыпты. Халық бір кездері бұл жерден талай әдемі әшекейлер мен алтын бесік, күміс ыдыстар табылғанын әңгіме етеді. Сол секілді көне мекеннен көлемі 300 литрлік құмыра, садақ пен жебе, найза табылған. Бұл құнды жәдігерлер бүгінде облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының экспонатына айналған. Көне қалалар мен тарихи мекендер тізіміне енбей қалған Қостөбенің бүккен сыры бар. Бұл жай төбе емес, қала орны болуы ғажап емес. Бұл мәселені археологтарға қалдырған абзал. Алайда, осы бір қасиетті мекен жайында көнекөз қариялар мынадай керемет аңызды айтып қалды… Аңыз – ақиқаттың астары Бұл оқиға Ақтабан шұбырынды заманына сәйкес келеді. Бас көтерер биі қайтыс болып, ел тізгінсіз қалғанын пайдаланып, Қоқан хандығы тұтқиылдан шабуыл жасап, ұлды қынадай қырып, халықты езгіге салады. Бас сауғалап Қызыл¬құмға үдере көшкен жұрттың басым бөлігі кәрі-құтаң мен аш жалаңаш жесірлер еді. Осылардың арасында Байболат бидің ақ батасын алған Ноғайдың ақыны Айдарбектің қалыңдығы Салтанат та бар еді. Салтанат сұлулығымен талай серіні сүріндірген өте ажарлы қыз болыпты. Ақын жігіттің сөзін қабыл алып, уағдаласып, екі жақ та келісіп, той жасағалы жатқанда ел басына нәубет туып, «бір боламыз деген» серті адыра қалады. Бұл кезде Айдарбек Алтай асып, шығыс шайырларының өлкесіне, Амантайдың асына арнайы шақыртумен кеткен-ді. Серілік құрып, думан қуып келген жігіт елінің мүшкіл күйін көріп, от кеудесіне кек тұрады. Ебін тауып, қос ғашық кездеседі. Екеуі ұзақ түн сырласып, шер тарқатып, бір байламға келеді. Әкенің текті қаны мен ананың сүйекті ары үшін жауға тойтарыс берудің амалын ойластырады. – Қосыла алмадық деп каймықпа! Мынау атар таң біз үшін де, ел үшін де сын болғалы тұр. Ертең алмағайып күн туса, мына біздікті әжетіңе жаратарсың! – дейді. Қыз біздікті қолаң шашының арасына жасырып қояды. Екі жас болжағандай аман қалған адамдарды електен өткізіп, топ-топқа бөле бастайды. Қарияларды түгел қырып, еркек кіндікті құлдыққа жегеді. Қыздың сұлуын ханға, қалғандарын батырларға тең бөліп, тояттыққа береді. Сұлу қыз сөзсіз ханның шатырына жөнелтіледі. Қоқан ханы қыздың өте инабаттылығына тәнті болып, оған тоқалдық лауазымын береді. Тез арада сеніміне ие болып, «Шүйгін ханым» атанады. Хан сүйікті Шүйгінін сәттілікке балап, жүрген жерінде ертіп алып, ел басқару ісімен ақылдасып отырады. Бір күні хан ақын алдырып, сауық құрмақшы болады. Сөйтіп, ақын қонағына құрмет көрсетіп, домбыра ұсынады. Қоңыр даусы құлаққа жағымды ақынның әуеніне елітіп, қазақтың жыр-дастанына ұйып кетеді. Ақын суырып салма өнерімен өз өмірін әнге қосады. «Алтын біздік» деп аңырата жөнелгенде қыз шашын сипалақтай бастайды. Жүректен шыққан сөз әрдайым жүрекке жетеді емес пе?! Ән құшағына енгені сонша хан көзін жұмып қиялға беріліп кетеді. Осы тұста қыз шашының арасындағы біздікті суырып алып, ханның қақ жүрегіне сұғып алады. Осы жерде Қоқан ханы тілге келместен үзілді. Жігіт бар күшімен Қоқанның намыс жалауын жерге құла¬тып, тудың үстіне жамбастап жатып алады. Жауынгерлер жігітті тепкіге салады. Денесінен аққан қан тудың белгісін өшіріп, қызыл шүберекке айналдырады. Батылдығымен ажал құшқан екі жастың ерлігіне бас иген қоқандықтар мәйітін батырға лайық құрметпен жерлейді. Мыңдаған әскер қабіріне қос-қос уыс топырақ салып, бейіт төбеге айналады. Осылайша Қостөбе пайда болған деседі. Қосыла алмай өткен ғашықтардың белгісіндей болып қос төбенің етегін қақ жарып Бесарық өзені ағып тұр. Қос мұңлықтың тағдырына куә осы өзен екен.