Өткен ғасырдың орта шенінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қазақ даласында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ғылыми топ Шірік Рабат, Бәбіш-Мола, Бұланды, Ұйғарақ, Түгіскен секілді ежелгі өркениет ескерткіштеріне жасаған қазба жұмыстары нәтижесінде құнды деректерге қол жеткізеді. Бұл кейіннен жалпылама «Жетіасар алқабы» деген атаумен белгілі болды. Осы бір ен алқапты жайлаған қалалар тізбегінен қазақ мәдениетінің қайнарын көруге болады. Ежелден жеткен осындай тұрақтардың бірі – Шірік Рабат кешені. Сақ дәуірінен қалған сарқытымыз бүгінде басқаша пайымдалып, өзгеше зерделенуде. Шірік Рабат кешені Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай – 300, Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде орналасқан. Жетіасар алқабындағы ежелгі өркениет жауһары Жаңадарияның ескі арнасының сол қапталында орын тепкен. Шірік Рабат – құрылымы ерекше құрылыс. Зерттеушілер пікірінше, қамал-қабырғалардың сырты айнала су толтырылған орлармен қоршалған. Бір қызығы бүгiнге дейiн ғалымдар Шірік-Рабатты сақтардың астанасы деп пайымдап келді. Одан бөлек массагеттердің апасиак тайпасының орталығы деген пікір де кезігеді. Алайда, соңғы деректердің сарыны өзгеше болып отыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев қазір жаңа көзқарастың қалыптасып отырғанын айтады. Ғалымның өзінен археологиядағы жаңалықпен бөлісуін сұраған едік. Осыған дейін тайпалар орталығы саналып келген кешеннің қала орны болмай шыққанын естідік.
– Соңғы археологиялық жұмыстардан кейін бұл жердің халық қоныстанған орын емес екенін анықтадық. Керісінше, қорым болған. Яғни, сақтардың діни-рухани, ғұрыптық орталығы десек болады. Қала емес деуіміздің себебі бұл араның барлығы жерлеу орындары. Онда биіктігі 10 метрге жететін үлкен обалар, ғибадатханалар бар, – дейді археолог-ғалым.
Сонымен қатар, қайтыс болған адамдарды жуындыратын, орайтын, салттарын орындайтын арнайы бөлмелері де болған екен. Ал ғалымдардың қазірге дейін қала деп келуінің себебі басқада. Бірнеше қайтара қамалмен қоршалғандықтан, зерттеушілер мұны ерте замандағы шаһар деп есептейді. Дегенмен, олай болмай шықты. Әдетте, қала қорғаныстарының осылай мықты етіп салынатыны белгілі. Сонда қорымға мұндай биік бекіністер не үшін қажет болған?
Қазақ халқының ежелден аруақты қадірлеп, бабасына құрметпен қарағанын білеміз. Көшпелі жұрт аламанға түскенде «Аруақ» деп күш шақырып, дұға-тілегінде жеті атасына дейін тізіп түгендейді. Бейіт жанынан өткен қазақ ешқашан бет сипамай өтпейді. Осыған дейін үзілмей жеткен осы дәстүрдің қайнары қайда жатқаны енді аңғарылғандай. Әлгі биік бекіністердің салынуының бірінші себебі ен даланы жайлаған жұрт сонау есте жоқ ескі заманда-ақ өліге құрмет көрсетіп, қастерлеген. Баба рухын кие тұтқан.
Қорымды қоршау ішінде сақтаудың келесі себебі жауларының бейітті қиратуынан қорыққан. Бабаларымыз үшін аруақ бейітін дұшпандарының таптауы қорлықтың шыңымен пара-пар.
– Сондықтан бекіністерді күшейтіп, арнайы садақ ататын, әскер тұратын орындар жасаған. Біз қала деп келген кешеннің қорғандары да осындай. Бір қызығы, сол орынның жанындағы адам тұрған ауылдар керісінше бекініссіз. Яғни, өздері тұратын жерді сақтандырмаса да, жерлеу орындарының қорғанысына мән берген, – дейді археолог Әзілхан Тәжекеев.
Жергілікті археолог енді бұл тұжырымды Шірік Рабат экспидициясының жетекшісі, белгілі ғалым Жолдасбек Құрманқұловпен бірлесіп ғылыми айналымға енгізуді көздеп отыр.
Осы деректерді оқи отырып, бабаға деген құрметтің ықылым заманнан жалғасып келе жатқанын көруге болады. Бұл рухани үндестік, тарихи тізбек сан мыңдаған уақыт сынынан өтіп бүгінге жетті. Қазақ халқы басынан өткен тауқыметті, бәлкім, осындай баба рухының күшімен жеңген де болар. Ендігі мұрат құндылықтардың қадірін кетірмеу.
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ