1917 жылы 30 қазанда жұмысшы, солдат депутаттары кеңесінің өкілдерінің ұйымдастыруымен Перовск еңбекшілерімен жергілікті гарнизон салдаттарының митингісі болып, онда кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Перовск кеңесі өкімет билігін алғаннан кейін бірін-бірі қолдау қажеттілігі туралы нақты іс-шараларын ұсынып, Ташкент кеңестеріне хат жазды. Өзара көмек көрсету шараларын жасау мақсатында келісім жасау үшін Қазалыға бес адамнан тұратын делегация жіберілді. Осылайша, Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып кеңес өкіметі Перовскіде орнады.
1918 жылдың екінші жартысында Түркістан партия ұйымдарының өлкелік съезі өткізілді. Түркістан компартиясы ұйымының қалыптасуы Перовск партия ұйымдарын күшейтіп, жергілікті жерде жаңа партия ұйымдарының пайда болуына себепкер болды. Сыр өңірінде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары асыра сілтеушілік, әділетсіздік және жергілікті халыққа қиянат көрсету, зәбір-жапа шеккізу әрекеттері орын алды.
Перовск уезіндегі депутаттар Кеңесінің төрағасы Иосиф Гержоть басшы қызметте болған екі жыл ішінде(1918-1919 жж) оның жеке бұйрығымен 180-ге жуық адам заңсыз атылып, қалған мұсылман шаруаларының көпшілігі мал-мүлкінен айырылып, зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, басы ауған жаққа босып кеткен. Олар жол үстінде азып-тозып, аштықтан, ауру-сырқаудан қырылған.
Мұстафа Шоқай 1935 жылы Парижде басылып шыққан «Кеңестер билігіндегі Түркістан» атты кітабында «Перовскіде Гержоть деген әкім отырды. Одан тұтас бір халық қырғыздар (қазақтар) үдере көшті. Бұл үдере көшу барысында бір милионға жуық адам қырылды», - деп жазды.
Ақмешіт тұрғындарының 1918 жылы 20 мамырында Гержоттың үстінен жазған өтініштерінде ол қызметке кіріскен бойда уез тұрғындарына 3 милион сом салық салғанын, Ақмола облысына экспедиция жабдықтау үшін 4000 бас түйенің тартып алынғанын, Перовск түрмесінде ешқандай кінәсі жоқ 300-дей адамның қамалғанын хабарлайды.
Наразылықтар өрши түскеннен кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінен Перовскіге құрамында республика Орталық Комиетінің мүшесі Исламов, Ішкі істер комиссариатының нұсқаушысы Магнетштейн, Өлкелік директория өкілі Иванов және Жер істері комиссариатының өкілі Синев бар айрықша комиссия жіберілді. Комиссия мүшелері жергілікті жердегі жағдаймен таныса келіп, депутаттар Кеңесінің төрағасы Гержоть Орталық Өкімет нұсқауларына бағынғысы келмейді, еңбекшілердің, әсіресе, мұсылман шаруаларының ұсыныс-пікірлерімен санаспайды деген қорытынды жасайды. Мәскеуден келген комиссия да күнәсінің көптігіне күмән келтірмейді. Осыдан кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Перовск депутаттар кеңесі таратылып, орнына революциялық комитет тағайындалады. Гержоттың үстінен тексеру жүргізіліп, заңсыз әрекеттері үшін екі жылға бас бостандығынан айырылады. Иркутск қаласында жазасын өтеп жатқан Гержоть әйелінің үкімге наразылық білдіруімен кейін мерзімінен бұрын босанып кетеді. Тұрар Рұсқұлов пен Иса Тоқтыбаев Мәскеу билеушілерінің қарсылығына қарамастан оны қайта ұстатып, Орынбор түрмесіне жаптырады.
Жалпы алғанда, Перовскіде кеңес үкіметінің орнауы жергілікті халыққа үлкен озбырлықпен, ланкестік әрекеттермен, алдап-арбаумен тапқан табыстарын тартып алумен көрінді. Большевиктер мен ақгвардияшылардың қақтығысынан мыңдаған қазақ халқы зардап шегіп, шет елге үдере көшті.