Сыр өңірінде адамды тарих тереңіне жетелейтін ежелгі қалалар мен көне қоныстар баршылық. Солардың бірі – Қармақшы ауданында орналасқан Сортөбе қалашығы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында Сортөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарымен таныстыру мақсатында баспасөз туры өткізілді. Шараны облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі 15 тамыз –Халықаралық археологтар күніне орай ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Облыс көлемінде 532 тарихи-мәдени мұра мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, 237 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне алынған. Кейінгі жылдары облыс әкімінің тікелей ықпалымен құрылған облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңіріміздегі 9 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Отыздан аса ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді. Сонымен бірге, бірнеше жылдан бері Сығанақ, Жанкент және Шірік-Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеулер кешенді түрде жүргізіліп келеді. Енді, міне, үстіміздегі жылы Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасы. Әңгіме арқауына айналып отырған Сортөбе қалашығы ортағасырлық тарихи орындарға жатады. Қалашық Қармақшы ауданы Жосалы кентінен батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір бұл көне қалада археолог Ә.Тәжекеевтің жетекшілігімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізуде. Сортөбеде археологтар табиғи дайындалған тас тапты, одан қобыздың үлгісі айқын көрінеді. Бұл әзірге табылған ең құнды дүние болып отыр. Сонымен бірге ескі қалашықтың арасы Қорқыт ата кесенесіне дейін тура 10 шақырымдай. Демек бұл жерді де туристік нысанға айналдыруға мүмкіндік бар. – Қазіргі күні ескерткіш апатты жағдайда. Себебі, оның бір бөлігін Сырдария өзені шайып, қалашықтың сақталуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан да, бүгінгі күні археологиялық зерттеулердің басты мақсаты жедел түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды материалдарды анықтап, қала жөнінде толық мағлұмат алу болып табылады, – деді археолог Ә.Тәжекеев. Бұл жерден құмыра сынықтары, нан жабуға арналған тандыр пештер мен мыстан жасалған басқа да заттар табылған. Қазба жұмыстарының кезінде табылған көне заттарды саралаған мамандар бұл қаланы IX-X ғасырлардағы оғыздар салуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Сортөбеде археологтар жақында жұмыс істегеніне қарамастан, олардың жоспарында тағы үш метр тереңдікте қазба жұмыстарын жүргізбек. Сондықтан алдағы уақытта тағы да жаңалықтар болуы мүмкін.