Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қастерлі мекен, қасиетті топырақ

Қарт Қаратау мен ақшулан Арал аймағының арасын алып жатқан 226 мың шаршы шақырым ата қонысымыз 1938 жылдың 15 қаңтар күні Қызылорда облысы деген әкімшілік-аумақтық атауға ие болды.
Ата тегімізді құрайтын сақ-массагет тайпалары өмір сүріп, егіншілік пен отырықшылықты дамытқан қасиетті мекеннің біз үшін аты да, заты да қымбат.
Оғыз-қыпшақтардың ордасы, мәдениеті қанат жайған Жент пен Жаңақала, өркениеті өрлеген Өзгент пен Баршынкент, сауда мен қолөнері көркейген Асанас пен Сауран, тарихшылар «қыпшақ даласының гаваны» деп атаған салтанатты Сығанақ – біздің ұрпаққа ұлы сананы ұмыттырмай топырақтың қойнында, тарихтың ойында жаңғырып келе жатқан жәдігерлеріміз.
Парсы тайпаларының патшасы Кирден бері, Хорезмшах билігі, Шыңғысхан шапқыны, жоңғар жорығы, Бұхар бұғауы, орыс отаршылдығы сияқты қырғын мен сүргінді басынан өткізген найзалы бабаларымыз бен намысты даналарымыз жойылып кетуден аман алып шығып, бізге аманаттаған бұл мекеннің  қастерлі де киелі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Облыс аумағын көктей өтетін Сырдария – Сақ патшайымы Томиристің табаныма саламын деген Кир патшаның басын кесіп толқынына лақтырған, ұрпағына өлмес өмір іздеген ұлы дала ұзаны  Қорқыт кілем салып жүзген, «ақтабан шұбырындыда» сүт аққан көкірегімен қайғылы қазақты асырап, паналатқан, құс қанаты талатын алқаптағы аңқасы кепкен адыр мен құм суырған қырға нәр берген ұлы өзен.
Қызылорда облысының ауа райы өзгелер үйренісе алмайтын, өзіміз үшін қолайлы, тірлікке икемді климат. Қысы қысқа, желі болмаса, аязы мал терісінен өтпейтін әлжуаз, шамамен 19 градус нөлден төмен. Жазы ұзақ, аңызақ, желкем, күннің ыстықтығы 40 градустан жоғары көтерілетін кездер де кездеседі. Бұған аймағымыздың Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдала, және Тұран ойпатының қоршауында орналасуы әсер етеді. Түр-түсіміздің бидай өңді болып келетін себебі де осында.
Табиғатымыз бай. Шашын жайған жыңғыл, қоңырауын соққан шеңгел, гүлін төккен жиде, шөлге сән берген сексеуілді Сыр бойының негізгі бейнесінің суреті десек те болады. Бұл ағаштар тұрмысқа да, денсаулыққа да аса пайдалы. Мысалы, сексеуіл отынының он сағат қызуы қайтпайтын қасиетінен бөлек, аталарымыз осы ағаштың бойынан дәрі де алған, сабын да қайнатқан.
1946 жылдан бастап Ташкент әскери округі отыз жыл Қызылқұмның сексеуілін тасып, тауыса алмады. Бұл – бөлек сөз.
Біздің өлкеде 54 түрлі шипалы өсімдік өседі екен, олардың ішінде жусан, жалбыз, жантақ, мия сияқты көптеген аурудың емі болатын шөптер бар.
Аң-құстың мекені де осы өлке. Киік, қарақұйрық, құлан… өкініштісі, соңғы қырық жылда құланды қорықта бағатын болып қалдық. Жортқан аңнан – қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен, борсық, мәлін, ұшқан құстан – қызғыш, шағала, тырна, бірқазан, бүркіт, қарақұс, бөктергі, ителгі, лашын, күшіген Сырдың тоғайы мен көлінің, даласы мен көгінің ежелгі жаратылыстары.
Ертеректе бұл Сырдың қояны қойымен араласып, қырғауылы қыдыңдап алдыңа түсіп жорғалайтын. Осы көріністі бала кезімізде біз де көрдік. Әйгілі жиһангез әулие Асан қайғы Сырдың бойына келіп, «Әр бұтаңның түбі бір асым ет екен» депті дейді. Сол әулие мәңгі қонысына да осы өлкені таңдаған, Асан атаның сүйегі Шиелідегі Оқшы ата қорымына жерленген.
Сыр аймағы кен байлықтарынан да «біздерде мынадай бар» деп айта алатын ел. Облыста ас тұзы, сульфат, мирабилит шикізаттарының орасан қоры бар. Бүгінде отандық сапалы ас тұзының 60 процентін Қызылорда беріп тұр.
 Сондай-ақ, облыс көлемі кен байлығынан да кенде емес. Құрылысқа қажетті қиыршық тастар, әктас, тақтатас, шыны бұйымын жасайтын кварц құмы, гипс, алебастр, цемент балшығы, мұнай, газ, уран, мырыш – біздің жерде осылардың бәрі бар. Түсті металл кені бойынша республикада 3-орынды иеленеміз.  
Октябрь революциясына дейін уезд орталығы болып келген Қызылорда облысының өңірі БКП(б)-ның 15-ші съезі жаңаша әкімшілік-территориялық басқару жүйесін ендіргеннен кейін 1928 жылы Қызылорда округі болды. 1930 жылы округтар таратылып, Қазақстан бойынша 175 аудан құрылды. Осы кезде Қазалы, Қармақшы, Аламесек, Тереңөзек, Шиелі, Қызылорда аудандары Оңтүстік Қазақстанның құрамына енді. 1938 жылы Қызылорда өз алдына облыс атанып, құрамына 7 аудан кірді.
Қашаннан сүлейлер мен саңлақтардың отаны болған Сыр елі – Базар жырау, Шораяқтың Омары, Нұртуған, Тұрмағанбет, Бұдабай, Нартай сияқты ақын-жыршылар мен Әбілдә, Асқар, Қалтай секілді сөз зергерлерін өмірге әкелген өлке.  
Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысы жаңаша түлеп өсті. Дария бойына соғыстан соң салынған Тасбөгет гидроторабы ауыр көліктерді өткізуге қалт-құлт жарап тұрған-ды, осы өткел араға алпыс жыл салып, ұзындығы 307 метр жаңа көпірмен алмастырылды. Былтырғы жылы Сырдарияға ұзындығы 387 метр тағы бір заманауи көпір түсті. Бұл көпір қазіргі Қызылорда мен дарияның сол жағалауынан құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа қаланы байланыстырады. Жаңа аймаққа жүз мың тұрғын орнығады деп есептеліп отыр. Бұл үшін 15 шағын аудан, 20 мектеп, 40 балабақша бой көтермек.
Соңғы жылдары облысымыз ерекше қарқында дамуға қадам басты. Мұның мысалына облысымыздың 500-ге жуық жеткіншегі Ресей оқу орындарында грантпен білім алып жатқанынан бастап, облыстың өз тарихында алғаш рет ақ маржаннан рекордтық өнім алуы, өткен жылдың 10 айында ғана облыс экономикасына 165 млрд теңге тікелей инвестиция салынуы, бұрын болмаған құрылыс қарқынымен бір жылда 620 мың шаршы метрден астам тұрғын үйдің пайдалануға берілуі – өңіріміздегі барлық сала бойынша көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізгендігіміздің бірден-бір дәлелі.
Облысымыздың аграрлық өңірден индустриялық-аграрлық аймаққа айналуы – еңбек ырғағын бір сәтке баяулатпаған жерлестеріміздің бір жеңнен қол шығарған бірлігімен келген жетістік.
Бүгінде облыс тұрғындарының 60 проценттен астамы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Бұл жоба кіші және орта кәсіпкерліктің қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де дами түсуіне қолайлы жағдай туғызды.
Қанша жыл сөз жүзінде қалып келе жатқан шыны зауытының құрылысы қолға алынды, ол биылғы шілде айында іске қосылмақ.
Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орындарының бірі – «Шалқияны» дамыту қолға алынды. Уран өндірісі өрістей түсті, қара сланецті автоклавты түрде өңдеу жобасы жүзеге асырылу үстінде.
Елбасының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі біздің өңіріміздің айтылып отырған толайым табыстарына нақ берілген баға.  
Сондықтан да Қызылорда деп аталатын аяулы атамекен осы өңірдің нанын жеп, суын ішкен әрбіріміз үшін қымбат һәм қастерлі.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: