1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдайды. Ал 6 сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ автономиясы құрамынан шығарылды.
Перовск станциясы теміржол жұмысшылары Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жібереді. Қырғыз (Қазақ) АССР Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поез Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды.
Осы жерде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінен» үзінді келтірейік. «Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақынға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан Орынбор мен Ақмешіттің арасындағы көзді талдыратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құмдардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз.
Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған поезд Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта қисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мектебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар – бәрі жиналып, үкімет адамдарының вокзалдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Аржақ – бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг партия комитетінің секретары, бізге белгілі – Әбілхайыр Досов. Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көп адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі: арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем, белгілі ақындарымыздың бірі – Әбділда Тәжібаев екен.
Съезге келген делегаттарға арналған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда мекемелері жайғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақмешіттен қырық километр жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген. Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша жайғасты».