Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Құпиясы көп Құмиян

Археолог ғалымдар Сыр бойында көне қалалардың көптігін айтады. Оған дəлел боларлық құтты мекендер баршылық. Көпшілігі əлі күнге дейін ескерусіз қалып отыр. Соның бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құмиян немесе Мейрамтөбе шаһары. Құмиян жайында бірқатар ғылыми кітаптарда жазылған аз-маз дерек бар.
Оларда Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген қала екені айтылады. Одан əрі қарай «Қала Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында, 30 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр. Құмиян – тік төртбұрышты қала. Көлемі 210х180 метрге жуықтайды. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұна- раның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан.
Қорғанның сыртын ай- налдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық. Құмиянның ортасында көлемі 45х45 метр цитаделі бар» делінеді. Құмиянның солтүстік-батыс жа ғындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны көзге түседі. Өкі- ніштісі, оны зерттеген ғалымдар онда не болғанын тап басып айта ал- майды. Дегенмен жасаған жорама- лына сүйенсек, қала ішінде құрылыс жүйелері болуы əбден мүмкін. Ғалымдар Құмиянды зерттеу ба- рысында көптеген қыш ыдыстар- ды теріп алған. Олардың ернеуінде жапсырылған жиектері мен су тасуға арналған құмыралардың тұтқалары əсем жасалған. Археологтер қалада қолөнер жа- сау ісі жоғары деңгейде дамыған деген жорамалын жасырмайды. Өйткені ас ішуге арналған ыды- стар əсем безендірілген. Олардың ас¬тыңғы бөліктері дөңгелек болып келеді. Ыдыстардың көпшілігінде ақ ангобаның үстінен көк жəне қоңыр сырмен сызылған өрнектерді байқау қиын емес. Аталмыш дүниелерге пайдаланылған ыдыстардың бояу- лары Отырар қаласынан табылған ыдыстарға өте ұқсас екен. Бұл біздің қолымызға іліккен ғылыми деректер болып табылады. Əйтсе де, бұл қаланы кезінде кімдер зерттеді, ондай мəліметтерді кездестіре алмадық. Десе де, қай кезде де оған назар аударған ғалымдар аз емес секілді. Құмиянның өмір сүру кезеңі Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлармен сəйкес келеді. Сол бір кезеңдерде дария бойына жағалай қонған қалалар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүргені тарихта айтылады. Себебі, қайсыбір көне қаладағы сəулет өнері бір-біріне өте ұқсас екені байқалады. Құмиян атауы қайдан шықты? Оны зерттеушілер құм деген тіркеске қарай отырып, «құмдағы қала» дегенді білдіруі мүмкін де- ген жорамалын жасырмайды. Ал оның Мейрамтөбе деген екінші атауы жөнінде ешқандай болжам жоқ. Көнекөз қариялар да ол жайында тіс жарып ештеңе дей қойған жоқ. Енді əңгіме ауанын аңызға бұра кеткеніміз артық болмас. Құмиян немесе Мейрамтөбеде бір қария өмір сүреді. Сол қарияның жалғыз ұлы бар екен. Əлгі кейуана ішерге ас, киерге киім таппай жүрген кедей болған көрінеді. Қолында жар дегенде жалғыз ешкісі болған дейді. Бұл отбасы сол ешкінің сүтін қорек етеді екен. Артылған сүтті ыдысқа құйып, басқа бөлмеге сақтап қояды екен. Де- генмен кейуана күндердің күнінде мынадай жағдайды бастан өткізеді. Белгісіз біреу ыдыстағы сүтті ішіп, оның орнына бір ділдəдан қалдырып кетеді. Кейуана бұл құбылысқа таңғалып, осы жағдайдың себебін біле алмай, дал болады.
Бұл көрініс күнделікті қайталана береді. Бұрын қоңыртөбел тұрмыста өмір сүрген отбасы көп ұзамай-ақ байып шыға келеді. Осылайша күндер өтеді. Кейуана жұмбақ сырдың құпиясына үңілуге тырысады. Сол арқылы көңілдегі сауалдың түйіні шешіледі. Жұмбақ құбылыстың басты кейіпкері кəдімгі жылан екен. Қарияны көргеннен кейін жыланға тіл бітіп, өзі жайында ешкімге тіс жармауын сұрайды. Егер бұл құбылысты басқа адамдар сезіп қойса, бүкіл шаһар жыландар ша буы лына ұшырайтынын айтады. Дəулетті өмір сүре бастаған қарияның жағдайынан шаһар басшысы да хабардар болады. Оны арнайы шақыртып алады. Баю себебін сұрайды. Кейуана жыланның айтқаны есіне түсіп, жауап бермей, сытылып шығуға тырысады. Өкініштісі, шаһар басшысы нақты жауап алмайынша, қарияны босат- пайтынын айтады. Осыдан кейін қысым көрген кейуана болған оқиғаны баяндап береді. Содан соң жылан да көрінбей кетіпті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін қалаға жыландар шабуы лы басталып кетеді. Əркім қарақан басының қамын күйттейді. «Тұрымтай тұсы мен, балапан басымен» дегендей күй кешеді. Соның салдарынан Құмиянда тұратын халық қынадай қырылады. Бұл шабуыл- дан екі адам тірі қалып, қаладан қашып шығады. Алайда олардың соңынан бір жылан шығады. Екі кісі Бұқараға мал айдаған адамдарға қосылады. Болған оқиғаны оларға баяндап береді. Əлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, екіншісінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген азаматтар оларға соларды бастарына қойып тұруға кеңес береді. Олар дəл солай жасайды. Ысылдап келіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтаған екен. Осының арқасында əлгі екі адам аман қалғанға ұқсайды. Бұл Құмиянның құрып кетуіне себепші болған оқиғаның бірі ме екен? Басқа қандай жағдайлар себеп болды? Бəлкім, жаугершілік заманда жермен-жексен қирады ма екен? Бұл тұрғыда ешқандай нақты деректер кездесе бермейді. Өкініштісі, терең тамырлы тарихтан хабар беретін осындай көне қалалардың жер бетінен жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Осы маңда тұратын азаматтардың айту- ынша, Құмияндағы осыдан жарты ғасыр бұрынғы биік дуалдар өте аласарып қалған. Ендігі бір елу жылда оның жер бетінен құрып кетуі ғажап емес. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ.



Əділет ТАЛАПТАН
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: