Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Жалаңаш ата кесенесі


Жалаңаш ата кесенесі-ХҮІ ғасырдағы сәулет өнері ескерткіші. Жаңақорған ауданы № 26 бекеттен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырымдай жерде орналасқан.
Жалаңаш әулие де өзінің тылсымын бойына жасырып жатқан өзге де текті кісілеріміз секілді, әлі күнге дейін құпиясы ашыла қоймаған. 2002 жылы кесене қайта тұрғызылған, кесенені қайта салушылар Сайрам ауданының азаматтары – Абдулла қажының ұлдары – Сәбит, Хамит және Әбдірашит деген жігіттер екен. Бұлардың барлығы да ата тәрбиесімен халқымыздың тамаша салт-дәстүрін бойына сіңірген іскер азаматтар болған.
Кесене жерден ұшар басына дейін 7,5 метр болатын сегіз бұрышты болып келеді. Діни аңыздардағы «тозақ – жетеу, пейіш – сегіз» дегенге негізделсе керек. Жаңа кесене-күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, шеңберлі күмбезі мырышталған металдан жасалған. Ескерткіштің сырты жұлдыз пішінді, шығыңқы қасбеттен тұрады. Оңтүстік-батыс қабырғасының ортасына кесененің түкпіріне апаратын кіреберіс ойығы бар дәліз-дромос жалғанған. Негізгі аумақтың төрт бұрышы жауырыншалармен безендірілген.Осы бұрыштардың іргетасы үлкен тастардан қаланған. Күмбездің төменгі кертпеші бұрыштары доғаланып келген шаршы пішінді, ал жоғарғы кертпеші-дөңгелек болып келген.
Жалаңаш ата туралы жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша, көріпкел әулие болған, ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген делінген. Жазушы Дүкенбай Досжан «Жібек жолы» романында Жалаңаш ата көріпкел, әулие әрі жауырыншы болған деп жазған. Бұған дәлел Жалаңаш атаға арнайы соғылған кесененің ішкі бөлігі жауырыншалармен безендірілген. Ендігі бір деректерде Жалаңаш ата –жел киесі деседі. Әрбір құбылыста құдірет бар деп сенетін халық желдің киесін желбір-желексіз, жеңіл жүретін бейнеге теңейді. Табиғат құбылысындағы мазасыз әрекеттің жебеушісі Жалаңаш ата деп білген. Ол үнемі жортып жүретіндіктен, үстіне киім кимейді, аптапқа күймейді, суыққа тоңбайды. Қыста ақ қарды оранып жатса, жазда ағаш пен шөптің саясында тыныстайды. Сонда жел де тына қалады. Қырман сыпырып, тары ұшырып жатқан қырманшылар Жалаңаш атаға ысқырып хабар беріп, жел шақырады.Мұны естіген Жалаңаш ата қарғып тұрып желді жұмысқа жегеді деп ойлаған. Бүгінгі күні Жалаңаш ата кесенесі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш санатында. Сонымен қатар, кесене жөнінде толық ақпарат қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: