Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

ТАРИХ ТӨРІНДЕГІ ТОҚСАН ЖЫЛ


Қызылорда қаласының 200 жылдық тарихында көптеген мекемелердің өзіндік орны бар. Солардың бірі – Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі. Колледж тарихы бүгінде 90 жылға жуықтады.
Колледж Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасы, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп пен транспорт салаларына орта буын мамандар даярлайтын оқу ошағына айналды.
Оқу орнының тарихы сонау 1930 жылдан басталады. Сол жылы агро-индустриялы техникум ретінде құрылды. 1931 жылы осы техникум негізінде Қызылорда ауылшаруашылығы техникумы өз қызметін бастады. 1959 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына біріктіріліп, ауылшаруашылық техникумы болып аталды. 1971 жылы Қазақ ССР Ауылшаруашылық министрлігінің бұйрығы бойынша Қазалы ауылшаруашылық техникумы Қызылорда облысындағы Сырдария ауданына қарасты «Комсомол» совхозы аймағына көшіріліп, Қызылорда ауылшаруашылық техникумы болып аталды.
1977 жылы техникум Қызылорда совхоз техникумы болып қайта құрылды. Кейіннен ауылшаруашылық колледжі болып қайта жарақталған бұл оқу орнынан ұлан-байтақ еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дамытуға өз үлесін қосқан майталман азаматтар шықты. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Орынбасар Бәйімбетов пен Алдаберген Бейсенов, көп жылдар бойы облыс білім басқармасының меңгерушісі болған, педагогика ғылымдарының кандидаты Әли Мүсілімов бар.
Агроколледж негізін қалаған келесі оқу орны – Қызылорда политехникумының тарихы 1946 жылдан басталады. Нақтылап айтсақ КСРО Су шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Қазақстанның оңтүстік аймағы су жүйесін мамандармен қамтамасыз ету үшін Гидромелиоративті техникум құрылады. 1969 жылы жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты ол политехникалық техникум болып қайта құрылды. Кеңес Одағы кезінде бүкіл Одақ бойынша материалдық-техникалық базасы жағынан алдыңғы қатарда болған бұл оқу орнында 1200 оқушыға арналған оқу зертханасы, кабинеті, үш спорт залы, оқу және акт залдары, 1982 жылы іргесі қаланған 100 адамдық санаторий-профилакторийі болды. Бұл сол кезеңдегі тек Қазақстан емес, бүкіл Одақтағы үлкен жетістік еді.
Политехникум тарихында оның түлектері көптеп саналады. Атап айтқанда Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, бірнеше жыл Сырдария ауданының әкімі болған, белгілі кәсіпкер Әріп Хожбанов, белгілі композитор Рамазан Тайманов есімдері солардың қатарында құрметпен аталады.
1979 жылы КСРО жоғары және арнаулы орта оқу министрлігінің келісімі бойынша Қызылорда теміржол көлігі техникумы ашылды. 1982 жылы техникумның жаңа ғимаратының іргетасы қаланып, оқу комплексінің құрылысы басталды. 1983 жылы техникум тарихында тұңғыш рет 75 жас маман Қызылорда теміржол бөлімшесіне жолдама алып, қыры мен сыры мол мамандықты игеріп шықты.
Осы оқу орындарының білікті басшысы, ұстаздардың ұстазы бола білген азаматтар қатарында ауылшаруашылығы техникумын 23 жылдай басқарған Жалайыр Құлымғалиев, 1979 жылы жаңадан ашылған Қызылорда теміржол техникумының алғашқы директорлығына тағайындалған ұстаз-басшы Жамбыл Орманов секілді азаматтар еңбек етті. Қызылорда политехникумының тарихында жемісті еңбек еткен Арғынғазы Садықов 1997 жылға дейін техникум басшысы қызметін абыроймен атқарды.
1997 жылы Қызылорда ауылшаруашылық, политехникалық және теміржол колледждерін біріктіру арқылы қайта құрылған Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі өз қызметін бастады. Содан бері жұмыс істеп келе жатқанына да 20 жылдан асты.
Бүгінде колледждің оқу-материалдық базасын қалыптастыру, сапалы білім, саналы тәрбие беретін оқытушылар құрамын жасақтау секілді іс-шаралар жолға қойылған. 2003 жылдан соғыс және еңбек ардагері, техникум түлегі Исатай Әбдікәрімовтың есімі берілген оқу ордасы білім саласындағы өрелі істердің тоқсан жылға жуық тарихынан сыр шертеді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: