Соңғы жылдары Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 49 млрд. 378 млн. теңгені құрады. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 80 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде болды.
2012-2016 жылдар аралығында Қызылорданың төрінде жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық тұрғын жаңа пәтерге ие болды. 2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі, 2016 жылы Талсуат ауылдық округі табиғи газбен қамтылды. Нәтижесінде қаланы газдандыру көрсеткіші 95 пайызды құрады. Осы кезеңде 400 шақырымнан астам жолдар жаңғыртудан өтті.
Сырдария өзенінің бойынан барлық талаптарға сай келетін Тәуелсіздік даңғылы ашылды. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында заманауи үлгідегі жаңа қала жобасы қолға алынды. Сол жағалауды игерудің алғашқы қадамы Сырдария өзенінің екі жағалауын жалғап тұрған автокөлік көпірінің құрылысымен басталды. «Бәйтерек» мөлтек ауданынан жер телімдері табысталды.
Орталық алаңнан соңғы үлгідегі субұрқақ салынды. Тұңғыш Президент саябағы жанынан «Рәміздер алаңы» бой көтерді. Онда Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн, биіктігі 60 метрлік қасиетті Мемлекеттік Туымыз алыстан менмұндалап көрінеді. «Шиелі-Қызылорда», «Сырдария-Қызылорда» бағыттарынан кіреберіс қақпалар салынды.
2017 жылдың ең үлкен жетістігі – Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысының басталуы. Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттары салынуда. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.
Осы жылы Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді. «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға» ескерткіш аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды. Тұңғыш Президент саябағы жанынан жаңа демалыс саябағы салынып, «Ана бақыты» аллеясы ашылды.
Осылайша, соңғы бес жыл Қызылорда қаласы үшін табысы мол толайым жыл болды. Экономика өнімді, шаруашылық сенімді дамыды. Ең бастысы, шаһар өмірі – ең алдымен тынымсыз тіршілік пен ауызбіршіліктің, береке мен баяндылықтың үлгісі.