Facebook VK WhatsApp Instagram

Тарих

0

Туған жер – тұнған тарих 

Туған жердің әр төбесі тұнған тарих екендігі даусыз. Тек зер салып, терең үңіліп, зерттей білсек болғаны. Осы орайда, қазақ хандығының құрылуы, оның жеке ұлыс ретінде өзгелерге өзін мойындатуы, осы бағытта жасалған алғашқы саяси қадамдардың Шиелі топырағынан бастау алғандығын көпшілік назарына ұсынуды жөн санадық.

Біздің бұл мақаламыз қасаң қағидаларға негізделген тарихи фактілерге емес, журналистік зерттеу, топшылау, әдебиет және кейбір ауыз-екі әңгімелерді жиыстыра отырып салыстырулардан құралғандығын айта кеткіміз келеді.
Сонымен, қазақ хандығы туралы аз-кем тарихи фактілерге тоқталсақ. Қазақ хандығы өзін Ақ Орда хандығының негізгі мұрагері санайтындығын білеміз. Қазақ хандығының негізін қалаушылар осы Ақ Орданың бір кездердегі айбынды билеушісі Орыс ханның ұрпақтары. Орыс хан заманында Ақ Орда хандығы күшейіп, Сығанақ қаласы астана болған. Тіптен бұл хандықтың қуаты әйгілі Алтын Орда империясынанда асып кеткен кездері бар. Ақ Орда хандары мен Алтын Орда хандары кейде екі хандықты бірдей басқарған кездері де болған. Мысалы, Ақ Орданың айбынды билеушісі Орыс хан және оның ұлдары мен немерелері Алтын Орда хандығының тағына отырып, екі ұлысқа бірдей әмір жүргізген. Сонымен қатар, Сығанақты астаналық қала етіп, қазақ хандығына дейінгі кезеңдердегі бүгінгі қазақ даласындағы ру-тайпаларға патшалық еткен Әбілқайыр Шайбани және оның балалары да Ақ орда мен Алтын Орда хандықтарына бірдей патшалық еткен. Соңы қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек пен Керей және олардың кейбір балалары да Алтын Орда аумағына билік етіп, екі ұлысты тең ұстағандығын тарихтан білеміз. Бұның соңы мәселен, қазақтың қасқа жолды Қасым ханы мұқым Ақ орда, Моғолстан хандықтары мен жартылай Алтын Орда империясының жерін өзіне қаратып, Қазақ елінің керегесін кеңейткені өз алдына бөлек әңгіме. Осы, Қасым ханның тегеурінімен емес пе еді қазақтар Ақ Орда хандығының астанасы болған Сығанақ қаласы мен Алтын Орда империясының түпкі астанасы Сарайшықты жаулап, қазақ хандығының құрамына қосқаны.
Әлқисса, әңгіменің ауанынан сәл қиыс кеттік. Сонымен негізгі бағытымызға қайта оралсақ.
Шиелі топырағы, оның шөлі мен көлі, даласы мен тауы қазақ хандығының қалыптасу, пайда болу кезеңдеріндегі тарихи оқиғалардың бірден-бір куәгері болғанын білеміз. Мәселен, 1465 жылы Әбілқайыр Шайбанидан бөлініп, Сығанақтан үдіре көшкен қалың жұртты бастаған Керей мен Жәнібек сұлтандар Қаратауды бетке алып, бүгінгі Шиелінің тұсындағы Дарбазадан өтіп, ары қарай Сарысуды жағалай отырып, Жетісуды орталық еткен Моғолстан мемлекетінің шекарасына барып тұрақтайды. Сыр бойынан қотарыла көшкен қазақтың қалың көшін қамсыз өткізген Дарбазаның да өзіндік тарихи рөліне толық баға берілетін кез алыс емес. Жоғарыда сөз басында Алтын Орда және Ақ Орда хандықтарын бекер сөз еткен жоқпыз. Енді ойымыздың негізгі түйініне тоқталсақ.
Өзінің ұзақ жылғы қарсыласы Орыс хан өлгеннен кейін Әмір-Темір Алтын Орда, Ақ Орданы күйретіп, Сығанақ қаласын алған кезінде Шиелі тоғайының жанынан өзіне қызметімен жаққан адамға Вакуфтық грамотасын беріпті деген мәліметке кезігеміз. Вакуфтық грамота дегеніміз империяның сенімді адамына сол жердегі барлық су көздерінен, арық-каналдардан, жайылымдардан, саудадан жалпы халықтан түсетін салықты жинауға берілген құқық. Бұған қарап, біз Шиелі жерінде үлкен қамал, қаланың болғанын топшылай аламыз.
Тағы бір дерекке назарымызды салсақ. Ақ Орда мемлекетінің атақты патшасы Орыс ханның Сығанақты астаналық қала еткенін жоғарыда жаздық. Осы Орыс ханның шөберелері, қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Әз-Жәнібек хан таққа отырғаннан кейін Әбілқайырдың немересі Мұхамед-Шайбаниден өзінің атасы Орыс ханның ордасы қонған әйгілі Сығанақ қаласын тартып алып, мұқым Дешті-Қыпшақ даласын, халқын бір шаңыраққа біріктірмекке бекінеді. Осы Жәнібек хан 1470-71 жылдары Сарыарқадан Орта жүздің мың сан қолынан әскер құрап, Шиелі жеріне келіп, бекініп, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен өзінің баласы Қасым сұлтанды 50 мың әскермен Сығанақты алуға аттандырады.
Бұлар тапсырманы ойдағыдай орындап, астаналық қаланы қазақтарға қаратады. Осылайша ұзақ жылдар бойы Ақ Орда мен Алтын Орда хандықтарына бірдей елорда болған Сығанақ қаласы қазақ хандығының бірден-бір табан тірер тіректі ордасына айналады. Жәнібек хан өзіне заңды мұрагерлік жолмен берілуі тиіс астаналық қаланы амалсыз күшпен тартып алып, мұқым Мәуреннахр, Моғолстан және басқа да алыс-жақын мемлекеттерге қазақ елінің айбынын асқақтатады. Жәнібек ханның арқадан атақты аламандар жиып, Шиеліге келіп, бекініп, күш-қуат жинап, сол кездегі мұқым көшпелі жұрттың астаналық қаласы Сығанақты шауып, бағындырудың өзі үлкен тарихи оқиға еді. Міне, осынау астаналық Сығанақ қаласы алынғаннан кейін ғана қазақтар Сауран, Түркістан, Созақ, Жент, Сарайшық секілді іргелі қорғанды-қамалды қалаларды өзінің құрамына қосып алады. Негізгі орталық астаналық қала Сығанақтың алынуы қазақ хандығының іргесінің мықтап бекуіне, тұғырының берік қалануына негіз болғанды. Ал, бұл жолда, осынау тарихи сәттің ойдағыдай жүзеге асуына Шиелінің қосқан үлесі зор. Жалпы, Сығанақ қаласы Жаңақорғанға қарағанда Шиеліге екі есе жақын екендігін білеміз.
Шиелі топырағына қатысты тағы бір тарихи оқиғаны назарларыңызға салуды жөн санадық.
Әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқа¬көл сұлама» атты нәубетті жылдар халқымыз¬дың есінде. Тіптен, сол заманнан сыр шертетін әйгілі «Елім-ай» әні де өзіміздің Шиелінің Бестам қаласында жазылып, жұртқа таралғанын білеміз.
Осы оқиға орын алған 1723 жылдары жоңғардың қонтайшысы Цеван Рабдан (1663 -1727 ж.ж) Ташкент, Сайрам, Түркістан қалаларын жаулап алып, мұздай құрсанған 40 мың әскермен Жаңақорғанға келіп (Бүгінгі Жаңақорған кентінен солтүстікке қарай 5 шақырым жердегі ежелгі Урдакент қамалы болуы ықтимал) бекінеді. Жаңақорған жерін түгелдей жаулап алып, ендігі кезек Шиелі аймағына ауыз салуды мықтап жоспарлайды.
Бұл қалың қолға қарсы Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүз ханы Сәмеке бірігіп қарсы шықпақ болып, елге сауын айтып, әскер жинаған. Арқадан ат арытып, Сәмеке хан жеткенше Әбілхайыр хан Шиелі бекінісіне 15 мың әскермен келіп, орнығып, Орта жүздің қолын күткен екен.
Осы деректерден-ақ, біз Шиелі топырағы жоңғар жаулаушыларына қарсы ұйымдасқан алдыңғы шеп болғанын байқаймыз. Шиелі жерінде Арқа төсінен келетін аламандарды күтіп, күш жинап жатқан қазақтардың басы біріксе, өзіне айтарлықтай қауіп туғызатындығын білген жоңғарларда қарсы амал қолданбаққа бекінеді
Осылайша, Сәмеке келгенше Әбілқайыр хан басқарған кіші жүз қазақтарын бірінші болып шабуды ойлап, Цеван-Рабдан әскері Жаңақорғаннан шығып, қотарыла ілгері жүріпті. Бұл жайтты естіген Әбілхайырда қорғанда жатып, жауды күтуді дұрыс көрмей шығысты бетке алып, алдыға жүріп, Сығанақтан өте жазық жерде қамсыз жатқан жоңғар армиясына атай салып, соғыс ашыпты. Қан майданда жоңғарлар өздерінен саны әлдеқайда аз кіші жүздің Әбілқайыр хан бастаған әскерін қоршап алып, жойып жібермекке айналады. Осы кезде Сәмеке ханнан бұрын 3 мың әскермен Сыр бойына асығыс аттанған Баян батыр бастаған Көкшенің әскері Шиелінің Дарбазасынан асып жетіп, майданға кіріп, жауды ығыстырып, Әбілхайыр ханды қошаудан алып шыққан деген деректерге кезігеміз. Міне, осындағы қазақтың алғашқы хандарының бірі Әз-Жәнібектің, одан екі жүз елу жылдан кейін өмір сүрген Кіші жүз ханы Әбілхайыр хандар Шиелі жерінде бұл жер киелі болмаса неге жүр? Сол замандарда қазақтың қалың әскері Шиелі топырағынан соңғы атау-кересін ішіп, бойына қуат жиып, жаумен алысып, отанын қорғап, осы жерде соңғы демі үзіліп жатты. Алтай мен Атырау арасы, Арқа мен Орал даласынан келген отаншыл азаматтардың денесі Қазақ атты хандықтың шаңырағын шайқалтпаймын, керегесін құлатпаймын деп Шиелі топырағында мәңгілік байыз тапқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сондықтан, әйгілі Орыс ханға, оның ұлдары Керей мен Жәнібекке, қасқа жолды Қасым хандарға Шиелі топырағынан бір белгі соғылса құба-құп болар еді. 

Н.СӘДУАҚАСҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: