1912 жылдың наурыз айында осы өңірдің тумасы Нұрпейіс 100 өгізді 17 сомнан 1700 сомға сатып, қажылыққа баруға дайындалады. Мұсылмандық парызды өтеуге осы елден Қаңлы Нұрпейіс, Нұржан, Палымбет ишан және Жалағаш жақтан 30 жас шамасындағы бір табын жігіт, барлығы төрт адам шыққан. Олар жылқымен Қармақшыға барып, одан әрі пойызға мініп, Мәскеу қаласына жетеді. Мәскеуден Қырымға дейін қайта пойызбен, Қырымнан кемеге мініп, Қаратеңізден арқылы 12 күн жүріп, Түркияның Стамбұл қаласынан түскен. Осы жолда қызық орын алған. Теңізде қатты дауылдан кемеге су құйылып, матростар ұйықтамастан кемедегі суды шелекпен қайта-қайта төгіп әбден қалжырайды. Сол кезде Палымбет ишан Алла Тағаладан медет сұраған. Жел бірден сап тыйылып, толқын басылған. Кемедегілер бұл кісінің әулиелігіне тәнті болыпты.
Стамбұл қаласынан Меккеге дейін бәдәуилердің (көшпелі арабтар) түйесін таңдап, күннің ыстығында жол жүреді. Жолда бәдәуилер «мына кісілер байлар екен, ретін келтіріп ақшасын алайық» деп бір-бірімен келіскен көрінеді. Бұл сөздерді Палымбет ишан естіп, жанындағыларға «мыналардың бізді тонауға пейілдері бұзылып келеді» деп ескертеді. Өзара келісіп, бәдәуилерге бар жиғандарын беріп, Меккеге жеткен екен. Сол қажылық сапарда жалағаштық жігіт қайтыс болыпты.
Қасиетті жердің киелі кісілері
Нұрпейіс қажы қажылықтан зәм-зәм суын, жайнамаз, пенденің күнәсін өлшейтін таразы суреті салынған сандық (бұл сандық Шүкрия апайдың үйінде болған, қазір Шәкманның үйінде) әкелген. 1912 жылы наурыз айында шыққан жандар сол жылдың қазан айында, барлығы алты айдан аса уақытта қажылық сапарға барып келген. Ол кездегі Меккеге зиярат етудің осындай бейнеті, қиыншылығы болған.
Бұрынғы ХҮІІІ партсъезд, қазіргі А.Тоқмағамбетов елді мекенін тұрақ еткен Нұрпейіс қажы 1912 жылдың күзінде Меккеден келгенде ағасы Бейсенбай 61 жасында өмірден өтеді.
– Сол жылы Күлмаржан шешеміз ұл туады. «Әжіге барған жылы туды» деп есімін Әжімағанбет қояды. Одан қырық күннен соң Мүсілім баласының үйіндегі келіні ұл босанған. Оның атын «хажыға барған жылы туды» деп Хажмағамбет деп қойған. Кейін Әжімағанбет – Әжібай, Хажмағанбет – Қали аталып кетеді. Баланың екеуі де ұл болып, «көз өтеді» деп Қали ағайды көпке дейін қыз деп жасырып жүрген көрінеді. Қалидың алты айлығында шешесі Шүйкенбайдың қызы Бәти қайтыс болады. Күлмаржан шешем Әжітай мен Қалиды бірге бағып, ер жеткізеді. Ал Нұрпейіс әкеміз 1921 жылы 66 жасында мәңгілік сапарға аттанған, – дейді көзі тірісінде осы әңгімелерді жеткізген Әлиасқар Мүсілімұлы.
Небір зұлматты көрген халқымыз 1928 жылы байларды тәркілеу (конфескілеу) кезеңін бастан өткерді. Тәркілеу басталған тұста Нұрпейіс қажы әулетінде 300 қой, 300 сиыр, 90-95-тен жылқы, 50-60 түйе болған. Конфескіге ілікпеу үшін Әжітайға Оспанның қызы Қаншайымды алып берген. Бұл 1929 жылдың басы болса керек. Ол кезде Әжітай 17-ге, Қаншайым 18-ге толған. Содан мал өзара бөліске түскен. Қажының баласы Мүсілім қолы ашық, мырза болыпты. Сол мырзалықтың арқасында облыстан, ауданнан келген қонақтар осы үйге көп түсіпті. Соның нәтижесінде жаппай тәркілеуден аман қалған. Кейін малдардың барлығын Қызылордадағы базарға апарып, сатып жіберген.
1924 жылдарында Қазақстанның орталығы Орынборда бір оқу орнына Иса Тоқтыбаев директор болып тағайындалады. Ол кісі «ауылдың жиырма шақты баласын оқытамын» деп жастарды Орынборға алып кетеді. Солардың ішінде Қали мен Әжітайда болған. Ол екеуі оқып жүргенде ауылдан біреу «байдың балалары оқуға түсіп, оқып жатыр» деп арыз берген. Содан екеуі де оқудан шығарылады. Ауылға келген соң Әжітай ауылдық кеңесте хатшы болса, Қали бригадир болып жұмысқа орналасқан.
– 1931 жылы Омар Алтынбаев Қармақшы ауданында «Шегірткеге қарсы күрес» экспедициясының бастығы екен. Сол кісі Қали ағайды өзінің қарамағына техник етіп алады. 1932 жылы оны Әулиеатадағы алты айлық оқуға жібереді. Сол оқуды бітірген кезде Әулиеата ауданының соты Әбіш Мейірманов деген кісі «ауылдың баласы екенсің» деп оны жібермей, өзіне хатшы етіп жұмысқа алады. Қали ағай бізге «көшіп келіңдер, мен жұмыс бабымен қалдым» деп шақырған. Ол кезде байдың баласы деп Әжітайды қамап тастаған. Көкемді де (Мүсілімді) талай рет қамап, әурелеп жүретін. Біз Әулиеатаға көшетін болдық. Гүлмаржан шешеміз «елде қаламын» деп бізге ермей, Шүкірия апайдың қолында қалды. Ол кезде аштық жайлаған кез еді. Мүсілім көкем анасының мәсісінің ішіне ақша орап беріпті. Мен алты айлығымнан Гүлмаржан әжемнің тәрбиесінде болып, сол күні әжемнен ажырап, Әулиеатаға кеткен екенмін, – деді марқұм Әлиасқар ағай.
Елдегілер Әулиеатаға көшіп барып сот болған Әбіш Мейірмановты қонаққа шақырып, мейман етеді. Содан кейін үш күннен кейін оны ұстап алып кеткен. Сол кеткеннен елге оралмаған. «Халық жауы» деп атылған. Негізі, ол кісі Тереңөзек ауданы ХҮІІІ партсъездің адамы болған. Ә.Мейірмановтың ұлы Әли Әбішев Қызылөзек мектебінде бесінші сыныпта Әлиасқар Мүсілімұлына математикадан сабақ беріпті. Ол кісі кейіннен майданға алынып, елге оралмаған.
– Әбіш Мейірманов қамалғаннан кейін біз де Әулиеатада көп болған жоқпыз. Ол жақта 40 күн болыппыз. Бірден Қармақшыға көшіп келдік. Қармақшыға келгеннен кейін көкем Мүсілім шегіртке мекемесінің бір түйесін бақты. Бір күні «вагоннан шегірткенің уын түсіруге көмектес» деп апарғанда бөшкінің арасында қолы қалып қояды. Содан қолының бір саусағының ұшын кестіріп алады. Оны орамалға орап қойып, өзі қайтыс болғанда бірге көмген едік, – деді Нұрпейіс қажының ұрпағы.
Жалпы, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов елді мекенінен көптеген әулие кісілер, дарынды тұлғалар шыққан. Небір зұлматты жылдарды бастан өткерген олар осы төңіректен жырақ кеткен жоқ. Сондықтан бұл өлке киелі, қасиетті саналады. Бұл жерден түлеген тұлғалар да еліне қалтқысыз қызмет еткен.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»