Жаңадария өзенінің оң жақ жағасында орналасқан. Мұнара Жомарт деген адамның атымен аталғанымен, ол кісі жөнінде қазіргі таңда ешқандай мәлімет жоқ.
Мұнара жоспары шеңберлі, конус пішіндес, қам кесектен салынған. Кіретін ауызы оңтүстік-батысқа бағытталған. Жомарт мұнарасы құмтөбенің басына орналасқандықтан болса керек, басқа мұнаралармен салыстырғанда биіктігі әлдеқайда аласа. Құмның үстіне салынғандықтан бұл мұнараның астына қамыс төселмеген. Мұнараның төбесі күмбез етіліп жабылған. Іргетасы жоқ. Іргетасының орнына мұнараның табанына қалыңдығы 84- 85 см. болатын сабан қосып иленген сазды топырақтан (пахса) қалың етіп фундамент құйылған. Мұнараның едені де осы биіктікке дейін көтерілген. Кіретін ауызының пішіні төртбұрышты келген. Сыртқы бетінде мұнара биіктігінің жартысына дейінгі қабырғаға арматура ретінде сексеуілдің жұқа бұтақтары қоса қаланған. ( ұзындығы шамамен 30 см.). Өлшемдері: негізінен диаметрі 2,6 м, ал жоғарғы жағынан – 1 м; негізі тұсынан қабырғасының қалыңдығы – 0,9 м, жоғарғы жағынан 0,45 м; кесек өлшемдері 38х20х8 см.